Литва, Латвия және Эстония осы сенбіде энергия желілерін Ресейдің электр желісінен ажыратып, Польша арқылы Батыс Еуропаның энергия жүйесіне қосылмақшы.
"Ресейге электр энергетикасын геосаяси бопсалау құралы ретінде пайдалануға жол бермейміз", – деді Литваның энергетика министрі Жигимантас Вайчюнас. Бұл туралы "Америка дауысы" сайты мен AFP агенттігі хабарлады.
Сенбі, 8 ақпанда Латвия Ресеймен байланысқан электр беру желісін физикалық түрде тоқтатады, ал жексенбіде Вильнюсте Батыс Еуропаның энергия жүйесіне қосылуға байланысты салтанатты рәсім өтпек. Оған Балтық елдерінің жетекшілері мен Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен қатысады.
Ресей Украинаға басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Балтық елдері ресейлік газ бен электр энергиясын сатып алуды тоқтатқан. Алайда олардың электр желілері Ресей мен Беларуське қосылған күйі қалған еді.
Польшадағы PSE электр желілері операторы Литвамен байланыс жағдайын патрульдеуге тікұшақтар мен дрондар қолданылады деп айтты.
Балтық елдері мен Польшаның энергия жүйелерін байланыстыру жобасына 1,6 миллиард еуро (1,7 миллиард доллар) инвестицияланған.
ПІКІРЛЕР