АҚШ билігі ел аумағынан депортациялаған колумбиялық азаматтар мінген америкалық әскери ұшақтарды қабылдаудан бас тартқан Колумбияға қарсы санкция салмақ ниетте. Бұл туралы 26 қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Колумбия президенті Густаво Петроның АҚШ-тың заңсыз мигранттарды еліне қайтармақ болған ұшақтарды қабылдамау туралы шешімі "АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне қауіп төндірді" деп жазды Трамп Truth әлеуметтік желісінде.
АҚШ президенті өз әкімшілігіне Колумбиядан әкелінетін барлық тауарға 25% баж салығын дереу енгізуді жүктеген және алдағы уақытта ол тағы көтерілетінін айтқан. Бұған қоса Трамп Колумбия үкіметінің ресми өкілдеріне және "олардың жақтастарына", соның ішінде олардың отбасы мүшелеріне виза шектеуін енгізуді бұйырды. Сонымен бірге Колумбияға қаржылай санкциялар салынатын болады деген ол.
"Бұл шаралар тек бастамасы ғана", – деп жазды Трамп. Ол "Колумбия үкіметінің АҚШ-тан депортацияланған азаматтарды қабылдайтыны жөнінде алған заңды міндеттемелерін бұзуына жол бермейтінін" ескерткен.
Трамп әкімшілігі президент жариялаған шаралардың қолданысқа енгізілгенін әзірше ресми түрде жариялаған жоқ. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметі бойынша, АҚШ Колумбияның ең ірі сауда серіктесі саналады. Колумбия болса, АҚШ-тың Латын Америкасындағы сауда-саттық көлемі жағынан үшінші орында тұрған ел.
Бұған дейін Колумбия президенті, солшылдар өкілі Густаво Петро X әлеуметтік желісінде АҚШ билігі мигранттарға "құрмет танытып және ар-намысына нұқсан келтірмей" қарай бастағанға дейін АҚШ-тан Колумбия азаматтарын депортациялаған әуе рейстерін қабылдамауды бұйырғанын жазған. Оның сөзінше, АҚШ билігін қаламайтын адамдарды сол елде қалдыруға ешкім мәжбүрлей алмайды, бірақ депортациялау процесін басқаша, адамгершілік тұрғыдан ұйымдастыру керек.
Трамп баж салығы мен санкциялар енгізетіні туралы жазбаларын жариялағаннан кейін Колумбия президентінің әкімшілігі президент АҚШ-тан Колумбияға депортацияланатын колумбиялық азаматтарды лайықты жағдайда елге жеткізу үшін өз ұшағын беруге әзір деп хабарлады Х әлеуметтік желісінде. Трамп пен АҚШ өкілдері бұл бастамаға байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Трамп президент қызметіне кіріскен алғашқы күннен – 20 қаңтардан бастап Ақ үй әкімшілігі елде ешқандай құжатсыз жүрген мигранттарды депортациялау бойынша ауқымды науқан бастаған. Бұл – президент сайлауына республикалық партиядан түскен Трамптың сайлау алдында берген уәделерінің бірі болатын.
Кейінгі бір апта ішінде АҚШ үкіметі Мексикамен шекарадан баспана іздеп келген адамдардың АҚШ-қа кіруіне тоқтау салды, ел аумағында заңсыз жүрген мигранттарды өз отанына депортациялайтын арнайы әуе рейстерін ұйымдастырды. Латын Америкасының бірқатар елі, соның ішінде Мексика мен Бразилия АҚШ билігінің бұл әрекетін сынға алды. Колумбия сияқты, Мексика да депортациялау ұшақтарын қабылдаудан бас тартты, бірақ Трамп әзірге ол елге қарсы санкция жариялаған жоқ.