Accessibility links

Столтенберг: Батыс Қытайдың Ресейге көмегін жай қалдырмауға тиіс


 НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Батыс одақтастары Ресейдің Украинаға қарсы соғысында Пекиннің Мәскеуге технология жағынан бірталай көмек көрсеткен әрекетін жай қалдырмауға тиіс деді НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг 17 маусымда Вашингтондағы Вильсон орталығында сөйлеген кезде.

Столтенбергтің айтуынша, кейінгі екі жылда Ресей қолданған микроэлектрониканың 90 пайызы Қытайдан шыққан. Оларды әртүрлі қару-жарақ шығаруға пайдаланады. Столтенберг Қытай Ресеймен спутник технологиясын дамыту бойынша да жұмыс істейді деді.

"Қытай Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі әскери қақтығысты жандырып жатыр, ал бір жағынан ол Еуропамен жақсы қарым-қатынаста болғысы келеді... Пекин анаған да, мынаған да ие болмауы керек. Егер Қытай бағытын өзгертпесе, одақтастар оны жауап беруге мәжбүрлеуге тиіс", – деді НАТО бас хатшысы.

Дүйсенбіде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби де Пекинді сынға алды. Брифинг кезінде ол қытайлық микроэлектроника "Ресейдің құлдырап жатқан әскери-өнеркәсіп базасын қолдауға көмектесті" деді. Кирбидің сөзінше, АҚШ бұл мәселені Қытай өкілдерімен пікірталаста көтерген.

Йенс Столтенберг Вашингтонға шілдеде өткелі отырған НАТО-ға мүше елдер саммитіне дайындық аясында барған. Бұл жиында Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басты тақырып болады. Столтенбергтің сөзінше, Украина саммитте НАТО-ға кіруге шақыру алмаса да, Киевтің осы ұйымға болашақта қосылуына "көпір салынбақ".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG