АҚШ президенті Дональд Трамп Иордания, Египет және де, бәлкім өзге де араб елдерінің басшыларымен Газадағы палестиналықтарды уақытша паналата тұруға көндіру мақсатымен келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Мұны Reuters агенттігі хабарлады.
АҚШ-тың жаңа үкіметі Газада қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін шамамен бір жарым миллионға жуық палестиналықты қоныстандыра тұру жөнінде ұсыныс айтып отыр. Бірақ, Трамптың сөзінше, оларды уақытша көшірумен қатар ұзақ мерзімге қоныстандыру да ұсынылады.
Трамп соғыс Газа секторын қиратып кеткенін және қазір ол жерде өмір сүру мүмкін емес екенін айтқан.
Бұған дейін Трамптың Таяу Шығыс аймағындағы өкілі Стив Виткофф та палестиналықтарды Газадан басқа елдерге, соның ішінде Индонезияға көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтқан еді.
Джакарта Ақ үйдің жоспары туралы ештеңе білмейтінін мәлімдеді. Индонезия сыртқы істер министрлігі бұл елдің соғыстан қираған Газа секторын қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін хабарлады.
Бұған қоса Трамп салмағы 2000 фунт (шамамен 900 келі) бомбаларды АҚШ-тан Израильге жеткізуге салынған тыйымды алып тастағанын хабарлады.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден былтыр мамырда енгізген бұл тыйым ХАМАС тобы Газа секторынан Израиль аумағына шабуыл жасағаннан кейінгі кезеңдегі АҚШ-Израиль қарым-қатынасындағы ең үлкен дағдарыстардың біріне себеп болған еді, деп хабарлады Axios.
АҚШ пен Еуроодақ террористік деп таныған ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасаған. Салдарынан мыңнан астам адам қаза тауып, ХАМАС 250-ге жуық адамды кепіл ретінде ұстап, Газа секторына алып кеткен.
ПІКІРЛЕР