Accessibility links

Белсенді Асылбек Жамұратовтың соты "істегі куәнің қауіпсіздігіне" байланысты жабық өтеді


Белсенді Асылбек Жамұратов. Қонаев, 17 маусым, 2024 жыл.
Белсенді Асылбек Жамұратов. Қонаев, 17 маусым, 2024 жыл.

17 маусымда Алматы облысы Қонаев қаласы (бұрынғы Қапшағай) сотында алматылық кәсіпкер әрі белсенді Асылбек Жамұратовтың үстінен қозғалған іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті. Ол былтырғы қарашаның аяғынан бері тергеу абақтысында отыр.

Жамұратовқа Қылмыстық кодекстің "Тыйым салынған ұйым қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу" (405-бап, 1-2-бөлігі) және "Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру" (258-бап, 1-бөлігі) баптары бойынша айып тағылды. Белсендінің жақтастары "оған тағылған айыптың бәрі ойдан шығарылған" және "істің саяси астары бар" деп мәлімдеді.

"Айыптаулардың бәрі банк аударымдары мен ҚДТ-ның әлеуметтік-экономикалық бағдарламалары бар парақтарды таратуға негізделіп құралғаны айыптау актісінен көрініп тұр. Істе "құпия куә" бары бүгін ғана белгілі болды" деп жазды Qaharman құқық қорғау бастамасы Facebook-тегі парақшасында.

Шетелде тұрып жатқан қуғындағы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов негізін қалаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын Қазақстан соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған. Еуропарламент резолюцияларында бұл ұйымды бейбіт оппозиция деп атаған.

17 маусымда судья Нұрсұлтан Қойшыбаев Асылбек Жамұратовтың сот процесін жабық өткізу туралы шешім шығарды. Оның алдында прокурор С. Кеңесов тергеуді жабық сот отырысында жүргізуге өтініш түсірген. Прокурордың айтуынша, тергеу кезінде жауап алынған куә "жеке басының және отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді" сұрап облыстық прокуратураға жүгінген.

Qaharman ақпаратында судья кеңесу бөлмесіне "бірнеше минутқа барып келген соң" прокурордың өтініші қабылданды деп жазылған.

"Сот куәнің, оның отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы қылмыстық істі жабық процесте қарауға қаулы шығаруды қажет деп санайды" делінген сот қаулысында.

Қаулыға сәйкес, сотқа қатысатын адамдарға істегі ақпаратты жария етуге болмайды. Қаулыға қарсы шағым түсіруге болады, оған 15 күн ішінде прокурордың өтініші берілуі мүмкін.

Qaharman құқық қорғау бастамасы қолына кісен салынып, жанында айдауыл тұрған Асылбек Жамұратовтың сот залында түсірілген суреттерін жариялады.

17 маусымда cағат 10-да басталады деген сот отырысын кем дегенде екі рет шегерді, кейін процесс кешкі алтыға қарай басталды. Белсенді Әсет Әбішевтің айтуынша, бұған сотталушыны Талдықорғандағы тергеу абақтысынан Қонаевқа алып келе алмағаны себеп болған. "Асылбекті Талдықорғаннан сотқа тағы алып келмеді. Өткенде уақытша ұстау изоляторында орын болмады деді, бүгін жолда көлік бұзылып қалыпты" деді ол Facebook-те жариялаған видеосында.

Дүйсенбіде сотталушының адвокаты Нұрлан Рахманов та Жамұратовты сотқа алып келмегенін айтты. Оның сөзінше, прокурор мұны "техникалық себептерге — көлік болмағанына байланысты" деп түсіндірген.

 "Саяси тұтқындар" ісін жабық қарау дұрыс па?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

Бұған дейін Жамұратовтың ісі бойынша сот 13 маусымда басталады деген, кейін оны сотқа алып келмегеніне байланысты отырысты 17 маусымға ауыстырған-ды. NotExtremist телеграм-арнасы билік сот ашық өткенін және оған бақылаушылар қатысқанын қаламаған болуы мүмкін деп жазды.

Асылбек Жамұратов 2023 жылғы 30 қарашада ұсталып, тергеу изоляторына қамалған. Биыл сәуірде қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Кейінгі бірнеше айда "саяси тұтқындар" тізіміне енген белсенділердің ісі бойынша сот процестері жабық өткізілетін болды. Мамырда Қонаев қаласында 3,5 ай үзілістен кейін журналист Думан Мұхаммедкәрімнің жабық соты жалғасты. Былтыр тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының лидері Марат Жыланбаев пен тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының лидері Нұржан Әлтаевтың соттары жабық өткен.

Соттарды жабық өткізу кімге тиімді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:06 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG