Accessibility links

New York Post: Трамп Ресей президенті Путинмен сөйлескен


АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде отыр. Вашингтон, 4 ақпан, 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде отыр. Вашингтон, 4 ақпан, 2025 жыл.

New York Post басылымы АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефонмен сөйлескен деп хабарлады. Әңгіме Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қалай аяқтауға болатыны жайлы өрбіген.

Трамп осымен Путин екеуі неше рет телефонмен сөйлескенін «айтпай-ақ қойғаным жөн» деген.

Америка президентінің сөзінше, Путин майдандағы "адам өлімін тоқтатқанын қалайды".

"Қаза тапқандардың бәрі жас, әдемі. Бұлар бала сияқты ғой. Еш себепсіз екі миллион", - деді Трамп қайтыс болғандар жөнінде. Ол әлгіндей сан қайдан шыққанын нақтылаған жоқ, тек егер Украинадағы соғыс басталған кезде АҚШ президенті қызметінде Джо Байден емес, өзі отырғанда соғыс болмас еді деген сөзін тағы қайталады.

Трамп өзінде соғысты аяқтаудың нақты жоспары барын мәлімдеді, бірақ оның егжей-тегжейін ашып айтпады.

Трамп пен Путин қашан әңгімелескені туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мәскеу немесе Ресей дереккөздері ол жөнінде хабарламады.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков New York Post жариялаған ақпаратты "растайтын не жоққа шығаратын" ештеңе айта алмайтынын мәлімдеді деп хабарлады жексенбі күні "Интерфакс" агенттігі.

Келесі аптада АҚШ вице-президенті Джей Вэнс Украина президенті Владимир Зеленскиймен Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы алаңында кездеспек. New York Post басылымының хабарлауынша, АҚШ Украинамен 500 миллион долларлық келісім жасасуға ниетті. АҚШ соғыс аяқталғаннан кейін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беретін болса, оның қарымына газ және жер қойнауындағы сирек металдарын алғысы келетін ұсыныс жасамақ деп жазды басылым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG