Мұратбай деген кім және Өзбекстан билігі неліктен соңына түсті?
Ақылбек Мұратбай (Мұратов) – Өзбекстан азаматы, ұлты қарақалпақ. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Қазақстанға қоныс аударып, Алматыға тұрақтаған.
Мұратбай 2022 жылдың шілде айында Нөкісте болған наразылық шарасын Өзбекстан билігі басып-жаншығаннан кейін қуғынға ұшыраған Қарақалпақстан азаматтарының құқығын белсене қорғағанымен танылды. Сол кезде Ташкенттің Конституцияға өзгерту енгізу жобасына қарсы мыңдаған қарақалпақ көшеге шыққан болатын.
Негізгі заңда Қарақалпақстан Республикасына референдум өткізу арқылы Өзбекстанның құрамынан шығуға кепілдік беретін бап болған, ал 2022 жылы Мирзияев әкімшілігі Конституцияға өзгертулер енгізуге ұсынған жобада ол бапты жою көзделген еді.
Өзбекстан билігі Қарақалпақстандағы наразылық шеруін күш қолданып аяусыз басып-жаншыды. Кей деректер бойынша, сол күндері Қарақалпақстанда 20-дан астам адам қаза тапқан.
Конституцияға өзгерту енгізуді көздейтін заң жобасынан халық наразылығын тудырған бапты алып тастағанмен, белсенділерді қудалау күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр.
Қудалауға түскендердің қатарында Ақылбек Мұратбай да бар.
Ақылбек Мұратбай Қазақстанда қамауға алынған отандастары Қошқарбай Төремұратов, Тілеубике Юлдашева, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова және Зиуар Мірманбетованың жағдайына көптің назарын бұрып, дабыл қақты. Бұған қоса басқа да белсенді азаматтармен бірге Өзбекстан Конституциясына өзгеріс енгізіп, Қарақалпақстанды егемен республика мәртебесінен айырмақ болған Ташкенттің ұсынысына қарсы шыққан Ниетбай Оразбаевтың жағдайын айтты. Қазақстан азаматтығын алғанына қарамастан, Оразбаев та қуғынға ұшырады.
Нөкісте наразылық болып жатқан шақта Ақылбек Алматыда үзеңгілестерімен бірге Қарақалпақстан Республикасына Өзбекстан құрамынан референдум арқылы шығуға берілетін кепілдікті Өзбекстан Конституциясынан алып тастауды көздейтін түзету енгізуге қарсы қол жинай бастады.
Ақылбектің айтуына қарағанда, Қазақстан билігі қол жинауға және Қарақалпақстан мәселесі бойынша бейнеүндеу жолдауға ғана емес, сонымен бірге ол жаққа гуманитарлық көмек жіберуге де тыйым салған.
"Экстремизмді қаржыландырды деп қарастырылады деп қорқытты. 2022 жылғы 27 маусымнан бастап 4 шілдеге дейін сегіз рет түрлі деңгейдегі тергеуге шақырылдым. Өзім Алматыда тұрамын, Алматы облысындағы Шамалған станциясында ата-анам тұрады, сол жерге тіркелгенмін. Қаланың және облыстың көші-қон полициясы, қалалық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция департаменті бар, бәрі шақырып шықты ғой", – деді Мұратбай.
"Бас консулдыққа шақырып, байқап сөйле деп ескертті"
Мұратбай Алматыға қоныс аударған сәттен бастап арнайы қызметтің бақылауында болдым деп санайды. ІТ саласында жұмыс істеп, ел қатарлы өмір сүріп жатқан. Алайда Нөкістегі наразылықтан кейін қырағы бақылауға ілінгенін байқаған.
"Менімен жақын араласатын Қазақстан азаматтары немесе басқа да азаматтар турист ретінде Самарқанға не Бұқараға бара қалса, жергілікті орган қызметкерлері сұрақтың астына алып, "Ақылбек Мұратов не істеп жүр?" деп сұрайды екен. Немесе, мысалы, 1 қыркүйек – Өзбекстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында жедел бөлім қызметкері: "Біреу YouTube желісіне видео жүктеп, Өзбекстанның Тәуелсіздік күнінде консулдық алдында митинг өткізуге шақырыпты. Оның кім екенін білесің бе? Білсең бізге айт" деп келіп тұр. Ол азаматтың кім екенін білмейтінімді, [кімнің кім екенін анықтау] менің жұмысым емес екенін айттым", – деп еске алды Ақылбек.
Мұратбай айтып отырған жағдайдың бәрі 2023 жылдың қазан айында Варшавада өткен адам құқығы жөніндегі конференциядағы баяндамада қамтылды, онда қарақалпақтарды қудалау туралы мәселе көтерілді. Осыдан кейін, айтуына қарағанда, туыстары оған телефон соғып, қорқытып-үркіту басталғанын жеткізген.
"Бас консулдыққа шақырып, байқап сөйле деп ескертті. Консулдықтағы кездесуден кейін бір апта өткенде, 23 қазанда үстімнен қылмыстық іс қозғалды. Нөкістегі наразылықтан кейін-ақ диаспора өкілдері [Қазақстандағы қарақалпақтар] соңыма түскендер барын жеткізді. "Кезек саған да келеді. Біз саған билет алып, аз-маз қаражат жинап берейік" деді. Егер кетіп қалсам, Өзбекстан билігі қылмыстық әрекетпен айналысқаны үшін қашып кетті деп айтар еді. Екіншіден, диалог болғанын қалаймын, апта сайын бас консулдықтағылармен сөйлесіп жүрген адаммын, мигранттарға, басқа қарақалпақ белсенділеріне көмектесіп жүргенмін", – деді Мұратбай неліктен кетпегенінің себебін түсіндіріп.
Ақылбекті 2024 жылдың 15 ақпанында ұстады.
"Сәрсенбі күні 22:30-да үйге іздеп келіп, "кеттік" деді. Себебін түсіндіріп жатпастан қолыма кісен салып, көлікке отырғызды. "Қарақалпақстан ба?" деп сұрап едім, "өзің де біліп тұрсың ғой" деп жауап берді".
Шетелдіктер отыратын камера
Ақылбекті Алматыдағы №72 тергеу изоляторына (жұрт арасында СИ-18 деп атайды) апарды. Бұл – Орталық Азия аймағындағы ірі тергеу изоляторының бірі. 15 күн жаңадан түскендерді орналастыратын "карантинде" болған. "Қатты суық болды, киімімді де, аяғымды да шешпей ұйықтап жүрдім", деп еске алды ол.
"Камерамыз сегіз орындық болатын. Бірақ кейде үстімізге адам әкелетін, олар жерге жататын", деді Мұратбай.
Карантиннен кейін оны "шетелдіктер отыратын камераға" ауыстырған.
"Менімен бірге тәжіктер, өзбектер, орыстар, қытайлар, үнділер отырды. Көпшілігі гастарбайтер. Оларға алаяқтық, қарақшылық және басқа да айыптар тағылған. Алғашқы күннен-ақ камерада отырып 10 арыз бен апелляциялық шағым жазып, шағымды дұрыс жазуға көмектесе бастадым. Осыдан кейін бәрі маған жылы қабақ танытып, кейбір тұрмыстық шаруаны шешуге көмектесіп тұрды", деді белсенді.
Ол Қазақстанның түрмесінде шетелдіктердің негізгі құқықтары ескерілмейді деп санайды. Мұндағы ең үлкен қиындық – туыстарға телефон шалып, сөйлесу мүмкіндігінің жоқтығы. Бұрынырақта Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) Азаттық Азияның сауалына берген жауабында "тергеуге ықпал етпеу үшін мекеменің бұйрығы бойынша" тергеу абақтысында қамауда отырған айыпталушылар мен күдіктілердің телефон шалып сөйлесуге құқығы жоғын айтқан.
"Шетел азаматын жұмыс орнынан ұстап әкетіп, тергеу изоляторына отырғызса, әлгі адамның Қырғызстан, Тәжікстан немесе Өзбекстандағы туыстары оның тағдырынан бейхабар болады. Ешкім ешқандай хабар жібермейді, із-түссіз жоғалғандай болады. Бізбен бірге Қырғызстаннан бір жігіт отырды, экстрадицияға дейінгі 7 ай бойы туыстарымен байланыса алмаған, себебі заң бойынша тергеу кезінде қамауға алынған адамның телефонмен сөйлесуіне рұқсат жоқ", – деді Мұратов.
Қамауда отырғанын ешкім білмеген соң, ондай адамның артынан керек-жарағын әкелетін де ешкім жоқ.
Мұратов тергеу кезінде қамауда отырған адамдарға телефонмен сөйлесуге рұқсат бермеу қылмыстық атқару жүйесіндегі жемқорлыққа жол ашады деп есептейді, себебі қамаудағылар смартфонға қол жеткізу амалын қарастыра бастайды.
"Шынымен де телефон кіргізеді. Камераны тексеріп тұрады. Бірде рейд кезінде телефонды алып кетті, бірақ видеоға түсірген жоқ. Камерадағыларға ортақ телефон болса да, менікі еді деп айттым", – деді Ақылбек.
Карцердегі 10 күн
Мұратбай абақтының бар азабын басынан өткерді, 2024 жылдың қазан айында карцерге түсті. "Мақала жариялап, мекемені қаралады" деген айып тағылып, оған телефонмен ұсталғанын қосып, 10 күнге айып изоляторына отырғызды.
"Карцердің іші былығып жатыр. Екі адамға арналған, шамамен ұзындығы 5, ені 3 метр болатын камера. Жай камерада әжетхана қабырғамен бөлініп тұрса, карцерде бір бұрыштағы тесікке отырасың, желдеткіші титімдей, маса көп, түгіңді қоймай талап тастайды. Карцерге ешқандай зат кіргізбейді, тіпті кітап алып кіруге рұқсат жоқ, тек су ішетін ыдысың ғана болады. Тамақ ішкеннен кейін ыдысыңды алып кетеді. Таңғы сағат 6-да қызметкер келіп, төсекті көтеріп қояды. Содан бастап түнгі онға дейін төсекті түсіруге болмайды. Оған дейін жатуға хақың жоқ. Жата қалсаң, есікті ұрғылап: "Оян! Тұр!" деп айғайға басады".
Карцерден аман шығудың тағы бір жолы – ауырмау. Айтуына қарағанда, тергеу изоляторында тыныс жолының аурулары кең тарағанымен, дәрі жоқ. Дәрі-дәрмек беріп жіберейін десе, толып жатқан шектеу бар.
"Карцерге қамалған күннің ертесінде жаныма бір жігітті алып келді, Арнольд-Киари синдромы екен (жүйке дертінің бір түрі – ред.). Басы қатты ауырғаны сондай, сағаттап өкірумен болды. Есікті ұрып, кезекшіні шақыруға тырыстым. Жай камераларда есік бірден дәлізге шығады, ал карцердің алдында қосымша ішкі дәліз бар, күзетші отыратын негізгі дәліз соның сыртында. Ол жерде отырғандар карцерде не болып жатқанын естімейді. Бізге назар аударуы үшін қабырғада тұрған бақылау камерасын жабуыма тура келді. Бірақ оның жабық екенін үш сағаттан кейін ғана көрді", – дейді Ақылбек.
Ақыры жаңағы жігіт есінен танып қалып, мүсәтір иіскетіп есін жиғызып, димедрол беріпті.
"Үшінші күні де тура сол жағдай, ауырсынуға шыдай алмаған жігіт бұрыштағы тесікке жүрелеп отырып, қолын кесе бастады. Тағы да есікті қақтым. Камераға адамдар келгенде жігіттің үсті-басы қан-жоса еді. Оны жай камераға ауыстыруды сұрап едік, келген қызметкердің біреуі: "Сен не, бізді қорқытайын дедің бе?" – деп шықты. Әлгі бейшара үш күн карцерде отырды".
Өзімнен шошыдым
Ақылбек Мұратбай кейде қамауда отырғандардың өз денесіне зақым келтіретінін, өйткені темір тордың ар жағына үнін жеткізудің басқа жолы қалмағандықтан еріксіз шалт қимылға баратынын айтты.
"Адамдар басында шағымын жай айтып жеткізеді, жағдай жасауды сұрайды, тым болмағанда жерде жатпайық дейді. Оған ешкім назар аудармайды. Сондықтан біреулер төбелеседі, енді біреу тамырын кеседі. Сол кезде ғана қарапайым тұрмыстық мәселелерге назар аудара бастайды. Бір жігіт тамағын орып жіберіпті, күзетшімен бірге біздің камераның есігіне келіп, тесіктен насыбай сұрады. Насыбай жоқ екенін айттық. Камерадағылардың ешбірі назар аударған да жоқ. Сол кезде өзімнен шошыдым: "Мен кіммін өзі? Қарсы алдымда қан-жоса адам тұр, ал мен селт еткен жоқпын". Өзім не істегенімді айтайын ба? 36 жастағы азамат бола тұра, ұрыс шығардым, хлор, ыстық су, екі метр кабель үшін төбелестім. Ескі су ысытқышқа бола бір тұтқынмен төбелесіп қала жаздадым. Кейін оның танымал банкир екенін білдім. Түрмеде ең қиыны – адам болып қалу, адамдық болмысыңды сақтау. [Бостандыққа] шыққанда мұны іште қалғандарға айттым", – деді Мұратов.
Кикілжің неден туатынын баяндағанда белсенді қамауда отырған әр адамға көзқарас әртүрлі екенін айтып берді.
"Ол жерде көптеген шенеунік пен ірі бизнесмен отырды, аты-жөнін атамай-ақ қояйын. Кейбіреуінің камерасы жеке бөлме сияқты болды. Кей камераның жағдайы тәуір, мысалы, күн түсетін жақта, тіпті кіммен бірге отыратынын да таңдай алады. Кейбіреулер бойлер, жылытқыш, теледидар әкеліп, интернет қосып, жағдайын жасап алған. Демек, тергеу изоляторында да тура үйдегідей жағдай жасауға болады екен. Бұрыннан қылмыспен айналысып жүргендердің көпшілігі түрмеден қорықпайды, себебі түрмеде бостандықтан басқаның бәрі бар. Мен осыған қарсы болып, қызметкерлерге наразылығымды ашық жеткіздім. Біреу ханның баласы құсап өмір сүріп, екінші біреудің еденде жатуы, гигиена құралдарына қол жеткізе алмай тарығуы дұрыс емес екенін айттым. "Жағдай жасап алсай" деген жауап естідім. Ол үшін ақша керек екенін емеурінмен жеткізді. Мен ондайға бара алмайтынымды айттым", – деді Ақылбек Мұратбай.
Қарақалпақ белсендісі өзінің хал-жағдайын білуге келген әйеліне түрме қызметкері тиіскенін де жария етті. Әйелі арыз жазған соң, қызметтік тексеру басталғанын хабарлапты. Оның нәтижесі немен тынғаны белгісіз. Ақпан айының басында Алматы прокуратурасы хатты қайтадан Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне жіберіп, шағымда келтірілген жайттарды "мұқият тексеруді" тапсырыпты.
15 ақпанда, тұтқындалған күннен бері 12 ай өткеннен кейін Ақылбек Мұратбай экстрадициялық қамаудан босап шықты.
"Алғашқы сәтте қуандым. Бірақ ол ұзаққа созылмады. Қамаудан шыққалы дұрыстап ұйықтай алған жоқпын, ерте оянып аламын, өзімді ауыр сезінемін. Өзімді еркін сезіне алмаймын, үнемі қорғанысқа немесе тұтқиылдан келетін шабуылға дайын жүремін. Ең бастысын айтсам, Өзбекстан билігі ешқандай диалогқа дайын емес. Қарақалпақтарға қарсы қысым мен қудалауды әрі қарай да жалғастыра беретін сияқты. Бірақ мен белсенділігімді жалғастыра беремін", – деп мәлімдеді Мұратов.
Азаттық Азия редакциясы өткен аптада Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматы қалалық департаментіне (ҚАЖД) бұрынғы тұтқын Ақылбек Мұратовтың шағымы бойынша сауал жолдап, соның ішінде дене мүшесін зақымдау, жекелеген тұлғаларға айрықша жағдай жасау, Алматыдағы тергеу изоляторында тергеу кезінде қамауда отырғандардың жағдайы туралы сұраған болатын. Материал жарияланған сәтте редакцияға жауап келген жоқ.
Осы материал жарияланғаннан кейін, Алматының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттық Азияның сауалдарына жазбаша жауап беріп, онда "тергеу кезінде қамауда отырған азаматтардан телефон табылып, оны тәркілеген жағдай бірнеше рет кездескенін" айтқан. Тұрмыстық техника туралы сауалға "камераларда теледидардан басқа тұрмыстық техника жоқ" деп жауап берді.
Қамау орындарын қадағалайтын құзырлғы мекеменің жауап хатында "қолданыстағы қылмыстық атқару заңнамасына сәйкес, тергеу кезінде қамауда отырғандардың өзіне камера таңдауына, сонымен бірге кіммен бірге отыратынын таңдауына жол берілмейді" деп жазылған. "Ондай деректер болды ма?" деген сауалға Алматы ҚАЖД "иә" не "жоқ" деген кесімді жауап бермеген.
ҚАЖД қазір тергеу изоляторында отырған шетел азаматтарының саны артық болғандықтан, бәріне бірдей төсек орын жетпейтінін мойындады.
"Тергеу изоляторында тұрмыстық жағдай жасау жөнінен қиындықтар бар, соның ішінде арнайы контингент (қамауда отырғандар – ред.) отырған жерде ыстық су жоқ. Тазалық құралдары толық беріледі. Медициналық қызмет көрсету жөнінен отырғандар тарапынан шағым көп түседі, алайда ол дәрі-дәрмектің жоқтығымен байланысты. Ал [сұратқан] дәрі талаптар тізімінде жоқ. Өзге ел азаматтары отырған жерде өз денесіне жарақат салу, бөгде затты жұтып қою фактілері кездеседі, оның себебі әртүрлі. Бұлар қылмыстық істі жүргізу барысына, сот органының шешіміне келіспеу, психикалық жағдайдың нашарлауы, отбасы мен тұрмыстағы қиындықтар, қамаудағы жағдайға, мекеме әкімшілігінің іс-әрекетіне келіспеу немесе медицина қызметіне көңілі толмау сияқты жағдайлармен байланысты", – деді ҚАЖД Азаттық Азияның сұрағына берген жауабында.
Әрі қарай не болады?
2024 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Мұратовтың өзін пана беруді сұрап жазған өтінішін қанағаттандырмады. Белсенді бұл шешімге келіспейтінін айтып, қалалық сот пен Жоғарғы сотқа жүгінгісі келеді. Қазір қарақалпақ белсендісі "саяси баспана іздеуші тұлға" мәртебесіне ие. Бұл мәртебені 2024 жылдың ақпан айында алған. Ол биылғы 23 наурызға дейін жарамды. Ақылбек басқа бір елге кетудің жолын тапқанға дейін мәртебесін ұзартудан үмітті, ал Қазақстанда қалу қауіпті деп санайды.
"Құқық қорғаушылардың маған жеткізуі бойынша, Қазақстан билігі мені Өзбекстанға экстрадиция жасауды ойластыра бастаған сияқты. Әзірге саяси баспана іздеуші тұлға деген мәртебем болғандықтан, мұны жасай алмайды. Әртүрлі жолын қарастырамыз", – деді Мұратбай.
Сөз соңында төрт қарақалпақ белсендісінің АҚШ-қа кетуіне қолдау көрсетіп, ұйымдастырған Қазақстан мен Қырғызстандағы БҰҰ кеңсесіне, АҚШ елшілігіне, Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроға алғысын білдірді.