26 қаңтар таңертең Балтық теңізінде Латвия мен Швецияны байланыстыратын теңіз астындағы талшықты-оптикалық желі зақымдалғанын Латвия билігі хабарлады. Ол желі "Латвия мемлекеттік радио және телевидение орталығы" мемлекеттік акционерлік қоғамына тиесілі.
Желі зақымдалғанын кейін Швеция билігі де растады. Жексенбінің кешінде Швеция прокуратурасы диверсия жасалған болуы мүмкін деген күдікпен тергеу бастағанын және теңіз табанындағы желіні бүлдіруге қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген кемені ұстағанын хабарлады. Бұл ақпаратты прокуратураның мәліметіне сүйеніп агенттіктер таратты. Ұсталған кеменің атауы қандай, кімнің кемесі екені және өзге де деректер берілмеді.
Бұған дейін Латвия мәліметтерді жіберуді бақылау жүйесі Латвияның Вентспилс порты мен Швецияның Готланд аралын байланыстыратын учаскеде ақау тіркегенін хабарлаған.
Хабарламада желі "сырттан болған әсерден" зақымдалған деуге негіз бар деп айтылған. 50 метрден астам тереңде теңіз табанында жатқан байланыс желісіне нақты қандай зақым келгені, оның аумағы әзірге анықталған жоқ. Латвиядағы қолданушылар байланыссыз қалған жоқ, олар деректер жеткізудің басқа бағыттарын пайдаланып отыр деп хабарлады билік орындары.
Delfi жаңалықтар порталының хабарлауынша, Латвия қарулы күштері Балтық теңізіндегі байланыс кабеліне зақым келтірген болуы мүмкін кемені анықтаған. Әскери-теңіз күштері Ресейге бет алған, "Михалис сан" кемесін тексеруге патруль қайығын жіберген. Латвия әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Марис Поленц кемеден күдікті ештеңе байқалмағанын, оның зәкіріне зақым келмегенін айтты. Швеция билігі ұстаған кеме осы ма, әлде басқа ма, ол жағы әзірше белгісіз.
Оқиғаға байланысты Латвия премьер-министрі Эвика Силиня жауапты министрліктер мен қызметтерді шақырып жиын өткізді. Оның айтуынша, теңіз табанындағы байланыс кабеліне Швецияның экономикалық аймағында зақым келгенге ұқсайды. Латвия премьер-министрі мәлімдегендей, осы оқиғаны тергеуге швед жағалау күзетін тарту туралы ұсыныс жасалған.
"Швеция бізге қажет кез келген көмекті беруге уәде етті", – деген оның сөзін келтірген Дельфи порталы. Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон өз елі бұл оқиғаны тергеу ісінде Латвиямен белсенді түрде ынтымақтаса әрекет ететінін атап айтты. Іс-әрекеттер НАТО деңгейінде үйлестірілмек. Альянс қаңтар айының басында Балтық теңізіндегі суасты желілерін қорғау миссиясын бастағанын хабарлаған.
Кейінгі айларда Балтық теңізінде (кейінгі оқиғаны қоспағанда) екі рет – телекоммуникация және энергетикалық байланыс желілеріне зақым келтірілген. Кук аралдарының туын көтеріп теңізде жүзіп жүрген "Игл С" танкері, кейбір хабарларға қарағанда, ресейлік "тасадағы флотқа" кіреді. Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағаны үшін Батыс салған санкциялар қыспағында қалған Ресей ол тыйымды "тасадағы флоттың" көмегімен айналып өтіп, шетелдерге мұнай сатуға пайдаланады. Қазір "Игл С" танкерін Финляндия тұтқында ұстап отыр. Эстония мен Финляндия арасын теңіз табаны арқылы жалғап тұрған Estlink 2 желісіне дәл осы кеменің зәкірі зақым келтірген деген болжам бар.