Accessibility links

Ресей қытай азаматтарын Украинадағы соғысқа қалай тартып жатыр?


Ресей әскері қатарында соғысуға шақырған қытайлық әлеуметтік желілерде тараған постердің скриншоты.
Ресей әскері қатарында соғысуға шақырған қытайлық әлеуметтік желілерде тараған постердің скриншоты.

Қытайлық Weibo әлеуметтік желісінде жарияланған жарнамада ер адамдардың күнделікті жұмысын тастап, Ресей үшін соғысқа кетіп бара жатқаны көрінеді.

Орыс және қытай тілдерінде субтитры бар клипте жаңадан барғандарға келісімшартқа қол қойғаны үшін 7-21 мың доллар көлемінде бонус төленетіні және ай сайын шамамен 2400 доллар айлық берілетіні жазылған. Клип "Сен еркексің. Еркек бол!" деген ұранмен аяқталады.

Видео мыңдаған рет көрілген және бұл Украинадағы соғысқа шақырып жатқан Қытайда таратылып жатқан жарнамалардың бірі ғана.

Осы сияқты жарнамалар 8 сәуірде Украина президенті Владимир Зеленский Киев Ресей әскері жағында соғысқан қытайлық екі жалдамалы әскери қызметкерді тұтқындағанын мәлімдегеннен кейін тағы да назарға ілікті.

Содан бері Зеленский Ресейді қытайлық солдаттарды соғысқа тарту үшін "жүйелі түрде жарнама кампанияларын" ұйымдастырды деп айыптап келеді. Оның сөзінше, тұтқындалған екі қытайлық Ресей әскері қатарында соғысып жүрген кемінде 155 қытай азаматтарының бірі.

Қытай азаматтарының екі жақта да соғысып жүргенін дәлелдейтін айғақтар соғыс басталғалы бері ара-тұра шыққан, бірақ Зеленскийдің жуырдағы мәлімдемесі Ресейдің оларды қалай соғысқа тартып жатқандығына үңілуге мүмкіндік берді.

Зеленскийдің ескертпесі Украинадағы шетел жалдамалылары туралы алдыңғы хабарламаларды толықтыра түсті. Арасында Азаттықтың Орыс қызметіне түскен аурухана деректері де бар – ол Ресейдің әскери шығынының шынайы ауқымын көрсетеді. Бұл дерек қорда қытайлық азамат та бар. Азат Еуропа/Азаттық тілшісімен жазысқан чатта ол өзінің Қытай азаматы екенін растап, Ресей әскері жағында соғысқанын мойындады, алайда оқиғаны егжей-тегжейлі айтудан бас тартты.

ҚЫТАЙ АЗАМАТТАРЫ НЕЛІКТЕН РЕСЕЙ ҮШІН СОҒЫСЫП ЖАТЫР?

Ең үлкен себебі – қаржылай сыйақы тәрізді. Қытайлық әлеуметтік желісінде жарияланған жарнамаларда көрсетілген қаражат көлемі Қытайдың негізгі қалаларындағы орташа жалақыдан жоғары. Жарнамалардың астындағы комментарийлер ақша жағы қолданушыларды көбірек қызықтыратынын көрсеткен, одан кейін орыс тіліне қатысты талап туралы сұрақтар танымал.

Бірақ адамдардың Пекиннің бастамасымен жіберілгені жөнінде ешқандай белгі жоқ. Көптеген жалдамалылардың әскери тәжірибесі жоқ.

9 сәуірде Зеленскийдің әлеуметтік парақшасында жарияланған видеода тұтқындалған қытай азаматтарының бірі ешқашан соғыста болмағанын және Ресейде әскери дайындыққа барғанға дейін қолына қару ұстап көрмегенін айтқан. Тағы бірі соғысу тәжірибесін меңгеру үшін келісімшартқа қол қойғанын айтқан.

Өткен айда YouTube-та жарияланған сұхбатта қытайлық журналист Чай Джин Ресей әскері жағында майданда болған қытай азаматымен сөйлескен.

Жалдамалы әскери қызметкер өзін әскердегі атымен таныстырып, не үшін соғысқа барғанын түсіндіреді. Ол Ресейге туристік визамен барып, орыс әскері қатарына 2023 жылдың соңында қосылғанын айтады. Ол Украинаның шығысындағы майданға жақын жерде "шабуылдаушы топтың" құрамында болғанын баяндап, Бахмутты қиратқан қанды шайқастар кезіндегі видеоны көрсетеді.

Ол сонымен бірге бір сәт Ресей әскері құрамында соғысып жүрген өзі және өзге де шетел жалдамалылары тап болған қиындықтарды да баяндайды. Арасында тіл және нәсілшілдік те бар.

Ол бұрын Қытай әскерінде болғанын және ақшаға қызығып, келісімшартқа қол қойғанын, бірақ сонымен бірге соғыс тәжірибесін меңгергісі келгенін алға тартады. Ол содан бері қытайлық әлеуметтік желілерде Украинадағы әскери қимылдарға қатысты жазбалар жариялаған.

"Мен бір күні өліп қалуым мүмкін екенін түсіндім және Қытай халқы ұзақ уақыттан бері соғысты бастан кешірмегендіктен шынайы соғысу тәжірибесін бөлісуді жөн көрдім" деді ол.

УКРАИНАДА СОҒЫСЫП ЖҮРГЕН ҚЫТАЙ АЗАМАТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ПЕКИННІҢ РЕАКЦИЯСЫ ҚАНДАЙ?

Қытай Ресейдің жақын одақтасы және батыс шенеуніктерінің айтуынша, ол соғыс кезінде Ресейді экономикалық қолдауда маңызды рөл атқарған.

Бірақ Қытай Ресейге әскери көмек беруден тартынды және Қытай сыртқы істер министрлігі де өз азаматтарын соғысқа бармауға ескерткенін айтқан. Ресми Пекин "Ресей әскері жағында көп қытай азаматы соғысып жүр" деген тұжырымға "негіз жоқ" деп санайды.

Зеленскийдің өзі Қытай үкіметі жалдамалы әскерін Украинаға баруға рұқсат берді деп мәлімдеуден бас тартты, бірақ ол Пекинді Ресейдің қытай азаматтарын соғысқа тартып жатқанына көз жұма қарап отыр деп айыптады. Қытай билігі оларды тоқтатуға күш салмады деген тұжырымды растайтын бірқатар белгі де бар.

Қытай интернеті қатаң цензурада және әлеуметтік желілері де мұқият қадағаланып, бақыланып отырады. Десе де, Украинадағы соғыста Ресей әскері қатарында соғысуға шақырған жарнамалар әлі де таратылып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG