Украинаның қатысуынсыз соғысты тоқтату бойынша АҚШ пен Ресей арасында келіссөздің жүруі қауіпті. Украина басшысы Владимир Зеленский Associated Press агенттігіне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеумен мәселені талқылағанын мәлімдеген, бірақ оған нақты кім қатысқанын айтпаған.
"Олардың өз қарым-қатынасы болуы мүмкін, алайда Украинаны бізсіз талқылау – барлығына қауіпті" деді Зеленский. Оның сөзінше, Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге АҚШ-тан бөлек Еуроодақ өкілдері де қатысуы керек.
Зеленскийдің айтуынша, оның командасы Трамптың айналасындағы адамдармен жалпы деңгейде байланыста отыр және жақын арада жай-жапсарын талқылау үшін жеке кездесулер де өткізбек.
Трамптың Украина бойынша арнайы уәкілі Кит Келлогтың қаңтар айындағы Киевке жоспарланған сапары бұған дейін заңнамалық мәселелерге байланысты кейінге шегерілген еді.
Зеленскийдің ойынша, Ресеймен кез келген келісім Украинаның одақтастарының қауіпсіздік кепілдігімен қамтамасыз етілуі керек. Ол Украинаның НАТО-ға қосылу мәселесіне бұрынғыша басымдық беретінін, мұны АҚШ-қа да тиімді қауіпсіздіктің "ең арзан жолы" деп атады.
Зеленский сонымен бірге Ресей атысты тоқтату туралы келіссөзге құлықты емес және бұған дейін айтқан талаптарынан да бас тартуға ниетті емес, себебі мұны жеңіліс ретінде қабылдауы мүмкін деді. Ал майдан даласында Украина әскер тапшылығын сезініп отырған шақта олар басымдыққа ие болып отыр.
Зеленскийдің сөзінше, Украинаның 800 мыңдық армиясы НАТО үшін ірі бонус болмақ, әсіресе Трамп шетелдегі америкалық әскерді елге қайтаруға тырысып жатқан кезде мұның маңызы арта түседі.
Зеленскийдің пікірінше, Трамп Ресейдің энергетикасы мен банк секторына қарсы санкцияны күшейтеміз және Киевке әскери көмекті ұлғайтамыз деп Путинді келіссөз үстеліне отыруға мәжбүрлей алады.
- Дональд Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде Ресей мен Украина арасындағы соғысты қысқа уақыт аралығында бітіруге уәде берген. 31 қаңтар Трамп Мәскеумен "салмақты талқылау" болғанын айтқан, бірақ жай-жапсарына тоқталмады. Ал Кремль Трамп командасынан ұсыныс түспегенін айтты.
- Мәскеу осыған дейін украин күштері Украинаның аннексияланған төрт облысы: Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстарынан кетіп, Киев бейтарап статусқа көшсе және Мәскеуге қарсы санкция алынса бейбіт келіссөзге баратынын айтқан. Ал Украина басшысы Владимир Зеленский мұны ультиматум деп атап, НАТО Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беріп, қару-жарақты тоқтатпауы керек деген шарт қойған.