Accessibility links

Министр Әрінов "тасқын кезінде адам шығыны болған жоқ" дейді


Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов (ортада) журналистер сұрағына жауап беріп отыр. Астана, 18 маусым, 2024 жыл.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов (ортада) журналистер сұрағына жауап беріп отыр. Астана, 18 маусым, 2024 жыл.

18 маусымда үкімет отырысынан кейін журналистер сұрағына жауап берген төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов "келесі жылғы су тасқынына дайынбыз" деп мәлімдеді. Ол биыл ақпанда президент күзетінен жаңа қызметке тағайындалғанда тасқынға дайын екенін айтқан еді. Әрінов биылғы су тасқынын "үлкен тәжірибе болды" деді.

"Дайындық жүріп жатыр. Жергілікті әкімдіктермен бірге тиісті шаралар істеліп жатыр. Үлкен тәжірибе болды. Атқарылған шаралар арқасында адам шығыны болған жоқ. 120 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Алдын ала шаралар арқасында көптеген үй, мекемеге, елдімекендерге су кірген жоқ" деді министр.

Әрінов Атырау облысы Құлсары қаласында суға батқандар мен Абай облысында хабарсыз кеткендерге "тасқынның тікелей қатысы жоқ" деді.

"Мұндай жағдайлар күнде болады. Егер олардың бәрін санайтын болсақ, онда қазір Бұқтырмада су деңгейі көтерілуіне байланысты болып жатқан жағдайлар бар. Статистиканы бұлай жүргізуге болмайды. Адам үйінде ұйықтап жатқанда оны үлкен су басып, ешкім құтқармай, оған көмекке келмеген жағдай болады, біз осы туралы айтып отырмыз. Ал адамдарға алдын ала айтып, оларды эвакуациялап, тиісті шара қабылдағанда, олар кейін барып, қандай да бір әрекет істеуге тырысып, өліп қалады. Біз мұның бәрін қамти алмаймыз" деді Әрінов.

Әрінов "сонда олар өзі кінәлі ме?" деген сұраққа "бәрі Алланың қалауымен" деп жауап берді.

Биыл сәуірде Құлсары қаласын су басқанда 50 жастағы Абыл Сақабиев пен 37 жастағы Азамат Жұманов суда қалған үйін көріп қайтуға рұқсатсыз шыққан, екеуі мінген трактор жолда аударылған. Су басқан үйін көруге кеткен әкелі-балалы Болатбек Ермекбаев пен Асылхан Нұржауов та терең судан өлі табылған.

Биыл наурызда Абай облысында 39 жастағы Шалқар Қажыгереев пен 66 жастағы Қуанышбек Мырзағазин, 47 жастағы Әділжан Құлқаев мен Үржар ауданының 23 жастағы тұрғыны суда жоғалып кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG