Accessibility links

Экс-депутат Нұржан Әлтаевты Жезқазғандағы түрмеге этаппен әкетті


Нұржан Әлтаев. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.
Нұржан Әлтаев. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл.

Семейдегі №19 түрмеде отырған мәжілістің бұрынғы депутаты, "Ел тірегі" партиясын құру жөніндегі бастамашы топ жетекшісі Нұржан Әлтаевты Жезқазғандағы түрмеге этаппен әкеткен. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті белсендінің әйеліне хат жіберіп, осыны хабарлаған.

"Аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін" ұзақ жылға сотталып, жазасын өтеп жатқан Әлтаев не себепті басқа түрмеге ауыстырылғаны белгісіз. Комитет Азаттықтың бұл жөніндегі сауалына әлі жауап берген жоқ.

"Ел тірегі" партиясын құру жөніндегі бастамашы топ заңгері Нұрсұлтан Ермахановтың айтуынша, Әлтаевты этаппен алып кететіні жақындарына алдын ала ескертілмеген. Жақтастары бұл туралы 7 ақпан кешке білген.

– Семейде [Әлтаевтың] қасында отырған адамдарға туыстары кездесуге кіріп шыққан, сол кезде олар Әлтаевты алып кеткенін бізге айтып жіберген. [Әлтаевты] 7 ақпан таңертең әкеткен. Бізге ештеңе айтпады, тәртіп бұзбады, неге алып кетті деп алаңдап қалдық, – деді Ермаханов.

ҚАЖК 10 ақпанда Әлтаевтың әйеліне жауап жіберіп, қазір оның Қарағанды облысындағы №61 мекемеде екенін, ары қарай этаппен Жезқазғандағы №62 мекемеге әкететінін хабарлаған.

2023 жылы Астана соты Нұржан Әлтаевты 10 жылға бостандығынан айырып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салу туралы үкім шығарған. Сот Әлтаевты "аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін айыпты" деп тапқан. Бұған дейін өзіне тағылған айыпты теріске шығарған Әлтаев қылмыстық іс пен үкімнің "саяси астары бар" деп мәлімдеген. Әлтаевтың соты жабық өткен.

Нұржан Әлтаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметовтің жемқорлық ісі бойынша күдікке ілінген. Тергеу орындарының дерегінше, Әлтаев "Мырзахметовтің мемлекеттік тапсырыстар алуына септескен".

2003 жылы мамырда сот Абылай Мырзахметовке "мемлекет мүлкін жымқырды" деген айыппен бес жыл шартты жаза кесіп, мүлкін тәркілеуге үкім еткен. Абылай Мырзахметов – Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, премьер-министрдің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған Асқар Мырзахметовтің туған бауыры.

Әлтаев "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясынан алтыншы шақырылымдағы Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты болған. 2020 жылы Қазақстанда мерзімінен бұрын мәжіліс сайлауы өтер алдында оппозициялық партия құратынын мәлімдеген. Осыдан кейін "Нұр Отан" партиясынан шығарылып, депутат мандатынан айрылған. Кейін ол "партия құруға билік кедергі келтірді" деп бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG