Он жыл бұрын, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың көзі тірісінде, Батыс елдерінің журналисіне бұл елді зерттеу және оның қоғамы мен саяси режимін қамтитын үлкен кітап жазу қиынға соғар еді.
Бұл тұрғыда Джоанна Лиллистің "Жібек сағым: Өзбекстанға айнаның ар жағына саяхат" атты кітап шығарғалы жатқаны – Каримовтың мұрагері Шавкат Мирзияев жүзеге асырып жатқан "Жаңа Өзбекстанның" бір жетістігі іспетті көрінер.
Өзбекстанның қазіргі басшысы жоғары билікке келген соң бастапқы кезде өзіне дейінгі президент авторитарлық әдіске салып асыра сілтеген кейбір жайттарды қайта орнына келтіріп, бұған осы елді көптен бері бақылап келе жатқан адамдардың өзі таңғалған еді.
Алайда, осы кітаптың Азат Еуропа /Азаттық радиосы алдын ала танысқан сөз еркіндігіне арналған тарауында баяндалған жайттарға қарағанда, өзбек шенеуніктеріне оң өзгерістер туралы айтуға әлі ерте сияқты.
Осы аймақта тұрып, жұмыс істеп жатқанына жиырма жылдан асқан Лиллис бұл еңбегін өз тәжіриесіне сүйене отырып жазған. Бұл – 2016 жылы Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін Мирзиявтің биліктегі алғашқы жылдары берген уәделеріне куә адамдардың қазір ол уәделердің құр сөз болып қалғанына көз жеткізгенін көрсеткен есеп іспеттес.
"Шөкімдей бостандықтың" шегі
"Қызыл сызық" деп аталатын тарау журналист бастан кешкен хикаялардан басталады. Қоғамға маңызды ақпарат жеткізу жолында журналиске ондай қызыл сызықтың бірнешеуінен өтуге тура келген тәрізді.
Журналист Анора Содикова сонау Каримов билігі кезінде біршама уақыт бойы шағын газетке жетекшілік еткен. Бұл газет 35 миллионнан астам тұрғыны бар елдегі қарапайым халықтың көкейкесті әлеуметтік мәселелері мен күнделікті кездесетін қиындықтарын жазатын.
Ол уақытта Өзбекстанда саяси салаға ашық араласып, биліктің қырына іліну түрмеге қамалудың ең қысқа жолы еді. Тіпті Содикова мен әріптестерінің сақтық танытып жазған репортаждарына да мемлекеттік цензорлар жиі назар аударатын.
2020 жылдың мамыр айында Сардоба су қоймасында бөгет жарылып, Мирзияев билігі тұсындағы алғашқы ірі апат болған кезде Содикова бір мемлекеттік БАҚ-қа материал дайындап жатқан.
Тасқыннан ең қатты зардап шеккен аймаққа барған журналисті жергілікті халықтың төтенше жағдай жөнінде берген жауабы қайран қалдырған. Тұрғындар өз жағдайы жақсы екенін айтып, өздеріне апат ешқандай әсер еткен жоқ деп сендіруге тырысқан.
Жағдайды зерттеген Содикова тұрғындардың олай деуінің себебін білген: жергілікті шенеуніктер халыққа баспасөзге шағымданушы болмаңдар деп ескертіпті. Дәл осындай іс-әрекеттерді президент Мирзияев көпшілік алдында сөйлегенде айыптап , журналистер мен блогерлерді бюрократтардың кез-келген "кемшілігін әшкерелеуге" шақыратын.
Содикова тасқыннан кейін аймақта не жағдай болғанын жазып, Facebook парақшасына жариялады. Көп ұзамай салдарын да сезінді – журналисті сын айтқаны үшін жұмыстан шығарып жіберді.
2022 жылы, мемлекеттік БАҚ-тан кеткен соң, Анора Содикова "Рост 24" атты жемқорлықпен күресуді көздейтін басылым ашып, соның бас редакторы болды. Бірақ оны өз стартапынан "қысым мен бопса" әдісіне салып шеттетті.
Содикова Джоанна Лиллиске бұл оқиға 2023 жылы, Өзбекстанда шенеуніктер Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізуге дайындалып жатқан шақта болғанын айтып берген. Конституцияға енгізілетін өзгерістер Мирзияевке кемінде 2037 жылға дейін билікте қалуына мүмкіндік беретін.
Лиллистің кітабында басынан өткенін баяндаған өзбек журналисі Анора Содикова аты-жөнін жасырмастан ашық сөйлегенімен ерекшеленеді.
Лиллис әңгімелескен басқа журналистер мен блогерлер өз аты-жөнін жасыруды өтінген немесе қорқып, мүлде сөйлеспей қойған. Лиллиспен көзден қалқа жердегі кафеде оңаша кездескен аты-жөні аталмаған бір блогер Мирзияев билікке келгенде сезінген "шөкімдей бостандық" шегіне жетіп, Өзбекстандағы сөз еркіндігінің жайы баяғы кейіпіне түсіп бара жатқанын айтқан.
Исламға деген күдік пен күмән
Шавкат Мирзияев билік басына келгеннен кейін, Каримов тұсындағы саяси тұтқындарды түрмеден босатты, ал 2018 жылы кейінгі жиырма жылда алғаш рет Өзбекстан түрмесінде қамауда отырған журналист болған жоқ. Бірақ кейін жағдай нашарлай бастады.
Бұл үрдісті қазіргі билікті сынайтын видеолар жариялаған 41 жастағы блогер Отабек Сатториге шығарылған үкім бастап берді. 2021 жылы сот оны "бопсалау" қылмысына айыпты деп танып, алты жарым жыл түрме жазасын кесті.
Осыдан кейін билікке сын айтушыларды қамау жиілей бастады, ал бірқатар репрессиялық заңдар, соның ішінде президентке тіл тигізгені үшін қылмыстық жаза тағайындау жағдайды одан әрі шиеленістірді.
Джоанна Лиллистің кітабы Каримов билігі аяқталғалы бері Өзбекстан туралы ағылшын тілінде жарияланатын алғашқы еңбек болмақ.
Ал "Nowy Uzbekistan" ("Жаңа Өзбекстан") атты басқа бір кітап 2023 жылы Варшавада поляк тілінде жарық көрген. Оның авторы, журналист Агнешка Пикулицка-Вильчевска Өзбекстанда бірнеше жыл тұрған, 2021 жылы оған Өзбекстанға кіруге тыйым салынды .
The Economist тілшісі Джоанна Лиллис 2019 жылдан 2023 жылға дейін Өзбекстанда журналист ретінде жұмыс істеуге аккредитация алды, бірақ 2022 жылғы Нөкіс оқиғасынан кейін Өзбекстан билігі оның аккредитациясының мерзімін ұзартудан бас тартты.
"Жібек сағым" – Лиллистің Орталық Азия туралы екінші кітабы, Қазақстандағы саясат жайлы жазған "Қаракөлеңке: Қазақстанның құпия әлемінің ішінде" ("Dark Shadows: Inside the Secret World of Kazakhstan") атты кітабы 2018 жылы қараша айында жарық көрген.
Қазақстан да авторитарлық ел, бірақ Батыс құқық қорғаушы ұйымдарының жыл сайын жаңарып отыратын индекстерінде әдетте бұл ел Өзбекстаннан бірнеше саты жоғары тұрады, тіпті Мирзиявтің "жылымық" кезеңінен кейін де солай болған.
Орталық Азиядағы мұнайға бай елде 2005 жылдан бері тұрып жатқан журналист Джоанна Лиллис Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы айырмашылықтар ішінара олардың бірінші президенттерінің – екі ел де тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанған кезде билік басында болған саяси тұлғалардың ұстаным, көзқарасына да байланысты деп түсіндіреді.
Оның бақылауынша , Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов сыртқы ықпалға қарсы болды, ал 2019 жылға дейін Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаев "батылырақ әрі зайырлығы жағынан да сәл озыңқы" тұлға саналып, билігінің бастапқы кезеңінде саяси оппозицияға төзімділік танытты, себебі ол халықаралық қауымдастықтың қолдауы мен құптауын қажетсінді.
Лиллис атап көрсеткен тағы бір маңызды айырмашылық – өзбек қоғамындағы исламның рөлі.
"Ташкент тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде экстремистік топтар тарапынан елеулі қатер барын сезінді және бұл Каримовтың өз билігіне қауіп төніп тұрғаны жайлы күдігін күшейтті", – деді Лиллис Азат Еуропа / Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Лиллис Өзбекстанның бұрынғы билік түріне оралуы авторитар елдер басшыларының логикасына толық сай келеді деп есептейді, өйткені "қоғамда шынайы ой-пікір еркіндігі басым орта қалыптастыру режимге қауіп-қатер төндіруі мүмкін".
Бұған қоса журналист Өзбекстандағы Каримовтан кейінгі оң өзгерістерді де, алғашқы президенттің әлі күнге дейін мұрты бұзылмаған қатыгез мұрасын да құжатқа түсірген жазбаша еңбегі ел үшін "реформаларға бейіл болу қаншалықты маңызды екенін" дер кезінде еске салатын кітап болады деп үміттенеді.