АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі кеңесшісі Стив Уиткофф Ресейге барып, түрмеде отырған АҚШ азаматы Марк Фогельді еліне алып кетті. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц Фогель айырбас арқылы босатылды деп мәлімдеді. Оны кімге айырбастағаны айтылған жоқ. Вашингтон АҚШ азаматының босатылғанын Ресейдің "ізгі ниетінің" көрінісі және Украинадағы қақтығысты аяқтау жолындағы "жақсы нышан" деп атады.
Кейін Трамп Фогельмен жеке кездесті, мұны Ақ үйдің YouTube-тегі ресми арнасы тікелей эфирде көрсетті. Фогельдің сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин оған кешірім жасаған. Трамп Ресей тарапымен келісімді "әділ" деп атады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Фогельдің босатылғаны Ресей түрмесінде әлі Американың басқа да азаматтары отырғанын еске салады деді. Рубионың сөзінше, Трамп әкімшілігі олардың бәрін үйіне қайтаруға ниетті.
The New York Times газеті Марк Фогель Кремльмен келісім аясында босатылды деді, бірақ оның егжей-тегжейін ашып айтпады. Фогельді Стив Уиткоффтың ұшағымен алып кеткен деді. Газет Трамптың арнайы өкілі Мәскеумен АҚШ азаматын босату туралы жасырын келіссөз жүргізген деп жазды.
12 ақпан таңертең ресейлік ақпарат құралдары Вашингтоннан ұшып шыққан ұшақ Мәскеуге қонғанын жазды. Кремль Уиткоффтың Мәскеуге сапарына қатысты "ешқандай ақпарат жоқ" деген. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков АҚШ президентінің кеңесшісімен байланысу жоспарда жоқ деп айтты.
Мәскеу мен Вашингтон 14-16 ақпанда өтетін Мюнхен қауіпсіздік конференциясы алдында тұтқын алмасып отыр. Бұл жиын Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған.
Азат Еуропа/Азаттық Радиосы корпорациясының президенті Стивен Капус Фогельді түрмеден босап шыққанына байланысты құттықтады. "Бұл керемет және көптен күткен жаңалық! Марк Фогельді, оның отбасы мен Трамп әкімшілігін бұл жетістікпен құттықтаймыз", – деді Капус.
Израильдің ақпарат құралдары дереккөздерге сүйеніп, Уиткоффтың сапарына Газа секторындағы ХАМАС тобы кепілде ұстап отырған Александр Труфановты босатудың қатысы бар деп жазды. Труфанов – Израиль мен Ресей азаматы. Haaretz газетінің дереккөздері Уиткофф Израильге де барады деді.
- Фогель – Ресейдегі АҚШ елшілігінің бұрынғы қызметкері. 2022 жылы жазда Ресей соты оны есірткі контрабандасы ісі бойынша 14 жылға соттаған.
- Оны 2021 жылы тамызда Мәскеудің Шереметьево әуежайында ұстаған. Сол кезде Ресей билігі Фогельден есірткі табылды деп хабарлаған. Ол уақытта АҚШ азаматы Мәскеудегі ағылшын-американ мектебінде оқытушы болып істеген, дипломатиялық статусы болмаған.
- Соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, АҚШ азаматы кінәсін толық мойындаған. Фогель омыртқасына жасалған операциядан кейін медициналық мақсатта марихуана пайдаланғанын айтқан. Оның медициналық картасы мұны растайды. Фогельдің айтуынша, ол Ресейде медициналық марихуанаға тыйым салынғанын білмеген.
ПІКІРЛЕР