9 ақпанда Балтық елдері Еуропаның бірыңғай энергия жүйесіне қосылды. Оның алдында Литва, Латвия және Эстония Ресей мен Беларусьтің энергия жүйесінен ажыраған еді.
Вильнюстегі баспасөз конференциясына Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс, Литва президенті Гитанас Науседа, Эстония президенті Алар Карис, Польша президенті Анджей Дуда және Еуропа комиссиясының басшысы Урсула фон дер Ляйен қатысты.
Латвиядағы AST энергетика компаниясы LETA агенттігіне 9 ақпан түсте Эстония, Латвия және Литва электр жүйесін Еуропамен сәйкестендірді деп хабарлады.
"Бұл – Балтық жағалауындағы елдерге, жалпы Еуропаға аймақтағы энергия тұрақтылығы мен тәуелсіздігін нығайтатын маңызды тарихи қадам", – деген компания мәлімдемесін Delfi сайты жариялады. AST мәліметінше, бұл елдер 400 миллионнан астам тұтынушыны біріктіретін Еуропаның желісіне қосылған. "Ресеймен және Беларусьпен қосылған барлық байланыс желісі біржола өшті", – деді Латвиядағы компания.
"Тәуелсіздігімізді нығайтудағы тағы бір маңызды қадам. Бұл іске атсалысқандардың бәріне рақмет", – деп жазды Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс X әлеуметтік желісінде.
Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен Балтық елдері "қаскөй көршілердің" "қоқан-лоқысы мен бопсасынан" құтылды деп айтты. Еуроодақтың қазір Ресейдің қазба отынынан біртіндеп бас тартып жатқанын еске салған ол Еуропа одағына қорғаныс пен қауіпсіздікті өз қолына алатын уақыт жетті деп есептейді. Польша президенті Анджей Дуда Варшава "Балтық елдері мен Еуропаның қалған бөлігі арасындағы көпір" екенін және үш елдің біртұтас электр желісіне қосылғаны қауіпсіздік пен Польшаны да нығайтады деді.
Осылайша Балтық елдері Польша арқылы Еуропаның энергия жүйесіне қосылды. Бұл жобаға 1,6 миллиард еуро инвестиция құйылған.
Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық бастағаннан кейін Балтық елдері ресейлік газ бен электр энергиясын сатып алуды тоқтатқан. Алайда олардың электр желілері Ресей мен Беларуське қосылған күйі қалған еді.
Литва, Латвия мен Эстония энергия желілерін Ресей мен Беларусьтің электр жүйесінен ажыратқан соң Ресейдің Калининград облысы автономды режимде жұмыс істей бастады деп хабарлады Ресейдің энергетика министрлігі. "Қазір Калининград электр станцияларының жалпы қуаты – 1,88 ГВт, бұл өңірдің ең жоғары энергия тұтынуынан екі есе артық және азаматтарды кез келген жағдайда энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді министрлік.
ПІКІРЛЕР