Израиль Газа секторының тұрғындарына солтүстікке баратын жолды ашты. Газа секторын ішінара бақылап отырған палестиналық ХАМАС тобы (АҚШ пен Еуропа одағы террористік деп таныған) кепілде ұстап отырған израильдік Арбел Яғуд пен тағы екі тұтқынды 31 қаңтарға дейін босатуға уәде еткеннен кейін Израиль осылай жасап отыр.
ХАМАС Яғуд пен тағы екі адамды 2023 жылғы 7 қазанда Израиль аумағына шабуылдаған кезде тұтқынға алып, Газа секторына алып кеткен.
Агенттік жүргізіп жатқан тікелей трансляциядан мыңдаған палестиналықтың, көбі жаяу-жалпылап Газа секторының солтүстігіне қарай бет алғаны көрінеді. Олардың көпшілігі бір жылдан астам уақыт бұрын ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылына қарымта ретінде Израиль әскери операциялар бастаған кезде үй-күйін тастап бассауғалап кетуге мәжбүр болды. Газадағы, әсіресе сектордың солтүстігіндегі ғимараттардың көбінің сау-тамтығы қалмағандықтан адамдар қиранды басқан жерге оралып жатыр. Болжам бойынша, солтүстікке барлығы 650 мыңға жуық тұрғын оралмақ.
Израильдің Газа тұрғындарына сектордың солтүстігіне баратын жолды ашатыны қаңтардың ортасында, атысты уақытша тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы араағайындардың көмегімен жасалған келісімде қарастырылған. Бірақ 25 қаңтар, сенбі күні ХАМАС кепілге алынған төрт израильдік әйел сарбазды босатқаннан кейін Израиль бұл топ алдымен бейбіт тұрғын Арбел Яғудты босатпай, келісім шартын бұзды деп мәлімдеді. Израиль ол әйел босатылмайынша Газа тұрындарына солтүстікке өтуге рұқсат бермейтінін айтқан.
ХАМАС араағайындарға Яғудтың тірі екенін және келесі сенбіде босатылатынын хабарлады, бірақ кейін оны ертерек босататынын айтты. Онымен бірге әскери қызметкер Агам Бергер мен кепілге алынған тағы бір адам босатылады деп хабарланды. Бұл "кестеден тыс" болады – ХАМАС кепілде ұстап отырған тағы үш адам сенбі, 1 ақпанда босатылады, деп хабарлады The Times of Israel басылымы.
Кейінгі мәліметтер бойынша, 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасалған жиһадшылар шабуылы кезінде ұрланған 90 адам әлі Газада қалып отыр. Олардың арасында ондаған адам өлдіге саналады.
Газа секторындағы атысты тоқтату келісімінің бірінші кезеңінде ХАМАС босатуға тиіс кепілге алынғандар тізімінде 33 адам бар. Қазіргі сәтке дейін олардың жетеуі босатылды. Израиль бұған жауап ретінде өз аумағындағы түрмелерден жалпы саны екі мыңға жуық палестиналықты босатты.
2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы Израильге жасаған шабуылдың салдарынан 1200-ге жуық адам қаза тапты, 250-ге тарта адамды ХАМАС Газа секторына күштеп алып кетті. Одан кейін Израиль қарымта ретінде жүргізген әскери операция барысында, палестиналық тараптың дерегінше, сектордағы 47 мыңға жуық адам өлген, Израиль армиясы бірнеше жүз адамынан айырылған.