Accessibility links

Путин Солтүстік Корея мен Вьетнамға сапар шегеді


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. Ресейдің Амур облысы, 13 қыркүйек, 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) және Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын. Ресейдің Амур облысы, 13 қыркүйек, 2023 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 18-19 маусымда мемлекеттік сапармен Солтүстік Кореяға, ал 19-20 маусымда Вьетнамға барады. Бұл туралы Кремль сайты хабарлады.

Путинді Солтүстік Кореяға сол елдің басшысы Ким Чен Ын шақырған. Бұл сапар Солтүстік Кореядан Ресейге оқ-дәрілер жеткізу артқаны туралы көптеген хабар тарап жатқанда өтпек.

Ресей президентін Вьетнамға коммунистік партияның орталық комитеті бас хатшысы Нгуен Фу Чонг шақырған. Путин Ханойда президент То Ламмен, үкіметтің премьер-министрі Фам Минь Тиньмен және ұлттық жиналыс төрағасы Чан Тхань Манмен кездеспек. Сапар жоспарында Ресей мен Вьетнамның сауда-экономикалық, ғылыми-технологиялық және гуманитарлық салалардағы байланысын талқылау бар. Келіссөздерден соң тараптар екіжақты бірнеше құжатқа қол қояды деп хабарлады БАҚ.

Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, Ресей президентінің Пхеньянға сапарының бағдарламасы "өте мазмұнды" болмақ. Ресей делегациясы құрамында қорғаныс министрі Андрей Белоусов бар. АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби Ресей мен Солтүстік Корея қарым-қатынасы нығайып келе жатқанына Вашингтонның алаңдайтынын айтты.

Ким Чен Ын былтыр 12-17 қыркүйекте Ресейде болған. Ол сапар кезінде екі ел арасында қандай да бір ресми келісімге қол қоймаған. Тараптардың екіжақты құжаттарға қол қойғаны туралы көпшілікке хабарламады. Батыс ақпарат құралдары Ким Ресей билігімен әскери саладағы екіжақты ынтымақтастық бойынша келіссөз жүргізген болуы мүмкін деп жазған.

Бұған дейін Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Шин Вон Сик Bloomberg журналистерімен сөйлескенде Солтүстік Корея Ресейге бес миллионнан астам артиллерия снарядын жіберді деп айтқан.

  • Ақпан айында америкалық зерттеушілер аймақтағы порттар мен теміржол станцияларының спутниктен түсірілген жүздеген суретін талдап шығып, 2023 жылдың тамызынан бері Солтүстік Корея Ресейге 2,5 млн-нан астам оқ-дәрі берген болуы мүмкін деген қорытынды жасаған. Украина бас прокуратурасы Ресей әскері Украина аумағын атқылауға Солтүстік Кореяның ракеталарын пайдаланғанын тіркеген. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше жеті мемлекет Ресейді Пхеньянмен әскери-техникалық әріптестікке салынған эмбаргоны бұзды деп айыптаған.
  • Солтүстік Корея ядролық қару әзірлеу және оны сынауға байланысты бірқатар халықаралық санкцияға ілінген. Оны Батыс елдері ғана емес, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де салған. Олардың ішінде қару-жарақ саудасына да тыйым бар. Ресей БҰҰ мүшесі ретінде санкцияларды орындауға міндетті.
  • Ақпанда The New York Times газеті Ресей өзі алған оқ-дәрінің қарымы ретінде Солтүстік Кореяға халықаралық қаржы жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалануға рұқсат беріп, БҰҰ санкциясына ілінген Солтүстік Кореяның бірқатар активін бұғаттан босатты деп жазған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG