Украина күштері қыс кезінде майдан шебінің кей тұстарында басымдыққа ие болуға ұмтылған. Сондай-ақ Киев әскері Курск облысынан шегінерде шығынға ұшырамауға да барын салды. Ресейдің бұл өңіріне Украина былтыр тамызда басып кірген.
Ұзындығы 1100 шақырымға созылған майдан шебінде Ресей әскері шығынға толы шабуылдарын бәсеңдетіп, жер батпақ кезде сарбаз қатарын толтырып, қару-жарақ қорын жинауға әрекеттенді.
Бірақ олар Курск облысындағы Украина күштеріне шабуылдап, Киев әскерін шекара сыртына ығыстырғысы келді. Мәскеу Украинаның Ресей жеріне басып кіруін ар санап, оларды бұл жерден қуып шығуда аянып қалмады.
Ал қазір Ресей Украинаның солтүстік-шығысында жаңа шабуыл бастап отыр. Бұл туралы Украина әскери шенділері мәлімдеді.
Украина да қарап қалмай, қарымта соққы жасап, Ресей шекарасын тағы кесіп өтті: бұл жолы Белгород облысына басып кірген. Мұндағы мақсат Ресейдің көктемгі екпінін басып, қарсылас әскерін шайқалту болуы мүмкін.
Соғыс тұманында адасып жүрсіз бе? Ендеше, майданда не болып жатқанын қысқаша түсіндіріп көрелік.
СӘУІРДЕГІ ЖАҒДАЙ
Ресей салыстырмалы түрде тыныш өткен қыс мезгілінен соң көктемде жаңа шабуыл бастайтыны болжанған еді.
"Бірнеше ай бойы тоқтаусыз шабуылдау жеке құрам тұрамды қажытып, беренді техниканы сарқып, әскерді титықтатып жібереді. Бірақ Ресей бір жыл бойы шабуылдап жатыр" деді Current Time арнасына Киевтегі New Geopolitics зерттеу тобының жетекшісі Михаил Самусь.
9 сәуірде, президент Владимир Зеленский Ресей әскері Сумы және Харьков облыстарына шабуыл дайындап жатыр деп айтқаннан санаулы күн өткенде Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Александр Сырский бұл шабуылдың басталып кеткенін мәлімдеді.
"Президент толықтай дұрыс айтты, шабуыл іс жүзінде басталып кетті" деді Сырский украиналық LB.ua газетіне берген сұхбатында.
"Кейінгі бірнеше күнде, бір аптаға жуық уақытта негізгі бағыттарда жау шабуылдары екі есе күшейгенін көріп отырмыз" деп келтірді газет Сырскийдің сөзін.
Ресей шабуылының ауқымы да, қарқыны да әлі белгісіз. Сумы облысы Курск облысымен шекаралас. Ресей шабуыл үшін осы облысты сол себепті таңдаған болуы мүмкін дейді әскери сарапшылар. Олардың айтуынша, кері шегініп жатқан Украина әскері дәл бұл жерлерде қорғаныс шебін нығайтып үлгермеген болуы мүмкін.
Харьковте Украинаның 2022 жылдың аяғындағы ауқымды шабуылы Киев үшін үлкен жеңіс болған. Алайда Ресей Украинаның шығыс шебінде Оскол өзенінің бойымен бірнеше ай бойы белсенді шабуыл жүргізіп, Купянск қаласына қауіп төндіріп отыр.
Ресей қолбасшылары үшін жасырын түрде Украинаның ең ірі екінші қаласы Харьковті басып алуға басымдық беріп отыр. Мәскеу күштері бұл қаланы зымырандармен және дрондармен атқылап келеді.
Ал оңтүстікке қарай Ресей әскері бірнеше ай Покровск қаласын құрсауға алуға талпынып отыр. Бұл қала Украина қорғанысы үшін маңызды тасымал торабы саналады.
Қысқы тыныштық кезінде Украина әскери бөлімдері Ресей күштерінің бір бөлігін Покровск түбінен шегіндіре алған. Хортица аймақтық басшылығының баспасөз хатшысы Виктор Трегубов Азаттықтың Украин қызметіне айтқан сөзінде Ресейдің Покровкскіні құрсауға алу жоспары сәтсіз аяқталды деді.
Украина үшін ең үлкен қиындық – майдан шебіндегі әскер санын сол деңгейде ұстап тұру. Киев әскер қатарын қажет деңгейде толтыра алмай, Ресей шабуылына тойтарыс беруде қиналып отыр. Батыс елдерінің жобалауынша, қос тарап қоса алғанда 1 млн сарбаздан айырылған. Оның ішінде қаза тапқаны да, жарақат алғаны да бар.
Бірақ Батыс әскери мамандары Украинаның соғысу қабілеті сарқылмағанын айтады.
"Украина қайткен де жеңіледі деп ойламаймын" деді өткен аптада АҚШ әскерінің генералы Крис Каволи Конгресстегі сөзінде. "Олардың қазіргі жағдайы бұрынғыдан тәуір".
РЕСЕЙ АУМАҒЫ ШАБУЫЛ: 2-БӨЛІМ
Былтыр тамызда Украинаның Курск облысына басып кіргені үлкен оқиға болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Ресей аумағына ешбір елдің әскері басып кірмеген. Бұл қадамға барған Украина бірнеше мақсатты көздеді. Біріншіден, соғыс кезінде ұтымды тактика ұстана алатынын көрсеткісі келді. Екіншіден, майдан шебіндегі Ресей әскерін ойыстырып, Украина қорғанысына қысымды азайтуды ойлады. Үшіншіден, алда болатын бітім келісімінде сол жерді саудаға салуды жоспарлады.
Бірінші мақсаты азды-кем орындалды десе болады. Сарапшылар бұл оқиғаны Украина билігі тапқырлығының көрінісі деп бағалады. Екінші мақсат іске аспады: Ресей әскері майданның басқа шебіндегі әскерін Курскіге жұмсамай, ол жаққа әлдеқашан жасақталған әскерін, оларға қоса Солтүстік Корея сарбаздарын бағыттады.
Ресей Украина күштерін Курскіден толықтай дерлік шегіндіре алғанын ескерсек, үшінші мақсат та ойдағыдай аяқталмады.
Дей тұрғанмен, Украина қолбасшылары өткен айда Ресей жеріне тағы бір шабуыл жасауға бұйрық берді. Бұл жолы Белгородты таңдады. Украина әскери сарапшысы Александр Мусиенконың айтуынша, бұл жолғы мақсат – Ресейдің алдағы жоспарын бүлдіру.
"Біздің түсінуімізше, Ресей өз күштерін қайта жасақтап, қатарын толтыру үшін қосымша әскер тартып жатыр. Сумы және оның әкімшілік орталығына қауіп артып отыр" деді ол Азаттықтың Украин қызметіне. "Бұл қауіптің алдын алу үшін жаудың жылдам жаңа шабуыл бастауына жол бермеу әрекеттері жасалып жатыр".
"Сол себепті біз белсенді қорғаныс жайлы айтып отырмыз. Бұл жаудың Украина жерінде жылдам алға жылжуын тоқтатып, Сумы облысына төнген қауіпті азайту үшін керек" деді ол.
Ал Ресейдің Харьков пен Сумыға не үшін шабуылдамақ? Мұның жауабын Ресей президенті Владимир Путиннің өткен айтда Курск облысында барғанда айтқан сөзінен байқауға болады.
"Сізден алда мемлекеттік шекара бойында қауіпсіз аймақ құры жөнінде ойлануды сұраймын" деді ол Ресей қарулы күштерінің бас штабына жетекшілік ететін генерал Валерий Герасимовке.
ҰРЫСТЫ ТОҚТАТУ КЕЛІСІМІ НЕ БОЛДЫ?
Өткен айда Кремль мен Ақ үй атысты тоқтатуға болатын бірнеше бағытты мәлімдеді. Оның ішінде атом электр станциясы, электр желілері, кіші станциялар секілді энергетика нысандары бар. Киев Мәскеу ұстанса, біз де келісеміз деді.
Кейінірек, Қара теңіздегі шабуылдарды шектеу жөнінде жартылай келісім жарияланды. Соның аясында Украина мен Ресей ауыл шаруашылық өнімдерін теңіз арқылы тасымалдауды жандандыру мәселесі қозғалды. Бірақ Кремль бірқатар шарт қойды. Сыртқы сарапшылар бұл шарттарды орындау не өте қиын, не мүмкін емес деп отыр.
Арада бір ай өткенде атысты тоқтату жайлы бұл келісім бұзылайын деп тұр. Өйткені Киев те, Мәскеу де дрон және зымыран көмегімен күнделік шабуылдарын үдетіп отыр. 4 сәуір күні Ресей кассеталық бомбалармен жабдықталған баллистикалық зымыранмен Кривой Рогқа соққы жасады. Мәскеу бұл соққы украин әскери мамандары шоғырланған нысанға жасалды деп мәлімдеді.
Алайда Украина зымыран сауық орталығына және балалар ойын алаңына түскенін, салдарынан кемі 20 адам мерт болғанын, оның тоғызы бала екенін хабарлады.
Украинадағы соғысты аяқтау басымдық беретінін айтқан АҚШ президенті Дональд Трамп кейінгі күндері Ресейдің тоқтаусыз шабуылдарына көңілі толмайтынын айтып жүр.
"Мен бомбалау әрекеттеріне разы емеспін, олар қазір есі кеткендей бомбалап жатыр" деді ол журналистерге 7 сәуір күні. "Олар бомбалар жатыр, онда не болып жатқанын білмеймін".
ПІКІРЛЕР