Accessibility links

Инаугурацияға он күн қалғанда Трампқа сот үкімі шығады


Нью-Йорктің Манхэттен қылмыстық соты залында отырған АҚШ президенттігінен үміткер Дональд Трамп. 30 мамыр, 2024 жыл
Нью-Йорктің Манхэттен қылмыстық соты залында отырған АҚШ президенттігінен үміткер Дональд Трамп. 30 мамыр, 2024 жыл

Нью-Йорк соты порноактрисамен байланысы жөнінде ақпаратты жасыру мақсатында ақша төлеген құжаттарды бұрмалағаны үшін Дональд Трампқа 10 қаңтарда жаза тағайындамақ. Бірақ судья оған түрме жазасын кесу ниеті жоқ екенін айтты. Айыпты деп танылатын Трамп он күннен соң АҚШ президенті ретінде ант береді.

АҚШ тарихындағы қылмысы үшін сотталған алғашқы экс-президент Дональд Трамп үкімді оқу рәсіміне келіп қатысса да, виртуалды түрде қосылса да өз еркі.

Судья Хуан Мерчанның айтуынша, Трампқа айыптау үкімі шығады, бірақ ол "бірден босатылады". Яғни, ол түрмеге де қамалмайды, айыппұл да төлемейді, оған сынақ мерзімі де тағайындалмайды. Оның сөзінше, прокурорлар да Трампты түрмеге қамау дұрыс шешім емес деп санайды.

18 беттік шешімде судья Трамп адвокаттарының үкімнің күшін жою туралы түрлі өтініштерін қанағаттандырмағаны айтылады.

2024 жылғы мамырда Дональд Трамп порноактриса Сторми Дэниэлске төленген ақшаның ізін жазсыру үшін қызметтік хат-хабарды бұрмалады деген істің 34 пункті бойынша кінәлі деп танылған. Сотқа қатысқан 12 алқаби мүшесінің бәрі осы шешімді қолдаған.

Тергеушілер болжамы бойынша мұның барлығы 2016 жылғы президент сайлауы қарсаңында жасалған. Трамп адамдары Дэниэлстің 2006 жылғы ықтимал сексуалдық байланысын жариялатқызбау үшін осындай қадамға барған дейді тергеушілер. Трамптың өзі бұл айыптауды үнемі жоққа шығарып, мұны өзіне жасалған қысым деп атайды.

Дональд Трамптың адвокаттары түрлі негізбен істі тоқтатуға барынша тырысты, бірақ олары жүзеге аспады.

Былтыр Жоғарғы сот АҚШ-тың бұрынғы президенттеріне қызметте болған кездегі кейбір ресми іс-әрекеттері үшін сотқа тартылудан қорғайтын иммунитет беретін қаулы шығарған. Бірақ сот бұл қаулының «бейресми іс-әрекеттерге қатысы жоқ» екенін ескерткен.

Судья Мерчанның айтуынша, Дональд Трамп президент ретінде ант бергеннен соң қылмыстық қудалаудан қорғалады.

Былтыр қарашада өткен президент сайлауында Республикалық партия өкілі, экс-президент Дональд Трамп айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Ол бұған дейін 2017-2021 жылдары президент болған.

2025 жылғы 20 қаңтарда Вашингтондағы Капитолий ғимаратында Дональд Трамп ант беріп, АҚШ президенті қызметіне қайта кіріседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG