Accessibility links

ҰҚК Бішкектегі тәртіпсіздіктен кейін пәкістандықтардың Қырғызстаннан Қазақстанға өткенін жоққа шығарды


Қазақ-қырғыз шекарасындағы бекет.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы бекет.

Бішкектегі тәртіпсіздіктен кейін пәкістандық студенттердің Қырғызстаннан Қазақстанға өтейін деп жатқаны жөнінде ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл жөнінде 18 мамырда Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) хабарлады. ҰҚК хабарламада мұндай ақпарат бұған дейін "кейбір БАҚ-та" жарияланғанын жазған, бірақ нақты ақпарат құралдарын атамаған.

"Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы бақылау-өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Қырғызстанның шекарашылары Бішкек қаласындағы қалыптасып отырған жағдай туралы үздіксіз ақпарат алмасып отыр" деп жазылған хабарламада.

18 мамырға қараған түні Бішкекте жаппай тәртіпсіздік болып, 28 адам ауруханаға түскен, үшеуі – шетел азаматы. Қырғызстанда тәртіпсіздік медицина университетінде оқитын Египеттен келген студенттердің жергілікті студенттермен төбелесіп жатқаны бейнеленген видео интернетте тарағаннан кейін тұтанған. Төбелес 13 мамырда болған деп айтылады. Бұдан кейін желіде Бішкек тұрғындарын "отандастарының соққыға жығылуына жауап беруге" шақырған видеолар тараған. Нәтижесінде сенбіге қараған түні Бішкекте жастар көтерілген. Қараңғыда түсірілген видеодан қырғыз жастарының жатақхана маңында шетел студенттерін ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Оқиға орнына ішкі әскер әкелінді, су шашатын құралдар да байқалды.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі сенбі күні таңға қарай Бішкекте жағдай тұрақты екенін мәлімдеді. Милиция тергеу басталғанын да айтты.

Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің жетекшісі Қамшыбек Ташиевтің айтуынша, түнде Бішкекте 18-25 жас аралығындағы шамамен 500-700 адам жиналып, Қырғызстанда жұмыс істеп жатқан мигранттардың артуына наразылық білдірген. Қырғызстанның заңсыз мигранттармен күресіп жатқанын алға тартқан Ташиев тәртіпсіздікке жауапкершілікті заңсыз мигранттарға артқандай болды. Ол өз сөзінде негізінен Пәкістан және Бангладештен келген азаматтардың заң бұзатынын айтты.

Бішкектегі дүрбелеңге Пәкістан және Үндістан тарабы реакция білдірді. Исламабад пен Нью-Дели Қырғызстандағы студенттерін көшеге шықпауға үндеді.

XS
SM
MD
LG