Accessibility links

AP: Курск облысында жүздеген Солтүстік Корея сарбазы жараланған және қаза болған


Ресейдің Курск облысында жүздеген солтүстіккореялық сарбаз жараланған және қаза болған. Бұл жөнінде Пентагонның жоғары лауазымды шенеунігіне сүйенген Associated Press және The New York Times басылымдары хабарлады. Бұл Ресей жағында соғысып жатқан Солтүстік Корея әскерінің шығыны жөнінде жарияланған алғашқы бағалау.

Агенттіктің дереккөзі қанша адам қаза болғанын нақтыламаған, бірақ едәуір адам шығынына Солтүстік Корея әскерінің соғыстағы тәжірибесіздігі себеп болғанын айтқан.

АҚШ мәліметінше, солтүстіккореялықтар Ресей әскерімен бірге және олардан бөлек те қимылдап жатыр.

Солтүстік Корея әскерінің шығыны жөнінде бұған дейін Пентагон мен Ақ үй хабарлаған, алайда жай-жапсарын айтпаған еді. Associated Press-тің жазуынша, Ресей күн сайын 1200-ге дейін солдатынан айырылады.

АҚШ және Оңтүстік Корея барлаушыларының мәліметінше, қазан айында Ресейге 10-12 мың солтүстіккореялық сарбаз әкелінген, бір бөлігі Курск облысындағы шайқастарға араласқан.

AP мәліметінше, осы күнге дейін Ресей әскері тамыз айында Курск облысына басып кірген украин күштері бақылауға алған жердің 20 пайызын қайтарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG