Accessibility links

Зеленский АҚШ пен Украина келіссөзі алдында Сауд Арабиясына барады


АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский.

Украина президенті Владимир Зеленский 10 наурызда Эр-Рияд қаласына барып, Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхаммед бин Салманмен кездеседі.

Зеленскийдің бұл сапары Украина мен АҚШ делегациясының Сауд Арабиясының тағы бір қаласы Жиддадағы кездесуі алдында болмақ. Киев пен Вашингтон өкілдері 11 наурызда Жиддада Ресейдің басқыншылық соғысын аяқтау мәселесін талқылайды.

Украинаны әскери жағынан қолдап келген АҚШ қазір Украинадағы соғысты аяқтау жолын іздестіріп жатыр. Вашингтон бір жағынан Мәскеумен тікелей келіссөздер жүргізіп жатса, екінші жағынан Украинаға әскери көмекті, барлау ақпараттарын бөлісуді уақытша тоқтатып тастады.

АҚШ пен Украина делегациясы Зеленский, АҚШ президенті Дональд Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің Ақ үйдегі сөз таласынан кейін алғаш рет кездеспек. 28 ақпанда Зеленский Трамп және Вэнспен ұрсысып, Ақ үйден шығарылған еді.

Зеленский (сол жақта) пен Трамп (оң жақта) Ақ үйде сөзге келіп қалған сәт. 28 ақпан 2025 жыл.
Зеленский (сол жақта) пен Трамп (оң жақта) Ақ үйде сөзге келіп қалған сәт. 28 ақпан 2025 жыл.

Украина басшысы Жиддада өтетін келіссөзге қатыспайтынын айтқан. Киев делегациясының сапында Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига, Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак, қорғаныс министрі Рустем Умеров болады. Ал АҚШ делегациясында мемлекеттік хатшы Марко Рубио, Трамптың Таяу Шығыс бойынша өкілі Стив Уиткофф, ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Майк Уольтц бар. Рубио Сауд Арабиясына 9 наурызда жолға шықты.

"Біздің тарапымыздан айтарым, конструктивті диалогқа дайынбыз. Біз қажетті шешімдер мен қадамдарды талқылап, келісеміз деп үміттенемін. Ақылға қонымды ұсыныстар үстелде. Енді маңыздысы – жылдам алға жылжып, тиімді шешім шығару" деп жазды Зеленский Х желісінде.

Украина делегациясы АҚШ өкілдерімен кездесуде алғашқы қадам ретінде әуе мен теңізден атқылауды тоқтатуды ұсынуы мүмкін. Бұл ұсынысты бұған дейін Зеленский айтқан еді.

Британиялық Financial Times басылымы "Украина тарабы Сауд Арабиясындағы келіссөзде Ресеймен атысты ішінара тоқтатуды ұсынбақ" деп жазды. Бұған қоса, Украина өкілдері Вашингтоннан барлау деректерін бөлісуді және әскери көмекті қалпына келтіруді сұрайды.

"Киев дрондармен және алысқа ұшатын ракеталармен шабуылды, Қара теңіздегі әскери операцияларды тоқтатуды ұсынады" дейді дереккөздер.

Ал АҚШ делегациясы кездесуде "Украина соғысты аяқтау үшін оккупацияланған жерлерінен бас тартуға дайын я дайын емесін анықтамақ" деп жазды Reuters агенттігі.

Ресейдің толассыз шабуылы, Зеленскийдің Трампқа жазған хаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:49 0:00

Вашингтон қазір Украина президентінен Ресеймен келіссөзге қол қоюды талап етіп, қысым жасай бастады. Бірақ АҚШ тарапынан қандай қауіпсіздік кепілі болатыны белгісіз. Ал Мәскеу соғысты тоқтатуға ишара білдірген жоқ, оның орнына Ресей Украина қалаларына күнде шабуыл жасап жатыр.

9 наурызда Трамп Украина АҚШ қолдау көрсеткеннің өзінде аман қалуы екіталай дегенді меңзеді. Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол Украинаға көмекті қысқартқанын қорғап, "олар бәрібір аман қалмайды" деді.

Бұған қоса, Трамп Зеленский "АҚШ-қа көмек бергені үшін алғыс айтпады" деген сөзін қайталады, бірақ Украина президентін "ақылды" және "қатал" деп атады.

Сауд Арабиясында Вашингтон мен Киев арасында келіссөз өтейін деп жатқан тұста Ресей қорғаныс министрлігі Курск облысында және Украинаның шығысында бірнеше елдімекенді қайтарып алғанын хабарлады. Азаттық соғыс уақытында бұл мәлімдемені тәуелсіз дереккөздер арқылы тексере алмайды.

Путин "Ресей шегінбейді" деді. АҚШ пен Украина өкілдері Сауд Арабиясында кездеспек
please wait

No media source currently available

0:00 0:13:44 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG