Өзбекстан: енді "сүйінші пұл" бәріне бірдей берілмейді
Өзбекстанда 2024 жылғы 1 сәуірден бастап бір реттік жәрдемақыны (ел арасында оны "сүйінші пұл" деп атайды – ред.) тұңғыш балаға ғана беретін болды. Екінші бала дүниеге келгенде мұндай жәрдемақы Бірыңғай әлеуметтік қорғау тізіміне енген, яғни әлеуметтік жағдайы ауыр отбасыларға ғана беріледі. Үшінші және одан кейінгі балаларға "сүйінші пұл" берілмейді.
Өзбекстанда бір реттік жәрдемақы төменгі жалақы мөлшерінің 70,3%-ына тең – 738 150 сум (қазіргі бағаммен 55 доллар). Ол жаңа туған баланың бәріне беріледі, ата-анасы мемлекеттік қызметші ме, жеке секторда ма, жұмыссыз ба, студент пе, бәрібір.
Азаттық Азия тілшісі сөйлескен әйелдердің көпшілігі 3-4 жыл бұрын балалы болған, бірақ "сүйінші пұл" алмаған.
"Тұңғышыма үш жыл бұрын босандым. Өзім студент болатынмын, күйеуім жекеменшік фирмада істеген. Ұлымызға "сүйінші пұл" алған жоқпыз, өйткені болмашы ақшаға бола өзім оқып жүрген университеттің ректоратына барып, өтініш тапсырғым келген жоқ. Ақшаға мұқтаж емеспіз, сондықтан күйеуім де оны алуға ұялды", – дейді Ташкентте тұратын Фатима есімді келіншек.
Бірнеше жыл бұрын жұмыс істейтін ата-аналар жәрдемақыны жұмысынан немесе оқу орнынан алса, жұмыссыздарға Зейнетақы қорынан берілетін. Қазір бұл жүйе автоматтандырылған. Жаңа туған нәрестеге автоматты түрде ЖТЖСН (жеке тұлғаның жеке сәйкестендіруші нөмірі – ред.) беріледі, соған сәйкес балаға туу туралы куәлік жасалып, бір реттік жәрдемақы тағайындалады. Ақша автоматты түрде не әкесінің, не анасының банк картасына түседі.
27 жастағы Маликаның тұңғышы 2024 жылы дүниеге келген. Жас ана бір реттік жәрдемақыны автоматтандырылған жүйе арқылы төлеу Өзбекстан әйелдерінің көңілінен шыққанын айтады.
"Перзентханада болғанымда бірден QR коды бар анықтама рәсімдеді. Ұлым туралы бүкіл мәлімет көрсетілді. Осы анықтамамен Бір терезе жүйесі арқылы туу туралы куәлік алуға болады екен. Перзентханада жатқанымда-ақ банк картамның нөмірін алды. Анықтаманы рәсімдегеннен кейін бір сағат өткенде-ақ "сүйінші пұл" картама түсіп тұрды, осылайша бір реттік жәрдемақыны перзентханада жатқанда алып үлгердім. Цифрландырудың игілігі деген осы екен", – дейді Малика.
Ташкент облысында тұратын Ироданың үш баласы бар, үлкені үште, кішісі бір жарым жаста. Ирода тапсырыс бойынша кондитерлік тағам пісіріп сатады. Күйеуі де жұмыс істейді, бірақ айлығы 1,3 млн сум (шамамен 100 доллар) ғана. Үлкен отбасына түк емес.
"Басымызда жеке үйіміз де, көлігіміз де жоқ. Ата-енем, қайнағамның отбасы бар, бәріміз бірге тұрамыз. Бір адамның табысы жетпейді ғой, сол үшін тапсырыс қабылдап, тәтті пісіремін. Үшінші баламыз туғаннан бастап ақша жағынан біраз қиналып қалдық, себебі балам жүрек ақауымен дүниеге келді. Махаллядан көмек сұрадым. Қажетті анықтамаларды жинағаннан кейін бізді әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасы деп таныды. Қазір мүгедектігі бар үшінші балама 900 мың сумдай (67 доллар) аламын, ал екі кішкентай балама үш жасқа дейін төленетін 550 мың сум (41 доллар) беріледі", – деді Ирода.
Өзбекстанда балаға төленетін жәрдемақының басқа да түрлері бар, бірақ ол негізінен жағдайы жоқ отбасыларға беріледі: балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы (100 мыңнан 325 мың сумға дейін немесе 7–25 доллар), бала күтіміне берілетін жәрдемақы (отбасындағы бала санына қарай), мүгедектігі бар балаларға 16 жасқа дейін және иммун жетіспеушілігі вирусын жұқтырған балаларға 18 жасқа дейін төленетін жәрдемақы (698 мың сум немесе 55 доллар).
Мұндай жәрдемақыны алу үшін тиісті құжаттар жинап, өтініш берушінің тұрғылықты немесе уақытша тұратын жеріндегі азаматтардың өзін-өзі басқару мекемесіне (махалля) өтініш беріп, тіркелу керек.
Өзбекстандағы саяси және әлеуметтік өмірді көрсететін Negative Youtube арнасының авторы Ұлықбек Ашур (Канадада тұрады) Азаттық Азия тілшісіне берген пікірінде баласына жәрдемақы алу мақсатымен өтініш және құжат тапсыру кезінде қиындыққа тап болатын өзбек әйелдері көп хабарласатынын айтты. Ашурдың сөзінше, негізінен үлкен қалалардың тұрғындары емес, шалғайда жатқан ауылдық жерде тұратындар жүгінеді.
"Әйелдер болмашы ақшаны алу үшін сонша сабылып, бітпейтін құжат жинау керегін айтады. Махалля отбасының әр мүшесі туралы ақпарат немесе банктен анықтама сұраумен шектелмей, үйде мал бар-жоғын да сұрайды екен. Әйелдер қажетті құжаттарды жинастырып өткізгеннен кейін махалля қызметкерлері әйтеуір бір кемшілік тауып, қайтарып беретініне шағынады. Құжатын қабылдату үшін махалля төрағасына ақша беретін отбасылар да бар", – деді журналист.
Қазақстан: жалақы жоғары болған сайын жәрдемақы да көп
Орталық Азия елдері арасында балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері жөнінен Қазақстан алда тұр. Мұнда бала тапқаны үшін екі мемлекеттік жәрдемақы және екі түрлі әлеуметтік төлем беріледі.
Біріншісі – бала тапқаны үшін берілетін бір реттік жәрдемақы. Оның мөлшері отбасындағы бала санына байланысты әртүрлі:
– бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (2025 жылы – 149 416 теңге немесе 300 доллар);
– төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (2025 жылы – 247 716 теңге немесе 500 доллар).
Қазақстанда бала күтіміне арналған жәрдемақы да бар. Жұмыс істемейтін әйелдер бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын жәрдемақы алады. Жәрдемақы мөлшері отбасындағы бала санына байланысты және 22 649 теңгеден 34 995 теңгеге (45-70 доллар) дейін.
Бұған қоса, Қазақстанда жұмыс істейтін, жұмыс беруші әлеуметтік сақтандыру қорына жарна төлеген әйел бала көтергеніне және табуына байланысты табысынан айырылғаны үшін, жаңа туған баланы асырап алғаны үшін де төлем ала алады. Төлем мөлшері әйелдің кейінгі 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты белгіленеді – жалақысы жоғары болған сайын декретке шыққаннан кейін алатын жәрдемақысы да көп болады.
Сонымен бірге бала күтіміне арналған әлеуметтік төлем бар. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна аударғандарға бала күтіміне орай табысынан айырылғаны үшін бала 1,5 жасқа толғанша кейінгі 2 жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем төленеді.
Астана қаласында тұратын 30 жастағы Бота – екі баланың анасы. Үлкені 2 жаста, кішісі 2 айлық. Тұңғышына босанып декреттік демалысқа шыққанға дейін Бота Алматыдағы институттардың бірінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
"Бірінші балама босанып декреттік демалысқа шыққанда 600 мың теңге (қазіргі бағаммен 1200 доллар) алдым. Декреттік демалысқа шыққан басқа әріптестеріммен салыстырғанда, мен азырақ алдым. Себебі 9 ай ғана жұмыс істедім. 2 жылдан аса жұмыс істеген әріптестерім декретке шыққанда жақсы ақша алды", – деді Бота.
Жас ана бірінші баласынан кейін де, екінші баласынан кейін де мемлекеттен бір реттік жәрдемақы алғанын айтады. Бұл жәрдемақының мөлшері Орталық Азияның басқа елдеріндегіден айтарлықтай жоғары.
"Бірінші балама бір реттік жәрдемақыға 100 мың теңге (200 доллар) алсам, екіншісіне 120 мың теңге (240 доллар) алдым. Бір реттік жәрдемақыны алғашқы кездегі киіміне және жөргекке жұмсадық. Баланы өзіміз үшін табамыз ғой, сондықтан бергеніне риза болдық. Бірінші балама 1,5 жасқа дейін күтіміне байланысты жәрдемақы алдым. Ай сайын банктегі шотыма 32 мың теңге (64 доллар) түсіп тұрды. Бұл жәрдемақының мөлшері кейінгі екі жылдағы орташа табысыңа байланысты есептеледі. Қазір екінші балама айына 26 мың теңге (52 доллар) аламын. Екінші балама аз шыққан себебі, бірінші декреттік демалыстан бірден екіншісіне кеттім, жұмыс істеп үлгерген жоқпын", – деді Бота.
Қырғызстан: "балаға сүйінші" – жөргекке
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қырғызстанда дүниеге келген әр балаға бір реттік жәрдемақы ("балаға сүйінші") беріледі, мөлшері – 4 мың сом (45 доллар). Үшем немесе одан көп бала өмірге келсе, әр балаға төленетін ақша 50 сомға дейін (570 доллар) көбейеді. Жәрдемақыны алу үшін бала туғаннан кейін алты айдың ішінде халыққа қызмет көрсету орталығына немесе азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне жүгіну керек.
Ош қаласында тұратын Нұрзия "балаға сүйінші" жәрдемақысын 6 және 3 жастағы балалары мен 1,5 айлық кенжесіне де алғанын айтты. Құжат рәсімдеуге күйеуі мен қайынатасы барыпты, әрі-бері сабылмапты.
"Қазіргі өлшеммен алғанда, 4000 сом деген әрі кеткенде екі ай жөргек алуға жетеді. Сондықтан бұл ақшадан аса бір пайда жоқ сияқты", – деді ол. Бұрын ешқашан жұмыс істемегендіктен және еңбек өтілі болмағандықтан, басқа төлем алмаған.
Араванда тұратын Нұрсыпаттың үш баласы бар, ол жәрдемақыны балалардың киім-кешегі мен керек-жарағына жұмсағанын айтады. Беловодта тұратын Бибінұр екі жыл бұрын алған 4000 сомды күйеуінің бизнесіне жұмсапты, қазір оның кәсібі отбасын асырап отыр екен. Бішкек тұрғыны Елнұр 2019 жылы қызы өмірге келгенде алған "балаға сүйіншіге" 3000 сом қосып, банктегі жинақтаушы шотқа салып қойыпты, қазір жағдайына қарай толықтырып жүр екен. Ол уақытта жәрдемақы мөлшері аса бір қажетке жарайтындай болмағанын, ал уақыт өте келе жинақталған сома баласының бір қажетіне жарап қалар деген үміті барын айтты.
Азаттық Азия тілшісімен сөйлескен келіншектердің барлығы дерлік "балаға сүйіншіні" рәсімдеу мен алудың ешқандай қиындығы болмағанын, туу туралы куәлікті алған сәтте бірден жасалатынын, ал кейде тіпті онлайн рәсімдеуге болатынын айтты. Ақша мемлекеттік банктен беріледі, оны кассадан барып алуға болады немесе банкте есепшотың болса, бірден сонда түседі.
Қырғызстанда бір реттік жәрдемақыдан ("балаға сүйінші) бөлек, әлеуметтік жағдайы ауыр, 16 жасқа толмаған балалары бар, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасыларға "отбасына қолдау" деп аталатын жәрдемақы беріледі, оның мөлшері – әр балаға 1000 сом (шамамен 11 доллар). Мұндай жәрдемақы берудің мақсаты – әлеуметтік жағдайы ауыр отбасы қиындықтан шыққанға дейін балалары 16 жасқа толғанша уақытша қолдау көрсету. Таулы аймақтар мен шалғай ауданда тұратындарға жәрдемақы мөлшері аудан коэффициентін есептей отырып беріледі.
Қырғызстанның еңбек, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрлігінде мемлекеттік жәрдемақы бөлімін басқаратын Мақсат Тұларбекқызы Азаттық Азияға берген пікірінде қазір үкімет әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жақсартып жатқанын, ата-аналардың иығына түсетін қаржы ауыртпалығын азайтуға, соның ішінде әсіресе таулы және шалғай аймақтағыларды қолдауға тырысып жатқанын жеткізді.
"Қырғызстанның экономикасы дамыған елдердің экономикасымен салыстыруға мүлдем келмейді. Соған қарамастан, үкімет балаларға жәрдемақы төлеу жүйесін жетілдіруге тырысып жатыр", – деді ол.
2024 жылы президент Садыр Жапаров "Қырғыз Республикасындағы мемлекеттік жәрдемақы туралы" заңға толықтыру енгізіп, биік таулы аймақта, шалғайда орналасқан елді мекендерде және айрықша мәртебесі бар, жекелеген шекаралық аумақта тұратын отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік қолдау көрсетуді қолға алды. Заң 2026 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Жаңа заңға сәйкес, "биік таулы аймақ тұрғындарына көмек" деп аталатын ай сайынғы жәрдемақы беріледі, ол отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан, үшінші және одан кейінгі әр балаға 3 жасқа дейін төленеді.
"Қазірге бұл жәрдемақының мөлшері белгіленген жоқ. Бұған қоса 2026 жылдан бастап шалғай аудандарда көпбалалы аналарға бір реттік "Бала Береке" деп аталатын төлем беріледі. Бұл жәрдемақының мөлшері: төртінші балаға – 100 мың сом (1140 доллар); бесінші балаға – 600 мың сом (6860 доллар); алтыншы балаға – 800 мың сом (9150 доллар); жетінші балаға – 1 млн сом (11 435 доллар); сегізінші балаға – 1,2 млн сом (13 720 доллар); тоғызыншы балаға – 1,5 млн сом (17 150 доллар); оныншы және одан кейінгі балаға – 2 млн сом (22 870 доллар)", – деді министрлік өкілі Мақсат Тұларбекқызы.
Шенеунік бір реттік "Бала Береке" төлемі бала бір жасқа толғаннан кейін берілетінін айтты.
Тәжікстан: жәрдемақы аз, бала табу көрсеткіші жоғары
Тәжікстандағы төлемақы мөлшеріне қарағанда, Душанбе әйелдерді бала табуға ақша беріп ынталандыруға мүдделі еместей. Елде жылдан-жылға бала туу деңгейі жоғарылап келе жатқанын ескерсек, ынталандыру қажет те емес секілді.
Душанбе тұрғыны, 32 жастағы Лайло – үш баланың анасы. Күйеуі сегіз жылдан бері Ресейде жұмыс істейді, елге жылына бір-ақ рет келеді. Үшінші баласы бес ай бұрын дүниеге келген.
Айтуына қарағанда, күйеуі отбасын асырау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды.
"Ешқандай шағымым жоқ. Өмір болған соң, бәрі болады. Шылқып отырмасақ та, аш-жалаңаш емеспіз. Үшінші бала дүниеге келгеннен кейін шығынымыз артты, жөргек, дәрі-дәрмек, киім-кешек керек. Алдыңғы балалардан қалғаны да баршылық", – деді Лайло.
Бала тапқаны үшін мемлекеттен бір реттік жәрдемақы алуға болатынын көршілерінен естіпті.
"Иә, естуімше бір рет 100 немесе 200 сомони (9–18 доллар) береді екен. Бұл ақшаға не алуға болады? Қазір баға қалай шарықтап кеткенін көрдіңіз бе? Бір қаптама жөргек қана келетін шығар. Алла күйеуіме денсаулық берсін, мемлекеттен ештеңе керегі жоқ", – дейді келіншек.
Тәжікстанның "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру туралы" заңының 14-бабында отбасылық жәрдемақы, яғни бала тууына орай берілетін бір реттік жәрдемақы мен бала күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы туралы айтылған.
Бір реттік жәрдемақыны алу үшін баланың туу туралы куәлігін тұрғылықты жеріндегі халықты әлеуметтік қорғау бөліміне тапсыру керек.
Тұңғыш бала дүниеге келуіне орай мемлекет үш есептік көрсеткіш мөлшерінде (қазір бір көрсеткіш 72 сомониге тең) жәрдемақы береді, барлығы 216 сомони (шамамен 20 доллар), екінші балаға – 144 сомони (екі есептік көрсеткіш) немесе 13 доллар, үшінші және одан кейінгі балаларға – 72 сомони (бір есептік көрсеткіш) немесе шамамен 7 доллар.
"Жәрдемақы ерлі-зайыптының бірінің жұмыс (оқу) орнынан төленеді, ал ата-анасы жұмыс істемейтін немесе оқымайтын болса, тұрғылықты жері бойынша халықты әлеуметтік қорғау бөлімі төлейді. Бала тапқанына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақы бала өмірге келген сәтте тағайындалады және төленеді, ол үшін бала дүниеге келгеннен кейін 6 айға дейінгі мерзімде өтініш беру керек", – дейді заң талабы.
Азаттық Азия тілшісі Тәжікстан астанасында тұратын, 2024 жылы балалы болған он әйелден сұрап білді: олардың ешбірі жәрдемақы алу үшін өтініш тапсырмаған болып шықты. Кейбірі мұндай мүмкіндік барын да білмеген, ал білетіндері: "Ол үшін қанша құжат жинау керегін білесіз бе?" – деп қарсы сұрақ қойды.
"Мемлекет бала табуды ынталандыруға мүдделі емес, өйткені Тәжікстанда бала табу көрсеткіші онсыз да үнемі жоғары деңгейде: елде көпбалалы отбасы болу дәстүрі қайта жаңғырып тұр. Мысалы, үш-төрт баласы бар отбасын көпбалалы отбасы деп санамайтын болғалы қашан", – деді журналист Тахмина Мирзоева.
Тәжікстанда бала туу көрсеткіші рекордтық шамаға жеткенін ақпан айында өткен баспасөз мәслихатында елдің әділет министрі Музаффар Ашуриён де айтты. Оның сөзінше, 2024 жылы 253,5 мың бала дүниеге келгені тіркелген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10,8 мыңға артық.
Тәжікстан былтыр ТМД елдері арасында халықтың өсу қарқыны жөнінен бірінші орын алды.
2019 жылы ЮНИСЕФ, Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) және Шет мемлекеттерді дамыту институты (ШМДИ) Орталық Азия елдеріне әмбебап балалар жәрдемақысы бойынша конференция ұйымдастырды, шетелдік сарапшылардың ойынша, бұл осы аймақ елдеріндегі кедейлік мәселесін шешуге көмектеседі.
Әмбебап балалар жәрдемақысы – қолма-қол берілетін шамалы ақша. Мұндай жәрдемақы елдегі әр балаға беріледі, ондағы мақсат – ата-анаға және негізгі күтім жасаушыларға бала тәрбиесіне жұмсалатын шығынды өтеп беру арқылы баланың дұрыс өмір сүруі үшін барлық игілікке қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл қаражат отбасының табысына немесе баланың ата-анасы не қамқоршылары қай топқа жататынына қарамастан, тұрақты түрде берілуі қажет.
Қазір Канада, Швеция және Франция сияқты табыс деңгейі жоғары көптеген елде балаға кепілдендірілген әлеуметтік жәрдемақы төлеу жүйесі жұмыс істейді.
"Халқының саны жағынан Өзбекстанға пара-пар Канадада балаларға жәрдемақы беріледі. Жүйе мүлтіксіз жұмыс істейді. Әр айдың 20-сы күні әр әйелдің банк картасына 18 жасқа дейінгі балаға берілетін жәрдемақы түседі. Канадалық аналардың әрқайсы мемлекеттен баласы 6 жасқа толғанға дейін жылына 7787 канада долларын (5450 АҚШ долларына тең) алса, 6 жастан 17 жасқа дейін жылына 6570 канада долларын (4599 АҚШ доллары) алып отырады. Отбасы басқа елге көшіп кеткен жағдайда да Канадада дүниеге келген бала үшін ай сайын анасының банктегі шотына ақша жіберіледі. Орталық Азияда, соның ішінде Өзбекстанда балаға жәрдемақы алу қағазбастылыққа шырмалған. Мемлекеттік органдар ақылға қонбайтын және бітіп болмайтын құжат талап ететіндіктен, әйелдердің көпшілігі бала жәрдемақысынан бас тартып, жұмыс істейді. Балаға берілетін жәрдемақының тиісті қолға тимеуіне кедергі келтіріп отырған негізгі екі себеп – әлеуметтік саладағы парақорлық пен жемқорлық. Өзбекстанда, неге екені белгісіз, балаға және олардың болашағына келгенде ақша жоқ, ал бюджеттің ақшасы негізінен "жылтырақ шоулар" мен қажетсіз фестивальдерге жұмсалады", – дейді журналист Ұлықбек Ашур.