Accessibility links

"Терроризмді насихаттады" деп сотталған Мәженовтің анасы: Ұлымды түрмеде-ұрып соққан, азаптаған


Дадаш Мәженов сот залында отыр. Щучинск қаласы. 22 қазан 2018 жыл.
Дадаш Мәженов сот залында отыр. Щучинск қаласы. 22 қазан 2018 жыл.

"Терроризмді насихаттады" деген айыппен 7 жыл 8 айға сотталып, жазасын Қызылордадағы ЗК-169/1 түрмесінде өтеп жатқан Щучинск тұрғыны Дадаш Мәженовтің анасы ұлының өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағады. Ирина Мәженова Қаңтар оқиғасынан соң түрмеде ұлын ұрып-соққанын айтады.

- Ол отырған уақыттан бері үш мәрте азаптауды басынан өткізді. Шымкенттегі азаптаудан соң оны Қызылордаға ауыстырған еді. Азаптауға қатысты жүрген соттардың бәрі түсініксіз жағдайда аяқталды. Қолымызға соттың қаулысын берген жоқ. Іске Қазақстандағы халықаралық адам құқығын қорғау бюросы араласқан. Ал Қаңтар қырғынынан соң оны мекеме қызметкерлері дубинкамен ұрып, "сендер Груз-200-сіңдер" деген. Бұл сонда өліксіңдер дегені ме? - дейді Ирина Мәженова. (Груз-200 – әскери жаргон, соғыста қаза болғандарды жеткізетін табыт).

Ол баласына төніп тұрған қауіп туралы тек сәуір айында естігенін, наурыз айында баласын ұрып жағын сындырып, ол емханада емделгенін айтады.

- Мен оның емханада жатқан жерінен видео да түсірдім. Балам аман шықпай ма деп қорқамын. Оның қамау орнын өзінің мекенжайына ауыстыруын талап етемін. Өйткені оған қызмет бабын пайдаланып қоқан-лоққы жасайтындар қасында жүр. Жақын жерден бақылау жасай аламын, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Қызылордадағы ЗК-169/1 мекемесіне хабарласқан еді. Мекеме басшысының орынбасары майор Қайрат Олжабаев Дадаш Мәженовке қатысты анасының шағымын жоққа шығарды.

- Біз оны [Шучинскіге] ауыстыра алмаймыз. Оған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тексерулер жиі болып тұрады, депутаттар да қарап кетті. Жағдайы бірқалыпты. Ол камерада отыруы керек еді, енді оны төрт адамға көбейтеміз деп отырмыз. Оның мінез-құлқы жақсы. Ол қазір қазақ тілін үйренгісі келеді, - деді ол.

Щучинск тұрғыны, 34 жастағы жас кәсіпкер Дадаш Маженовтің қамауда отырғанына биыл төртінші жыл. Оны әлеуемттік желідегі аккаунтына діни аудио жариялағаны үшін "терроризмді насихаттады" деген айыптап, 2018 жылы 7 жыл 8 айға соттаған. Мәженов айыбын мойындамаған.

Дадаш Маженовпен бірге Щучинск қаласының тағы бір тұрғыны Ғалымжан Әбілқайыровты та Ақмола облысы Бурабай аудандық соты 2018 жылдың 19 қазанында 7 жыл 7 айға бас бостандығынан айырған еді. Ол қазір жазасын Тараздағы түрмеде өтеп жатыр.

Ғалымжан Әбілқайыров абақтыға қамалған жылы ол тұрып жатқан Шучинскідегі көп қабатты үйде орган өкілдері “бомба қойылған” деген дабылмен тексеру жасаған. Әбілқайыровтың таныстары осы оқиғадан соң оның әйелі Жадыра Бекенованың буллингке ұшырап, кейін өзіне қол салып, қайтыс болғанын айтқан.

Дадаш Мәженовтің ісі АҚШ халықаралық дін бостандығы туралы комитеті (USCIRF) есебіне енген. Оған қатысты жасалған азаптаулыларды HRW халықаралық ұйымы да 2020 жылғы есебінде атап көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG