Accessibility links

"Пәк болмай шықты". Күйеу жігіт неке түнінен кейін жас келіннің отбасын сотқа берді


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қалыңдық қыз болмай шықты! Сотқа осындай арызбен жүгінген Тәжікстан азаматы қайын жұртынан тойға жұмсаған ақшаны түгелдей қайтаруды талап етті. Дәстүрлі тәжік қоғамында қыздың пәктігін пір тұтады: қыз үйленгенге дейін ешкіммен төсек қатынасына түспеуі керек, егер неке түнінде жас келін пәк болмай шықса, оны үйден қуып жібереді.

30 жастағы Сухроб бұрын Ресейде еңбек мигранты болған. Ол алдымен Озоди радиосына (Азаттықтың Тәжік қызметі), одан кейін Азаттық Азия редакциясына өзінің үйлену тойын жасау үшін үш жыл үй бетін көрмей жүргенін әңгімелеп берді.

"Менімен бірге бір жерлесім жұмыс істеді. Бірде оған қалыңдық іздеп жүргенімді айтып едім, 22 жастағы қарындасы Хосиятпен (аты өзгертілді) таныссаңшы деді. Қыз Тәжікстанда болғандықтан, оны көруге елге оралдым. Бір рет қана кездестік, бір-бірімізді ұнатқан соң, қыздың үйіне құдаларды аттандырдым. Тойымыз 2024 жылдың 20 қыркүйегінде болды", – деді Сухроб Азаттық Азияға берген сұхбатында.

Сухроб пен Хосият некеге отырғанда түскен фото
Сухроб пен Хосият некеге отырғанда түскен фото

Некелері қиылғаннан кейін алғаш рет бір төсекте бірге түнеген Сухроб қалыңдықтың "қыз емесін" байқаған. Айтуына қарағанда, қыз пәк болмай шыққан. Жас келіншегінен жауап беруді талап еткенде, ол "кейін бәрін түсіндіремін" депті.

"Бір айдан кейін Хосият маған шынын айтты. Мектепте оқып жүрген кезінде немере ағасы тиіскен екен, бұл туралы ешкімге тіс жармапты. Оның бұл сөзін видеоға түсіріп алдым", – деді Сухроб.

Қыздың пәк екенін анықтайтын сот-медицина сараптамасы

Тойдан кейін жас келіншегімен бірге тұрып жатқан Сухроб әлгі оқиғаның "қашан болғанын" анықтау үшін Хосияттың сот-медицина сараптамасынан өтуін талап еткен.

Республикалық сот-медицина сараптамасы орталығының қорытындысында (Хосият тексеру тестін 2024 жылғы 19 қазанда тапсырған) оның қыздық пердесіне зақым келген мерзімді анықтау мүмкін болмағаны көрсетілген.

Хосияттың тест тапсырғаны туралы құжат
Хосияттың тест тапсырғаны туралы құжат

Сухроб Хосияттың әкесіне телефон соғып, болған жағдайды баяндаған.

"Қайынатам мені тыңдады да, қызын алып кететінін айтып, отбасының абыройын төкпеуімді сұрап жалынды. 50 мың сомониді қайтарып беретінін айтты. Мен келістім", – деді Сухроб.

Айтуына қарағанда, той мен қыз жасауына 60 000 сомони (5500 доллар) жұмсапты.

Алайда, Сухробтың сөзінше, қайын жұрты уәдесінде тұрмаған.

"Осыдан кейін мен сотқа жүгініп, әйелімнің отбасынан тойға жұмсаған ақшаны қайтарып беруін талап еттім. Әйелімнің пәк емес екенін мойындаған видео мен сот-медицина сараптамасының қорытындысын да қоса өткіздім. Олар болса қызына "жала жауып, ар-абыройына нұқсан келтіргенім" үшін менен моральдық өтемақы талап етіп арызданды", – деді Сухроб.

Қарымта арызда қалыңдықтың отбасы күйеу жігітті "жала жапты" деп айыптап, моральдық өтемақы ретінде 10 мың сомони өндіруді талап еткен.

Азаттық Азия журналисі Хосияттың әкесіне хабарласқанымен, ол кісі баспасөз өкілімен сөйлескісі келмеді.

Сухробтың айтуынша, биыл ақпан айының басында аудандық сот істі Хосияттың отбасының пайдасына шешкен.

"Енді мен оларға 10 мың сомони төлеуім керек. Ондай ақшаны қайдан аламын? Осы жағдайдан кейін анам сырқаттанып, ауруханаға түсті", – деді Сухроб.

Күйеу жігіт Хосияттан пәк екенін дәлелдейтін тестіні тойға дейін тапсыруын талап етпегеніне өкінеді.

Адамды қорлайтын әрекет

Тәжікстанда 2016 жылдан бері некелескісі келетін жастар генетикалық ауруы, гепатит пен ВИЧ бар-жоғын тексеру үшін міндетті медициналық тексеруден өтеді. Бұған қоса әркімнің қалауына қарай, қыз екенін дәлелдеу үшін тиісті тест тапсырып, тексерілуіне де болады. Ондай тест тек Душанбедегі республикалық сот-медицина орталығында жасалады. Ресми мәлімет бойынша, жыл сайын кемінде 500 қыз осындай тест тапсырады екен.

Дәстүрлі тәжік қоғамында қыздың пәктігін пір тұтады: қыз үйленгенге дейін ешкіммен төсек қатынасына түспеуі керек, егер неке түнінде қалыңдық пәк болмай шықса, оны жұрттың көзінше үйден қуып жібереді. Сондықтан көп жағдайда күйеу жігіт жағы қалыңдықтың тойға дейін осы процедурадан өтуін талап етеді. Құқық қорғаушылар мұндай әрекет адамды қорлайтынын айтып, Тәжікстанды ондай әдеттен бас тартуға үндеп келеді.

Архивтегі фото
Архивтегі фото

Құқық қорғаушы, гендер саласындағы маман Лариса Александрова қыздық институты мен некелесу алдында қыздардың пәк екенін тексеру "зиянды әрекет" деп санайды.

Ол Тәжікстан адам құқығы саласындағы жеті негізгі халықаралық келісімшартқа қол қойғандықтан, әйел құқының бұзылуына, әйелдер мен қыздарды қорлауға алып келетін тәжірибені айыптауға, әйелді кемсітетін мұндай тәжірибеден қорғайтын заң қабылдауға және кінәлілерді жазалауға міндетті екеніне назар аударды.

"Бұл туралы Әйелді кемсітудің барлық түрін жою туралы конвенцияның 2-бабында анық көрсетілген. Мұндайды зиян тәжірибе деп те атайды", – деді сарапшы.

Құқық қорғаушы неке институты екі тараптың бір-біріне сенім артуы мен өзара құрмет таныту, сонымен бірге ердің де, әйелдің де құқығын сақтау негізінде құрылуы керек деп есептейді.

"Ер адам қыздың пәк болуын талап етсе, онда өзінің де пәк екенін дәлелдесін. Бұл, әрине, ыңғайсыз көрінуі мүмкін, бірақ адалдықты талап ететін адам өзі де сол талапқа сай болуы керек", – деді Лариса Александрова.

Гименопластика – "абыройды қорғау тәсілі"

Қалыптасқан дәстүр мен қоғамдық айыптауға орай Тәжікстанда қыздардың гименопластика, яғни қыздық пердені қалпына келтіретін ота жасатуы жиі кездеседі. Душанбедегі клиникалардың бірінде жұмыс істейтін, аты-жөнін жария етпеуді өтінген гинекологтың айтуынша, бағасы 300 доллардан басталатын мұндай отаға сұраныс жоғары.

"Бұл қарапайым әрі қауіпсіз процедура, той болардан бірнеше күн бұрын, кез келген гинекология кабинетінде жасалады. Анестезиямен жасалатын ота", – дейді дәрігер.

Лариса Александрова қыздық пердені қалпына келтіру үшін ота жасатуды қоғамдағы патриархал түсініктің салдарына жатқызады. Және де "абыройды сақтау" туралы талап тек әйелдерге қойылатынына назар аударады.

"Осыған орай некедегі әйелге тұлға ретінде емес, тауар ретінде қарайды, ұрпақ жалғастыру және жыныстық қатынас үшін пайдаланады. Қыз баланың тұлғасы, оның білімі, мінезі, оқыған-тоқығаны емес, төсек қатынасы жағы ғана маңызды", – деді ол.

"Тест әйелдердің өзіне қол жұмсауын көбейтеді"

Тәжікстанда пәк болмай шыққан қалыңдық өзіне қол жұмсаған жағдайлар да болды. 2017 жылы 18 жастағы бойжеткен неке түнінде күйеуі оның пәк емес екенін бетіне басқаннан кейін өзіне қол салды. Қалыңдық жыныстық қатынасқа бармағанына күйеуін сендіре алмаған, оны екі рет тексерілуге апарған.

Келіншегінен "шындықты айтуды" талап еткен, тест нәтижесіне сенбеген. Ақыры қалыңдығын үйден қуып жіберген, ал жас келін сірке суын ішіп қайтыс болды.

Сот күйеу жігітті қалыңдығын өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін жеті жылға соттады.

2019 жылы Дангарада жергілікті тұрғын "пәк болмай шыққан" қалыңдығын соққыға жыққан. Жәбірленуші сотқа беріп, бұрынғы күйеуінен 50 мың сомони көлемінде моральдық өтемақы талап еткен. Ол тойға дейін және күйеуінің айыптауынан кейін төрт рет қыз екенін тексерткенін айтты. Сараптама жасаған мамандар оның қыздық пердесі әлі де бүлінбеген деген қорытынды шығарғанына қарамастан, сотта жеңе алмаған.

"Қыздық перде туралы толып жатқан миф бар, мысалы, ол жыртылған кезде қыз қатты ауырсынады немесе көп қан кетуі керек дейді. Ал шын мәнінде кей қыздарда туғаннан қыздық перде болмайды, ал кейбірінде ол созылмалы болып жаратылғандықтан, жыныстық қатынас кезінде де жыртылмауы мүмкін", – деді Душанбедегі клиникалардың бірінің гинекологы.

Құқық қорғаушы, гендер саласындағы маман Лариса Александрованың айтуынша, 2018 жылы Тәжікстан үкіметі тағы да Әйелді кемсітудің барлық түрін жою туралы конвенцияны сақтап отырғанын айтып есеп берді, ал БҰҰ комитеті жас қыздар арасындағы суицидті көбейтетін "пәктігін тексеру" тәжірибесін жою жөнінде ұсыныс берген. Бірақ ол әлі ұсыныс күйінде қалып отыр.

XS
SM
MD
LG