4 желтоқсан күні таңсәріде халыққа телеарнадан жасаған үндеуінде Юн Сок Ель парламент қарсы дауыс бергеннен кейін үкімет оған бағынып, әскери режим тәртібі күшін жоятынын хабарлады.
"Әскери режим тәртібін енгізу бойынша операцияларға қамтылған әскерді кері қайтардық", – деді президент.
Бұдан кейін министрлер кабинеті жиын өткізіп, әскери режим туралы шешімнің күшін жоюды мақұлдап дауыс берді, әскер бөлімшелеріне оралды хабарлады "Ренхап"агенттігі.
Сәрсенбі таңертең президенттің аппараты толық құрамда қызметтен кетті. Парламентте көпшілік дауысқа ие Демократиялық партия өкілдері егер Юн Сок Ель өз еркімен лауазымынан кетпесе, онда президентке импичмент жариялау мәселесін көтеретіні жайлы мәлімдеген.
Оңтүстік Кореяның алты оппозициялық партиясы президент Юн Сок Елге импичмент жариялау туралы заң жобасын әзірледі деп жазды "Ренхап". Құжат 5 желтоқсанда парламентке енгізіліп, дауысқа салынады, шешім қабылдауға екі күн беріледі деп айтылып отыр. Заң жобасы қабылдануы үшін депутаттардың кемінде үштен екісі (200 депутат) қолдап дауыс беруі шарт. Парламентте оппозиция 192 мандатқа ие.
Бұған дейін оппозициялық партиялар Юн Сок Елді мемлекетке опасыздық жасады деп айыптамақшы деген ақпарат айтылған. Оппозиция президенттің елде әскери режим жағдайын енгізіп, армияның күшімен парламентті басып алуға талпынуы – бүлікпен пара-пар деп санайды.
ТҰТҚИЫЛДАН ҚАБЫЛДАНҒАН ЖАРЛЫҚ
Оңтүстік Корея аумағында әскери режим тәртібі енгізілетіні туралы жарлық 3 желтоқсан күні жергілікті уақытпен сағат 22:25 кезінде жарияланған. Құжатқа сәйкес, әскери режим тәртібі саяси партиялардың қызметіне, наразылық пен ереуілдерге тыйым салып, цензура енгізген.
Сейсенбі түнге қарай телеарнадан жасаған үндеуінде президент Юн Сок Ель әскери режим жағдайын енгізуді конституциялық құрылымды "коммунистік күштерден" және Солтүстік Кореядан төнген қауіп-қатерден қорғау үшін қажет шара деп түсіндірді.
Юн Сок Ель қауіп-қатер Пхеньянға бүйрегі бұратын жергілікті "мемлекетке қарсы элементтерден" де төніп отырғанын, оларды түп-тамырымен жою керегін айтты. Алайда президент Солтүстік Кореядан қандай қауіп төніп тұрғанын нақтылаған жоқ.
Президент халыққа үндеуінде оппозицияны "үкіметтегі негізгі тұлғалар мен шенеуніктерге сенімсіздік жариялауға талпынып, мемлекеттің қызметін тұсап тастады" деп айыптады. Оның сөзінше, жаңа үкімет биыл көктемде қызметіне кіріскеннен бері парламент 20-дан астам лауазымды шенеунікке – арасында бірнеше прокурор, ішкі және сыртқы істер министрлері бар – сенімсіздік жариялаймыз деп қоқан-лоқы жасаған.
"Бұл еркін Кореяның конституциялық тәртібін аяқасты етіп, Конституция мен заңдарда бекітілген мемлекеттік институттардың заңдылығын бұзатын, азамат соғысын тұтатуға арандататын, мемлекетке қарсы іс-әрекет екені айқын", – деп мәлімдеген Юн Сок Ель.
Президент өз саяси оппоненттері көпшілік дауысқа ие болып отырған парламентті "қылмыстық топтардың ұясына айналған, елдің сот-әкімшілік жүйесін матап ұстап, либералдық демократия жүйесін жоймақшы" деп айыптай сөйледі.
Режимнің орындалуын қадағалау жаяу әскер штабының жетекшісі Пак Ан Суға жүктелді. Сеул көшесінде әскери техникалар пайда болды.
Әскери режим тәртібін бұзғандарды тінту, ұстау не қамау үшін сот шешімі болуы шарт емес деп айтылды. Дәрігерлер мен өзге де медицина қызметкерлеріне жұмыс орнына барып, өз міндетін атқару тапсырылды.
ҚАРСЫЛЫҚ
Оңтүстік Кореяда әскери режим тәртібін жариялауға билікте отырған "Халық қуаты" партиясы да, оппозициядағы Демократиялық партия да келіскен жоқ.
Демократиялық партия жетекшісі Ли Чжэ Мен президент шешімі Конституцияға қайшы деді, ал президенттік "Халық қуаты" партиясының лидері Хан Дон Хун әскери режим жайлы жарлықты "заңсыз" деп атап, оның күшін жоюды қолдап дауыс беретінін айтты.
Парламенттің жұмысын тоқтатуға барған әскер қарсылыққа кезікті. Ғимараттың алдына наразылар жиналды. Олар түрлі жихаздар және өзге де заттармен әскердің жолын бөгеп қойды. Оппозиция мәліметінше, олардың саны 5 мыңға жуықтаған.
Әскер ғимаратқа басып кіруге талпынып жатқан шақта депутаттар президенттің елде әскери жағдай енгізу туралы жарлығының күшін жоюды қолдап дауыс беріп үлгерді. Осыдан кейін президент Юн Сок Ель, заңға сәйкес, әскери режим туралы даулы жарлығының күшін жоюға мәжбүр болды. Президент оппозициядан әскери режим жағдайы аяқталған соң "мемлекет қызметіне кедергі жасамауды" сұрады
Түнгі сағат екінің шамасында Сеулде жұрт шеруге шығып, "Юн Сок Ель президент қызметінен кетсін!" деген талап қойды. Сәрсенбі, 4 желтоқсан таңертең президент аппараты толық құрамда отставкаға кетті.
Президент Юн Сок Ель әзірге жаңа мәлімдеме жасаған жоқ.
Әскери режим енгізілмей тұрып парламент үкімет ұсынған бюджет жобасын бекітпей қойған және мемлекеттік аудитор мен бас прокурорға импичмент жариялау мәселесін көтерген еді.
"ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА 30 МЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАР"
"Оңтүстік Кореяда болып жатқан жағдай – сол елдің ішкі шаруасы, Қазақстан өзге елдің ішкі ісіне араласпайды", – деген 4 желтоқсанда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев мәжілісте журналистердің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда шамамен 30 мың қазақстандық бар.
"Қазіргі кезде біздің негізгі міндетіміз – Қазақстаннан тыс жерде жүрген, оның арасында Оңтүстік Корея да бар, қазақстандықтардың құқықтарын қамтамасыз ету. Оңтүстік Кореяда болып жатқан оқиғаларға қарамастан бүгінгі күнге дейін елшілікке Қазақстан азаматтары көмек сұрап хабарласқан жоқ. Мұндай ақпарат жоқ. Егер арыз-өтініш айтса, елшілік сөзсіз көмек береді", – деген вице-министр.
Оңтүстік Кореяда көп қазақстандықтың жүруіне визасыз режим әсер еткен. Бақаев кейде қазақстандықтардың виза режимін, Оңтүстік Кореяның көші-қон заңының талаптарын бұзатынын, соның салдарынан түрлі мәселелер пайда болатынын айтқан.
"Оңтүстік Кореядан қазақстандықтарды әкелу үшін ұшақ қажет болып жатса, ұйымдастырасыздар ма?" деген сұраққа вице-министр: "онда әскери жағдай жоқ қой, Украина, Газадағыдай соғыс болып жатқан жоқ" деп жауап берді.
ПІКІРЛЕР