Нью-Йоркте АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың ісі қаралып жатқан сот процесінде 7 мамырда айыптау тарабының куәсі ретінде бұрынғы порноактриса Сторми Дэниелс сөйледі. Ол 2006 жылы Дональд Трамппен жақын қарым-қатынаста болғанын айтып, егжей-тегжейін баяндады.
АҚШ-тың бұрынғы президенті 2016 жылы Дэниелске содан он жыл бұрын болған оқиға жөнінде ешкімге тіс жармауы үшін 130 мың доллар ақшаны заңсыз төледі деген айыппен жауапқа тартылып жатыр. Дэниелстің сөзінше, өзі Тахо көліндегі курортта өткен гольф турнирі кезінде танысқан Трамп оны кешке асқа шақырған. Дэниелс келіскенін, бірақ екеуінің кездесуі кешкі аспен емес, басқаша аяқталғанын баяндады: Трамптың бөлмесінде порно бизнес, порно индустриядағы кәсіподақтар, Трамптың отбасы, қызы мен әйелі жайлы ұзақ әңгіме төсек қатынасымен біткен. Дэниелс Трамп оған өз телешоуына қатысуды ұсынғанын айтты.
Сторми Дэниелстің сотта не айтатыны көпшіліктің назарында болды. Бұрынғы президенттің 2016 жылы президенттік сайлауға шамалы ғана уақыт қалғанда Дэниелсті болған жайт туралы ешкімге айтпауға көндіруге тырысқаны және оған "ауызбастырық" ретінде кандидаттың сайлау қорындағы ақшаны пайдалануы Манхэттен прокуратурасының қылмыстық іс қозғауына және Трамптың үстінен қылмыстық іс бойынша қозғалған бірінші сотқа себеп болды.
Дональд Трамп Сторми Дэниелспен жақын қарым-қатынаста болмағанын айтады.
Сарапшылардың пікірінше, прокурорлардың Дэниелсті куә ретінде тарту туралы шешімі ол келтірген деректің шындық екені күмәнді деген уәжбен айыптау тарабының өзіне қарсы қолданылуы мүмкін. Өйткені 2018 жылы Дэниелс Трамппен екеуінің арасында ештеңе болмағанын көптің көзінше мәлімдеген еді. Трамп адвокаттары Дэниелстің Трамппен жақын қарым-қатынаста болдым деген сөзі – ақша табуды көздеген адамның ойдан шығарған өтірігі дейді.
ПІКІРЛЕР