Accessibility links

IPHR Астананы сатиралық паблик авторы Темірлан Еңсебекті босатуға үндеді


Темірлан Еңсебек
Темірлан Еңсебек

Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің Алматыда ұсталып, қамауға алынуы қылмыстық заңнамадағы "түсініксіз сөздер теріс қолданылатыны жөнінде елеулі алаңдаушылық туғызады" деп мәлімдеді International Partnership for Human Rights (IPHR) халықаралық құқық қорғау ұйымы.

Еуропада орналасқан халықаралық ұйым 27 қаңтарда таратқан мәлімдемесінде Еңсебектің үстінен іс қозғауға негіз болған Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі "араздық қоздыру" бабы билікке сын айтқандарды жауапқа тарту үшін осыған дейін де бірнеше рет қолданылғаны айтылған.

"Бейәдеп сөздеріне қарамастан әлеуметтік желілерде кең таралған әнді жариялағаны үшін түрмеге отырғызу қаупін төндіретін қылмыстық қудалау – оның іс-әрекетіне барабар жауапқа жатпайды", – деді құқық қорғау ұйымы.

Темірлан Еңсебекке "Йоу, орыстар" атты әнге бола "алауыздық тудырды" деген айып тағылып отыр. Сатиралық паблик мазмұнында дөрекі сөздер бар даулы әнді осыдан бір жыл бұрын, ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстанда орыс тілі кемсіту көріп отырғаны жайлы мәлімдемесіне реакция ретінде жариялаған еді (Қазақстан сыртқы істер министрлігі Канделакиді сол мәлімдемесігнен кейін нон-грата тұлғалары тізіміне қосқан). Қазақстанда ол әнге тыйым салынбаған: әртүрлі аккаунтарда әлі тұр.

IPHR бұған қоса Қазақстанда "Сатира қылмыс емес" деген жазуы бар плакаттар ұстап, Еңсебекті қолдап пикетке шыққан адамдардың әкімшілік қамауға алынып, айыппұл арқалағанына назар аударған. Пикетке шыққандар Темірлан Еңсебек көбіне жоғары лауазымды шенеуніктерді мысқылдап, әжуа еткен әзілдері үшін қудалауға түсті деп есептейді.

Бұл жағдайға берген түсініктемеде полиция Еңсебек сатираға бола емес, "араздық қоздырғаны" үшін, ал оны қолдап пикетке шыққандар – бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартылған деп айтты.

IPHR Еңсебек "Қазақстанда өзгеше ойлауды қудалау мен ресми ұстанымдарға қарсылық танытушыларға төнер қауіп күйшейіп жатқан шақта" қамауға алынды деп мәлімдеген. Ұйым өткен аптада Женевадағы сессияда Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы талқыға түскен кезде БҰҰ-ға мүше елдер бұл үрдістерге алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның бейбіт жиындар туралы заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге шақырғанын атап көрсеткен.

"Үкімет осы үндеулерге құлақ асып, адам құқықтарын сақтауға бейіл екенін көрсетуі керек. Еңсебекті және оны қолдағаны үшін қамауға алынғандарды босату осы мақсатқа жету жолында жасалған маңызды қадам болмақ", – деген IPHR.

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған "ұлтаралық алауыздық қоздырды" деген айып тағып отыр. Еңсебек күдікті деп танылған баптың санкциясында айыппұл, бостандығын шектеу немесе екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас еркіндігінен айыру жазасы қарастырылған. Еңсебектің адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, оның қорғауындағы сатиралық паблик авторына қарсы іс қозғап, тергеу бастауға әлеуметтік желіні бақылайтын полиция қызметкерінің рапорты негіз болған.

XS
SM
MD
LG