Қытай хакерлері АҚШ қаржы министрлігінің компьютер жүйесін бұзып, компьютерлер мен құпия емес құжаттарға қол жеткізді. Бұл туралы министрлік өкіліне сүйенген "Америка дауысы" сайты хабарлады. Компьютер желісін бұзды деген Advanced Persistent Threat (APT) хакерлер тобын Қытай демеп отыр деп айтылды.
АҚШ қаржы министрлігі бұл туралы сенаттың банк, тұрғын үй және қала шаруашылығы комитетіне хат жолдаған. Министрлік желісіне киберқауіпсіздік қызметін ұсынатын BeyondTrust деген компания арқылы бұзып, қол жеткізген.
Қаржы министрлігі хакерлердің желіні бұзғанын 8 желтоқсанда білген. Хакерлер тобына байланысты кез келген шабуыл – министрлікте киберқауіпсіздік саласындағы маңызды оқиға деп саналады. Хакерлер қаржы министрлігінің компьютер желісіне әлі де қол жеткізе алады деген ақпарат жоқ.
Қаржы министрлігі кейінгі төрт жылда киберқауіпсіздікті айтарлықтай күшейттік деп мәлімдеді.
- Қытай хакерлері АҚШ-тағы 150-ге жуық саясаткердің гаджетін бұзып, оларға тыңшылық жасаған болуы мүмкін. Бұл туралы хакерлерден зардап шеккен саясаткерлерге қарашаның аяғында федералды тергеу бюросы хабарлаған.
- Қарашаның ортасында Қытай АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың, вице-президент қызметіне таңдалған Джей Ди Вэнстің, Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің, ұлы Эриктің телефон әңгімесін тыңдауға тырысқаны туралы ақпарат тарады. Қытай кибершабуылдар мен тыңшылық жайлы айыптауларды жоққа шығарды.
ПІКІРЛЕР