ЖАҢАЛЫҚТАР
Трамптың жарлығы: сайлаушы болып тіркелу үшін азаматтығыңды дәлелде

АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі, 25 наурызда қол қойған жарлыққа сәйкес, америкалықтар сайлаушы ретінде тіркелу үшін АҚШ азаматты екенін растайтын құжат ұсынуы керек болады.
Жарлық сайлаушыны тіркеумен айналысатын жергілікті билік органдарына сайлаушы ұсынған құжаттардың шынайылығын тексеру міндетін артады. Жарлықта сондай-ақ, поштамен жіберілген бюллетеньдерді санауды сайлау күні аяқталуы тиіс деген талап бар.
Ақ үй өкілдерінің айтуынша, жарлықтың негізгі мақсаты – азаматтығы жоқ адамдардың және АҚШ-та заңсыз тұратын кісілердің сайлауға қатысуына тосқауыл қою. Бұған дейін Дональд Трамп елдегі сайлау жүйесінің кемшіліктерін бірнеше рет сынға алған және 2020 жылғы президенттік сайлауда дауыс беруге хақы жоқ адамдардың бюллетеньдерін қоса есептеудің салдарынан жеңіліп қалдым деп мәлімдеген, бірақ ол сөзіне ешқандай дәлел-айғақ келтірмеген.
"Сайлау алаяқтығы – бұл сөз тіркесін естідіңіздер. Біз оны жоямыз деп үміттенем", – деп мәлімдеді Трамп сейсенбіде жарлыққа қол қойып жатып.
АҚШ-та БАҚ сілтеме жасаған заңгерлер бұл жарлық дау-дамай туғызады деген пікірде, себебі президент биліктің атқарушы тармағына жатпайтын федералдық сайлау комиссиясынан сайлау ережелерін өзгертуді талап етіп, өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр дейді олар.
Қазіргі ережелер бойынша, сайлаушы ретінде тіркелгісі келетін адам тіркелу туралы өтінішінде өзінің азаматтығы барын көрсетсе жеткілікті. Егер жалған ақпарат бергені анықталса, жауапқа тартылады. Заңсыз дауыс беру туралы хабарларға байланысты жүргізілген көптеген тексерулердің нәтижесі, ресми мәліметтер бойынша, ондай жайттардың саны көп емес екені анықталған
Дональд Трамптың әкімшілігі президент жарлығын орындаудан бас тартқан штаттар федералды қаржыландырудан қағылады деп ескерткен.
Басқа да жаңалықтар
АҚШ соты "Америка дауысын" жоймақ болған Трамп әкімшілігінің әрекетіне тосқауыл қойды

Нью-Йорк судьясы "Америка дауысын" жоймақ болған Трамп әкімшілігінің әрекетіне тосқауыл қойды деп жазды New York Times.
Сотқа шағымды медиа қызметкерлері мен кәсіподақтар түсірген. Олар биліктің әрекеті журналистердің сөз бостандығы құқығын бұзады деп мәлімдеді.
Reuters-тің жазуынша, сот шешімінде хабарды қалпына келтіру туралы талап жоқ, алайда радионың қызметкерлерін сот аяқталғанға дейін жұмыстан шығаруға тыйым салынған. Сот енді "Америка дауысын" күштеп жапқан ба, жоқ па, соны анықтауы керек.
"Америка дауысының" директоры Майкл Абрамовиц Ақ үйдің әрекетіне қатысты бөлек шағым түсірді.
Наурыздың ортасында АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. "Америка дауысы", Азат Еуропа/Азаттық радиосы және өзге де халықаралық америкалық ақпарат құралдары USAGM-ға қарайды. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына Конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты.
Трамптың жарлығынан кейін "Америка дауысы" да жұмысын тоқтатты, ал USAGM кәсіподақтарға 600-ден астам қызметкерді жұмыстан шығару жоспарын айтты. Бұл шешім сотта қаралған.
АЕ/АР да Конгресс-тің 2025 жылы бөлген грантына қол жеткізу үшін USAGM-мен соттасып жатыр.
- Сот қарсаңында АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі Азат Еуропа/Азаттық радиосына АҚШ Конгресі бөлген қаржының бір бөлігін беруге келіскен. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі, АЕ/АР медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. Нәтижесінде АЕ/АР 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.
- 27 наурызда медиакорпорация USAGM-ның гранттың толық ұзартылғанын ресми түрде растағанын күтетінін мәлімдеген. 28 наурыз, жұма күні агенттіктен растау келмеді.
- USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған. Дегенмен One America News сайтына берген сұхбатында Кэри Лейк USAGM арқылы қаржы алатын ақпарат құралдарының қызметін зерттеуге тиісті уақыты болмағанын айтқан.
Астанада қарақалпақ белсендісі қамаудан шықты. Ол бір жыл экстрадициялық қамауда болды

Ташкенттің өтініші бойынша ұсталып, 12 ай экстрадициялық қамауда болған қарақалпақ белсендісі Расул Жұманиязов Астанадағы изолятордан босап шықты. Жұманиязовтың босатылғанын 29 наурызда Адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры хабарлады. Құқық қорғау тобының мәліметінше, 32 жастағы белсенді тергеу изоляторынан 25 наурызда шыққан.
Өзбекстанда іздеу жариялануына байланысты Жұманиязов 2024 жылы наурызда Астанада ұсталған. Өзбекстанда арнайы қызметтің қудалауына байланысты Қазақстанға 2022 жылы наурызда өткен. Түркімендік Хельсинки қорының хабарлауынша, Өзбекстанда оған "қоғамдық тәртіп пен қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіретін материалдарды әзірлеу, сақтау, тарату және көрсету" бабы бойынша айып тағылған. Мәселе белсендінің Қарақалпақстаннан кетпей тұрып әзірлеген видеосы жөнінде болып отыр.
Расул Жұманиязов - Өзбекстан билігінің өтініші бойынша Қазақстанда ұсталып, қамауда болған соңғы қарақалпақ белсендісі.
Ақпан айында қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ақылбек Мұратбай да бір жыл экстрадициялық қамаудан кейін изолятордан босап шыққан еді.
Қазақстан босқын мәртебесін сұраған Ақылбек Мұратов және тағы бес белсендінің өтінішін қанағаттандырмаған. Бұлар: Жангелді Жақсымбетов, Зиуар Мирманбетова, Раиса Құдайбергенова, Тілеубике Юлдашева және Қошқарбай Төремұратов. Алғашқы төртеуі былтыр АҚШ-қа кеткен. Төремұратовқа Польша босқын мәртебесін берген.
Қазақстанда ұсталған белсенді Ринат Утамбетовті билік 2024 жылы желтоқсанда еліне экстрадициялаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Утамбеков баспана беру туралы өтінішін тоқтатуды сұрап, "өз еркімен" отанына кетуге келіскен. Ол Нөкістегі тергеу изоляторында отыр, жуырда соты басталды. Оған "билік органының заңды қызметіне кедергі жасау" және "қоғамға қатер төндіретін материалды алдын ала сөз байласып, интернет арқылы тарату" бабы бойынша айып тағылған.
- 2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Құқық қорғаушылар бұдан да көп адам өлген болуы мүмкін деп санайды.
- Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті. Наразылықтан кейін Ташкент халық пікірін ескеретінін айтып, даулы өзгерістерден бас тартқан. Бірақ құқық қорғаушылар қарсылық білдірген қарақалпақ белсенділерін жазалап, қудалауды күшейткенін айтқан. Қазақстанда Өзбекстан өтінішімен қарақалпақ белсенділері ұстала бастады.
Ресей әскері Днепрге шабуыл жасады. Қалада ірі өрт болды

Ресей әскері Днепрге дронмен соққы жасап, төрт адам қаза болды, 21 адам жарақаттанды деп хабарлады Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Сергей Лысак.
Оның сөзінше, қалада жарылыс болып, өрт шыққан, тұрғын үйлер қираған. Украина ақпарат құралдарының хабарлауынша, Bartolomeo мейрамхана-қонақүй кешеніне соққы жасалған. Видеодан көп қабатты тұрғын үй мен жеке үй өртеніп жатқаны көрінеді.
Днепрдің мэрі Борис Филатов жұма күні кешке сондағы жұрт арасында белгілі мейрамхана бұзылғанын растап, оқиға орнынан сурет пен видео жарияламауға шақырды.
29 наурыз, сенбі күнгі мәлімет бойынша, төрт жеке үй тұтас өртеніп кеткен. Кемінде он жеке үй мен бірнеше көп қабатты тұрғын үй, оқу, әкімшілік ғимараты, қоймалар бүлінген. Ондаған көлік қираған.
Ресей қорғаныс министрлігі Днепрге шабуылға түсініктеме берген жоқ.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина қысқы Олимпиада ойындарына алғашқы жолдаманы ұтып алды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Бостондағы әлем чемпионатында 14-орынды иеленді. Ол 2026 жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына алғашқы жолдаманы ұтып алды.
18 жастағы Самоделкина 181,36 ұпай жинады. Бірақ спортшы өзінің өнер көрсетуіне көңілі толмады. Goldenskate басылымына берген сұхбатында ол жаттығу залдарында көп шыныққанын, алайда мұз айдынындағы соңғы комбинациясы ойдағыдай шықпағанын жеткізді.
Бостондағы әлем чемпионатында америкалық Алиса Лю (222,97 ұпай) бірінші орынды иеленді. Күміс жүлдені жапон спортшысы Каори Сакамото (217,98), ал қоланы оның отандасы Моне Чиба (215,24) жеңіп алды.
Самоделкина Қазақстан азаматтығын 2023 жылы алған. Бұған дейін ол Ресейде тұрған.
2022 жылы спортшы Ресейдегі ересектер чемпионатында 233,09 ұпаймен төртінші орын алған. Бұл чемпионатта Александра Трусова (Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері), Анна Щербакова (Пекин Олимпиадасының чемпионы) және Аделия Петросяннан алғашқы орындарға ие болды. Осыдан кейінгі 2022/2023 маусымында Самоделкина Ресейдегі кубоктардың бірінде алтын, екіншісінде күміс жүлдеге ие болды. 2022 жылы Алматыда Денис Тенті еске алу күніне орай өткен турниде жеңіске жетті.
Қазір Самоделкина америкалық жаттықтырушы Рафаэль Арутюнянмен бірге АҚШ-та жаттығып жатыр.
Зеленский Вашингтонмен пайдалы қазба бойынша келісімнің жаңа шарттары туралы айтты

Киев АҚШ-тан пайдалы қазба туралы келісімнің жаңа нұсқасын алды деп жазды Азаттықтың Украин қызметі.
Құжатты Америка жағы Украинаның вице-премьері Юлия Свириденко арқылы беріп жіберген. Зеленскийдің сөзінше, вице-премьер келісімнің жаңа нұсқасын "мүлде басқа құжат" ретінде сипаттаған.
"Онда бұған дейін сөз болмаған жайттар көп, сонымен бірге осыған дейін тараптар қабылдамай тастаған кейбір нәрселер де қайта пайда болған" деді Свириденконың сөзін жеткізген Зеленский.
Зеленский Киев өзін АҚШ алдында қаржылық міндеттемесі бар деп санамайтынын тағы қайталады.
"Біз қолдағаны үшін алғыс айтамыз, алайда бұл несие емес, біз бұған жол бермейміз" деді саясаткер. Оның сөзінен УНИАН үзінді келтіреді.
Бұған дейін Financial Times пен Bloomberg АҚШ пен Украина арасындағы пайдалы қазба туралы жаңа келісім жобасындағы жайттарды жариялаған.
Құжатқа Вашингтон Украинаның барлық табиғи ресурсын енгізген. Арасында мұнай-газ, сонымен бірге пайдалы қазбаны пайдаланумен байланысты инфрақұрылымдар да бар.
Осы келісім аясында АҚШ барлық инвестицияны бақылап, берген ақшаны қайтармайынша кірісті ала бермек.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының шағымы бойынша сот жалғасып жатыр

Азат Еуропа/Азаттық радиосы АҚШ Конгресінің 2025 жылға бөлген грантына қол жеткізу үшін АҚШ Ғаламдық медиа агенттігімен (USAGM) соттасып жатыр. АЕ/АР басшылығы 28 наурызда осылай деп мәлімдеді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы және өзге де халықаралық америкалық ақпарат құралдары USAGM-ға қарайды. Наурыздың ортасында АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына Конгресс бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты.
Вашингтондағы (Колумбия округі) федералды округтік соты 25 наурызда Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігіне (USAGM) қарсы берген талап-арызында көрсетілген осы медиаұйымға қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтінішін қанағаттандырған.
Сот қарсаңында АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі Азат Еуропа/Азаттық радиосына АҚШ Конгресі бөлген қаржының бір бөлігін беруге келіскен. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі, АЕ/АР медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. Нәтижесінде АЕ/АР 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.
27 наурызда медиакорпорация USAGM-ның гранттың толық ұзартылғанын ресми түрде растағанын күтетінін мәлімдеген. 28 наурыз, жұма күні агенттіктен растау келмеді. "Конгрестің бізге АҚШ Ғаламдық медиа агенттігі арқылы бөлген қаражатын асыға күтеміз. Оған дейін Конгресс шешімдерінің сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті құқықтық құралдарды қолданамыз. Азаттық радиосы өз аудиториясы мен Конгресс бекіткен миссиясына адал болып қалады" деп жазылған хабарламада.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына Конгресс бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
- USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
- Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы - Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істейді. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.
Құлсары ауруханасында ер адам әйелді өлтірген. Күдікті ұсталды

Әйелдердің тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегуі мәселесін қозғап жүрген "Немолчи" қоры Атырау облысы Құлсары қаласында ер адамның өзінің бұрынғы әйелін өлтіргенін хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, қайғылы оқиға қалалық поликлиникада болған. Бұрынғы күйеуі әйелін пышақтап, қашып кеткен. Қаза болған әйелдің екі кішкентай қызы бар екені айтылады.
Атырау облыстық полиция департаменті Азаттық Азияаға ақпаратты растады.
"Адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған, тергеу басталған.
Полицияның айтуынша, 33 жастағы күдікті ұсталып, қамалған. Басқа ақпарат айтылмайды.
Atyrau ONLINE қауымдастығының жазуынша, "қайғылы оқиға 27 наурызда түстен кейін әйел адамның жұмыс кабинетінде болған, ол жерге бұрынғы күйеуі кенеттен баса-көктеп кіріп, пышақпен шабуылдаған".
Оқиға орнына медбикелер мен полицейлер жедел барған, бірақ әйел алған жарақаттан сол жерде қайтыс болған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық және фемицид Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстанда өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ресми мәлімет бойынша, 18-49 жастағы әрбір алтыншы қазақстандық өмірінде бір рет физикалық немесе жыныстық күш көрсетуге ұшыраған.
Қарағанды медицина университетінің зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда көп жағдайда әйелдердің басым бөлігіне өзінің серігі күш көрсетеді, 12 пайыз жағдайда ғана өзге адамдар озбырлық жасайды.
Қазақстан бас прокуратурасының мәліметінше, 2024 жылы елде әйел адамды өлтіру фактісі бойынша 137 іс тіркелген. "Адамның денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша - 191, "Орта дәрежеде зақым келтіру" бойынша 594 іс қозғалған. 198 әйел өзіне қол жұмсаған.
Қазақстан мен Еуропа арасында виза беру тәртібі жеңілдеуі мүмкін

Қазақстан мен Еуроодақ виза тәртібін жеңілдету келісімін бекіту процесін бастады. Ақорданың жазуынша, Еурокомиссияның вице-президенті Кая Каллас Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу кезінде осылай деп мәлімдеген.
Ол виза беру тәртібін жеңілдету жөніндегі келісімді бекіту үдерісі басталғанын айтқан.
Тоқаев қазақстандықтар аталған жаңалықты өте жылы қабылдағанын атап өтіп, бұл қадам еуропалық елдермен жеке және іскерлік қатынастарды нығайтуға мол мүмкіндік беретінін айтқан.
Ақорданың жазуынша, тараптар кездесу кезінде “сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды көздейтін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне” ерекше мән берген.
Кездесуде «Орталық Азия – Еуропа Одағы» форматындағы ықпалдастықтың жай-күйі де қаралған.
3-4 сәуірде Самарқанда өтетін ЕО-Орталық Азия саммитіне Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта қатыспақ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов те қатысады.
Бұл – "Еуропа+Орталық Азия" форматында өтетін алғашқы саммит. Бұған дейін мұндай форматтағы саммит АҚШ, Қытай, Ресеймен болған.
Бұған дейін құқық қорғаушылар Еуропа Одағын Орталық Азиямен байланысты адам құқығын ортаға қоюға шақырған.
ҚМГ Атырау мұнай өңдеу зауытындағы үлесті ресейлік компанияға беру мәселесін талдап жатыр

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы үлесті ресейлік "Татнефть" компаниясына беру мәселесін талдап жатыр. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
"Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының акцияларын жекешелендіру – бұл бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің квазимемлекеттік сектор үлесін азайту арқылы мұнай өңдеу және мұнай өнімдері нарығында бәсекелестікті дамытуға бағытталған ұсыныс. «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) мұндай шешімдерге дайындық корпоративтік шешім деңгейінде де, техникалық-экономикалық аспектілер тұрғысынан да айтарлықтай уақытты қажет ететінін ескере отырып, бұл мәселені талдап жатыр. Іс жүзінде мұндай процестер бірнеше жылға созылады" деп жазылған компанияның баспасөз қызметінің хабарламасында.
ҚМГ-ның айтуынша, "өндіріс тізбегін бірлесіп құру үшін" компания шетелдік компаниялармен әріптестікке ашық және осы мақсат аясында "ресейлік "Татнефть" компаниясымен де ынтымақтастық орнатқан".
Компанияның хабарлауынша, "Ресей жағы мұнай өңдеу зауыттарымен байланысты мұнай-химия жобаларын инвестициялауға қызығушылық білдірген".
Редакцияға түскен құжаттарға сүйенген Ulysmedia сайтының жазуынша, мәселе "сату емес, мұнай өңдеу зауытын ресейлік "Татнефеть" компаниясына сенімді басқаруға беруде" болып отыр.
Атырау мұнай өңдеу зауыты - елдегі негізгі үш мұнай өңдеу зауытының бірі. 99 пайыз акциясы "ҚазМұнайГазға" тиесілі. Зауыттың ресми сайтында жобаның қуаты жылына 5.5 млн тонна деп жазылған. Кәсіпорын 20 шақты мұнай өнімін өндіреді: көмірсутекті газ, сұйытылған газ, отындық газ; К4 және К5 экологиялық санақа жататын автомобиль және дизель отындары, реактивті қозғалтқыштарға арналған отындар, вакуумдық газойль, мазут, мұнай коксы, техникалық күкірт және тағы басқа өнімдерді өндіреді.
Мьянмада қатты жер сілкінісі болды

Мьянмада магнитудасы 7,7 болатын қуатты жер сілкінісі болды. Шамамен он минуттан кейін болған афтершок 6,4 балл болған.
Жер сілкінісінің ошағы Сикайн қаласының солтүстік-батысында орналасқан. Мьянманың бұрынғы астанасы Рангон қаласы тұрғындарының сөзінше, жұрт үйлерінен жүгіріп шыққан.
Ақпарат құралдары Мьянма аумағында ғимараттар қирағанын жазды. Болжам бойынша, ондаған немесе жүздеген үй қираған болуы мүмкін. Сикайн қаласын Авамен жалғап тұрған Ираведи өзеніндегі көпір қираған. Агенттіктер мен қолданушылар, еріктілер жариялаған суреттерде адамдардың үйінді астынан шығуға тырысып жатқаны көрінеді.
Эпицентрден шамамен 1400 шақырым қашықта орналасқан Таиланд астанасы Бангкокта да үйлер қирағаны жөнінде ақпарат тарады. Желіде құрылысы әлі толық бітпеген көпқабатты ғимараттың қирағаны жөнінде видео жарияланды. AFP мәліметінше, үйінді астында ондаған жұмысшы қалған.
Таиланд билігі елде төтенше жағдай жариялады. The Nation сайтының жазуынша, елдің барлық әуежайында ұшуға тыйым салынған.
Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, жер дүмпуі Бангладеш, Үндістан, Лаос және Қытайда сезілген.
Зардап шеккендер мен қираған үйлер саны анықталып жатыр.
Арабша жазуы бар Қазақстан туының суреті тарағаннан кейін Атырауда төрт адам ұсталды

Әлеуметтік желіде бет-жүзін қара ниқабпен жауып алған төрт адамның Қазақстан туын ұстап тұрған суреті тарады. Қазақстан туының жоғарғы бөлігінде діни символика мен арабша жазу бар.
Атырау облысының полиция департаменті "Азаттық Азияға" ақпаратты растады.
"Мемлекеттік рәмізді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық күдікті анықталып, полицияға жеткізілді" деді ведомство өкілдері.
"Мемлекеттік рәмізді қорлау" бабы (Қылмыстық кодекстің 372-бабы) 3 мың АЕК-ке дейін (23 мың доллардан астам) айыппұл немесе қоғамдық жұмыс немесе екі жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасын қарастырады.
Қазақстандық ақпарат құралдарының мәліметінше, суреттегі төрт адамның екеуі - кәмелет жасына толмаған қыз балалар.
Kursiv телеграм-арнасының жазуынша, Wildberries интернет-дүкені арабша жазуы бар туды платформадан алып тастап, сатушыларға ескеру жасаған. Интернет-дүкеннің өкілдері басылымға аталған тауарлар Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес емес екенін айтқан. Олар тыйым салынған тауарлар ендігәрі маркетплейсте шықпас үшін тиісті шаралар атқарып жатқанын айтқан.
Зеленский АҚШ-ты Херсондағы шабуылға реакция білдіруге үндеді

Украина президенті Владимир Зеленский бейсенбі күнгі баспасөз жиынында АҚШ-ты Ресей әскерінің Херсонға - ондағы энергетикалық инфрақұрылым нысандарына соққысына реакция білдіруге шақырды. Ол Ресейді энергетикалық нысандарды атқылауға мораторий енгізу туралы Ресей мен АҚШ қол жеткізген келісімдерді бұзды деп айыптады.
"Бүгін келісім бұзылды, Херсонға, темір жол вокзалына соққы жасалды, электр жүйесі бүлінді, себебі энергетика [нысандарына да] соққы жасалды" деді Зеленский.
Энергетикалық нысандарға шабуыл жасауға мораторий жарияланғаны жөнінде ресми түрде хабарланған жоқ. Алайда келіссөзге қатысқан АҚШ шенеуніктері бұған дейін Ресей жағы энергетика нысандарын атқылауды тоқтату идеясын қолдады деп айтқан еді.
Ақ үйдің Эр-Риядтағы кездесулерінің қорытындысы туралы мәлімдемесінде тараптар осындай келісімді жүзеге асыру үшін және Қара теңіздегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын әзірлеп жатыр деп жазылған. Украинаның қорғаныс министрі Рүстем Умеров тараптар бір-бірінің энергетикалық нысандарын атқыламауға келіссе, Украина Қара теңізде де атысты тоқтатады деп айтқан.
Ресей әскері 27 наурызда Херсонға артиллериямен соққы жасаған. Қала орталығында екі адам қаза болып, бес адам зардап шекті. Қалада электр энергиясы өшіп, электр көліктер тоқтаған.
Қазақстанның оңтүстігінде жер сілкінді

28 наурызда Жамбыл облысындағы елді мекендердің бірінде бес балдық жер сілкінісі сезілген.
Қазақстандық сейсмологтар жұма күні сағат 3.42-те тіркелген жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 323 шақырымда болды деп хабарлады.
Шу, Тараз, Төле би, Қордай, Сарыкемер, Аса, Мойынкұм ауылдарында – 2 балл; Құланда – 4 балл; Меркеде – 5 балдық жер сілкінісі сезілген.
Министрлік зардап шеккендер мен ғимараттардың бұзылғаны туралы ақпарат түспегенін айтты.
Ведомство Жамбыл облысында төтенше жағдай департаменті жедел әрекет етуге дайын екенін мәлімдеді.
"Қазселденқорғау" мамандары өзен арналарына, гидротехникалық құрылыстарға, сонымен бірге көшкін және сел жүру қаупі бар аумақтарды тексергені айтылды.
Полиция өте маңызды нысандар санатына кіретін ғимараттарда зақым бар-жоғын тексеру үшін шолу жұмыстарын жүргізген.
Солтүстік Корея биыл Ресейге тағы үш мың сарбаз жіберген

Биыл қаңтар және ақпан айларында Солтүстік Корея Ресейге Украинаға қарсы соғысқа қатысу үшін қосымша 3 мыңдай әскери қызметкер жіберген. Бұл ақпаратты Оңтүстік Кореяның әскери қолбасшылығының дерегіне сүйеніп, Associated Press агенттігі хабарлады.
Оңтүстік Кореяның Біріккен штаб бастықтары комитетінің мәліметі бойынша, Пхеньян сондай-ақ Ресейге қару-жарақ, оның ішінде зымырандар, артиллериялық қондырғылар мен оқ-дәрілер жөнелтіп жатыр. Олардың көлемі майдандағы жағдайға байланысты артуы мүмкін. Ресейге жөнелтілген әскери техниканың ішінде "елеулі мөлшерде" қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандар, ұңғысы 170 мм өзі жүретін гаубицалар және 240 мм снаряд ататын реактивтік қару жүйесінің 220 данасы бар деп жазды агенттік.
Бұған дейін Ресейге 11 мыңға жуық сарбаз жіберген Солтүстік Корея өткен ғасырда болған Корей соғысы (1950-1953) кезінен бері ірі қарулы қақтығыстарға алғаш рет қатысып отыр. Оңтүстік Кореяның әскери басшылығының бағалауы бойынша, Пхеньян Ресей жағында соғысуға жіберген сарбаздардың шамамен 4 мыңы қаза тапқан немесе жараланған.
Солтүстік Корея сарбаздары арасында шығынның көп болуы олардың қазіргі заманғы соғысқа дайын болмағандығымен, әсіресе дрон қолдану тәжірибесінің жоқтығымен байланысты. Сонымен бірге, Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің мәліметі бойынша, ресейлік командирлер солтүстіккореялықтарды шабуылға салғанда жеткілікті деңгейде оқ жаудырып қолдау көрсете алмаса да жұмсай береді. Соған қарамастан, солтүстіккореялық жауынгерлер соғысқа қатыса жүріп маңызды әскери тәжірибе жинақтағанын және Курск облысындағы қақтығыстар кезінде Ресей армиясының Украина қарулы күштерін әлсірету стратегиясында маңызды рөл атқарғанын украин әскери қызметкерлері мен барлау қызметтері айтып отыр.
AP агенттігі сілтеме жасаған есеп өткен аптада Пхеньянда Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Сергей Шойгумен кездескенде, Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан соғысын қолдайтынын тағы да мәлімдегеннен кейін жарияланды. Солтүстік Кореяның мемлекеттік ақпарат құралдары Ким мен Шойгу былтыр қол қойылған стратегиялық серіктестік туралы екіжақты келісімге адалдығын тағы да растады деп хабарлады.
Der Spiegel: Трамптың кеңесшілерінің жеке деректері интернетте жүр

АҚШ президенті Дональд Трамптың қауіпсіздік мәселелері бойынша негізгі кеңесшілерінің жеке деректері интернеттен табылады, деп жазды Германияның Der Spiegel журналы.
Басылымның мәліметінше, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц, Ұлттық барлау қызметінің басшысы Тулси Габбард және қорғаныс министрі Пит Хегсет пайдаланған ұялы телефон нөмірлерін, электрон пошта мекенжайын, кейбір жағдайда кілтсөздерді де коммерциялық іздеу жүйелері мен желіге енген деректер базалары арқылы табуға болады.
Der Spiegel әлгі телефон нөмірлері мен электрон пошта мекенжайының көбі қазіргі уақытта да істеп тұр, олар кейде Instagram мен LinkedIn желілеріндегі профильдерді, Dropbox дерек сақтау қызметін, сондай-ақ қолданушының қай жерде екенін бақылайтын қосымшаларды пайдаланған кездері қолданылған деп жазды.
Бұған қоса басылым Габбард пен Уолцтың телефон нөмірлері WhatsApp және Signal мессенжерлеріндегі аккаунттарға байланғанын айтып отыр.
Der Spiegel аты-жөні аталған ресми тұлғалардың үшеуінен де пікір сұрағанын, бірақ әзірге жауап ала алмағанын хабарлады. АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесі неміс басылымы жазып отырған Майк Уолцтың тіркеу деректері мен кілтсөздері 2019 жылы өзгертілген деп мәлімдеді.
Бұл материал АҚШ үкіметі қызметкерлерінің жария етуге жатпайтын ақпаратпен жұмыс істегенде ондай мәліметтердің қауіпсіздігі жеткілікті дәрежеде қорғалып отыр ма деген күдікті күшейтеді. Бұған дейін Ақ үй қызметкерлерінің Signal мессенжерінде өзара жазған хабарламалары жұртқа тарап кетіп, үлкен дауға қалған.
- Signal мессенжеріндегі әлгі жазбаларды The Atlantic бас редакторы Джеффри Голдберг кездейсоқ білген. Ол өзін мессенжердегі топ адам отырған құпия чатқа біреу қосып қойған соң сондағы жазбаларды оқып отырып, Йемендегі ираншыл хуситтер тобына АҚШ тарапынан әуе шабуылын жасау жоспары талқыланғанына көз жеткізгенін кейін көпшілікке хабарлады.
- Трамптың кеңесшісі Майк Уолц бұл жайтқа қатысты "толық жауапкершілікті" мойнына алатынын мәлімдеді. Fox News-ке берген сұхбатында ол Голдбергті мессенжердегі чатқа байқаусызда қателесіп қосқанын, өйткені оның телефон нөмірін басқа адамдікімен шатастырып алғанын айтып ақталды. Сонымен бірге Уолц Голдбергті "жексұрын" деп атап, оны шындыққа жанаспайтын ақпарат жариялады деп айыптады, оны "абырой-беделден жұрдай" және "президентті жек көретін" адам деп сипаттады.
Бессент: АҚШ пен Украина табиғи ресурстар келісіміне келесі аптада қол қоюы мүмкін

АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент Fox News арнасына берген сұхбатында АҚШ пен Украина алдағы аптада табиғи ресурстар туралы келісімге қол қоюы мүмкін деп мәлімдеді.
"Біз экономикалық әріптестік туралы дайын құжатты тапсырып қойдық. Қазір ол құжатты Украина тарапы қарап жатыр, ал біз келесі аптада толымды келіссөз басталып, тіпті қол қойылуы мүмкін деген үміттеміз", – деді Бессент.
Ол айтып отырған келісімге биыл ақпан айының аяғында Украина президенті Владимир Зеленский Вашингтонға сапармен барған кезде қол қойылады деп жоспарланған еді. Алайда, Ақ үйдегі кездесу кезінде екі елдің президенттері сөз таластырып қалғаннан кейін құжатқа қол қойылмаған еді.
Сұхбат барысында Бессентке Ресейге қарсы санкциялар туралы сұрақ қойылды. Шенеунік санкцияларды күшейту немесе босаңсыту Ресейдің болашақ қадамдарына байланысты болмақ деп жауап қатты.
"Егер олай істеу президент Трампқа келіссөздерде артықшылық беретін болса, ол санкцияларды күшейтуден тартынбайды деп ойлаймын", – деді АҚШ-тың қаржы министрі.
Трамп бұған дейін Вашингтон Ресей ұсынған Қара теңіздегі бітімге қатысты келісім шарттарын қарастырып жатыр деп айтқан. Трамп бес я алты шарт жайлы сөз болып отырғанын растады. Кремльдің ресми сайтында жарияланған Ресейдің талаптары арасында Россельхозбанкті санкциялардан босату және оны SWIFT жүйесіне қосу туралы талап та бар, бірақ Еуропа одағының келісімінсіз оны орындау мүмкін емес.
Газа секторында ХАМАС тобына наразылар шеруі жалғасып жатыр

Газа секторының солтүстігінде АҚШ пен Еуропа Одағы террорлық ұйым деп таныған ХАМАС радикалды тобына наразы адамдар шеруі жалғасып жатыр. Наразылық орталығы Бейт-Лахия қаласында жүздеген адам көшеге шығып, "ХАМАС, кет!" деп айқайлаған. Наразылық митингілері Газа қаласында да өтіп жатыр.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, осы аптаның сейсенбі және сәрсенбі күндері наразылыққа жалпы саны екі мыңға жуық адам шыққан. Газа тұрғындары 17 айдан бері жалғасып келе жатқан Израильмен соғыстың аяқталуын талап етіп, ХАМАС-ты бейбіт шешімге келуден бас тартып отыр деп айыптайды.
Наразылық шеруіне шыққандар бұған қоса Газа секторындағы халықты бомбалап жатыр деп Израильді айыптады, оған қоса қақтығысты шешуде жеткіліксіз араағайындық жасады деп араб елдерін кінәлады.
ХАМАС құрылымдары наразылықтарға байланысты комментарий берген жоқ. Олардың медиа мен әлеуметтік желілерде наразылықтарды соғысқа қарсы деп сипаттап, фотосуреттер мен видеолар жариялаған. Бірақ оларда ХАМАС-ты биліктен шеттету талаптары көтерілгені жайлы ештеңе айтпаған.
Наразылықтар 18 наурызда Израиль Газа секторына қарсы әуе шабуылын қайта бастаған соң тұтанған. Израиль армиясы ХАМАС тобы 2023 жылғы 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуыл кезінде кепіл ретінде алып кеткен адамдарды босатудан бас тартқаннан кейін Газада құрлықтағы операцияны қайта бастаған.
Оған дейін, қаңтар айынан бастап ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату режимі орнаған еді. ХАМАС кепілде ұстап келген 30-ға жуық адамды (кейбірінің мәйітін) Израильге қайтарған. Бірақ кейін Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер тығыраққа тірелген.
Франция Украинаға екі миллиард еуроның әскери көмегін бермек

Франция Украинаға екі миллиард еуро көлемінде әскери көмек береді. Мұны 26 наурызда Париждегі Елисей сарайында Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдаған Франция президенті Эммануэль Макрон хабарлады.
Жаңа көмек пакеті аясында Украинаға танкіні жоятын зымырандар, Mirage әскери ұшақтарына арналған зымырандар, қашықтан басқарылатын оқ-дәрілер мен беренді техника беріледі. Бұған қоса, Макронның айтуынша, Франция Украинада қару-жарақ өндірісін дамытуға көмек көрсетіп жатыр.
Баспасөз мәслихатында Макрон Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған барлық бастамаларды, соның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасын да қолдайтынын айтты. Алайда, оның сөзінше, атысты тоқтату Ресейге қарсы салынған санкциялар автоматты түрде жойылады дегенді білдірмейді. Франция президенті санкциялар Ресей Украинамен халықаралық деңгейде танылған шекараларға оралып, оккупацияланған аумақтардан бас тартқан жағдайда ғана алынады деп мәлімдеді.
Макрон қазіргі уақытта қарулы жанжалды реттеу талпынысы кезінде Киев пен Мәскеудің позициялары теңсіз жағдайда екенін атап айтты.
"Агрессияға ұшыраған мемлекет, атысты тоқтатуды ешқандай шартсыз қабылдауға қадам жасап жатыр, ал екінші жақтан басқыншы тарап оны қабылдамау үшін шарттар қояды", – Франция президенті қарсылас екі тараптың ұстанымындағы айырмашылықты осылайша сипаттады.
Макрон мен Зеленский Украинаға одақтас еуропалық мемлекеттер саммиті қарсаңында кездескен. 27 наурызда Парижде ашылатын саммитте жаңа одақтастар коалициясының жұмысы талқыланбақ. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесімен ең алдымен Еуропа айналысуы тиіс деп мәлімдеген болатын. Еуропа мемлекеттерінің өкілдері Киевті қолдаудың ары қарайғы шараларын, тезірек бейбітшілік орнату мәселесін және Украинаға бітімгерлік күштерін жіберу мүмкіндігін талқылайды.
Трамп: Ресей атысты доғару туралы келіссөзді сөзбұйдаға салып отырған болуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей Украинамен атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюды әдейі созып отырған болуы мүмкін деп мәлімдеді.
"Менің ойымша, Ресей мұны аяқтағысы келеді, бірақ, әдейі уақыт созып отырған болуы да мүмкін. Білесіз бе, мен көп жыл бойы осылай істейтінмін: "Келісімшартқа қол қоюға құлқым жоқ, ойыннан шыққым келмейтін кейіп танытам, бірақ, бұны жасағым келмейді". Толық сенімді емеспін. Дегенмен, Ресей бұл жағдайдың аяқталғанын қалайды деп ойлаймын", – Трамп мұны Newsmax-қа берген сұхбатында айтты деп хабарлады "Настоящее Время" арнасы.
Бұған дейін Трамп Ресей де, Украина сияқты, қақтығыс тезірек аяқталғанын қалайды деп есептейтінін бірнеше рет мәлімдеген еді.
Бұған қоса Трамп Ресейдің Қара теңізде атысты тоқтату туралы келісім күшіне енуі үшін Эр-Риядтағы келіссөздер барысында қойған талаптарын Вашингтон зерттеп жатқанын айтқан. Трамп Ресей тарапы бес я алты шарт қойғанын растады. Бұған дейін Ресейдің талаптары Кремльдің ресми сайтында жарияланған, олардың арасында Россельхозбанк мекемесіне салынған санкцияны алып тастау және оны SWIFT жүйесіне қосу туралы талап та бар. Алайда бұл талапты Еуропа Одағының келісімінсіз орындау мүмкін емес.
АҚШ ресми өкілдері 11 наурызда Сауд Арабиясында Украина делегациясымен болған келіссөз барысында Ресей мен Украина арасындағы барлық майдан шебінде 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсыныс жасаған. Украина бұл ұсынысты қолдады. Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында атысты тоқтату идеясын қолдайтынын, бірақ "көптеген нюанс барын" айтқан.
Эр-Риядтағы келіссөздерден соң АҚШ делегациясы өзара соғысып жатқан Ресей мен Украина өкілдерімен жеке-жеке келіссөз жүргізіп, тараптар энергетика нысандарына шабуыл жасамау туралы 30 күндік мораторийге келісті деп жариялаған. Оған қоса Қара теңізде атысты уақытша тоқтату мәселесі де талқыланып жатыр. Соғысты толық тоқтатып, бітімге келу жайлы айтуға әлі тым ерте, бірақ Киев ондай ұсыныс әлі күшінде екенін айтып отыр.
Украина президенті Владимир Зеленский сәрсенбіге қараған түні Украинаға кезекті рет дронмен жасалған шабуылдарға байланысты пікірін жазып, "мықты қадамдар қажет" екенін және "Ресейдің шабуылдары тыйылуы үшін АҚШ тарапынан көбірек қысым көрсетіп, санкцияларды көбейту" керегін айтты. Зеленскийдің сөзінше, "атысты тоқтату туралы келіссөздерден кейін осындай ауқымды шабуылдар жасау – бұл Мәскеудің шын мәнінде бейбітшілік орнатуға ниеті жоғын әлемге паш етеді".
Батыс Қазақстан өңірінен төртінші рет дронға ұқсас зат табылды

Ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсайтын заттар тағы да Батыс Қазақстан өңірінен, елді мекеннен аулақта табылғанын 26 наурызда облыстық полиция департаменті Азаттық Азияға растады. Табылған заттың суреті я видеосы әзірге жарияланған жоқ.
БҚО полициясы уәкілетті органдармен бірлесіп "Жәнібек ауданынан табылған пилотсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттарды тексеру шараларын жүргізіп жатқанын" айтты.
Ресеймен шектесетін БҚО аумағында биыл осымен төртінші рет кімге тиесілі екені белгісіз ұшу аппараты табылып отыр.
24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған.
18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.
18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.
Құзырлы орындар бұл оқиғаларға байланысты әлі күнге дейін қоғамға толымды ақпарат бермей отыр. 26 наурызда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық Азия агенттігінің сұрағына берген жауабында "барлық фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын" ғана айтты.
BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.
Батыс Қазақстан облысы аумағынан 18 ақпан мен 18 наурызда табылған дронға ұқсайтын екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған.
Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.
СІМ: Бағдат түрмесіндегі әйелдерді елге әкелу бойынша Иракпен келісім жасауға тырысып жатырмыз

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ирак тарабымен Бағдат түрмесіндегі қазақстандық әйелдерді елге қайтару жөнінде келісім жасасауға тырысып жатыр. Бұл жөнінде сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин айтты. Журналистің "террористік әрекетке қатысқаны" үшін Ирак түрмесінде көптен бері жатқан қазақстандық әйелдерді қайтару туралы сауалына Рахметуллин:
– Өзіңіз де жақсы білесіз, сот билігіне араласуға болмайды. Қазақстан сот шешіміне ықпал ете алмайды. Соған қарамастан, біз Ирак тарабымен [сотталған қазақстандықтарды] беру, реадмиссия жасау (мемлекеттің өз азаматтарын қайтаруға келісуі – ред,), және басқалар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – өте ұзақ процесс, – деді ол.
Бірінші вице-министр бұдан қандай нәтиже боларын, оның қашан жүзеге асарын айта алмаймын деді.
Ақан Рахметуллиннің айтуынша, Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесіндегі ауыр жағдайға шағымданып, Қазақстан үкіметінен көмек сұрап жүрген 8 әйелдің барлығы ел азаматы болмауы мүмкін.
– Біріншіден, сегіз адамның бәрі біздің азамат екеніне дәлел жоқ. Түрлі мәлімет бар: біреуінің айтуынша, екеуі ғана қазақстандық, қалғандары көрші елдерден, – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, әйелдерді Қазастанға алдыруға әлі де үміт бар. Ол үшін екі жақ келісімге келуі керек. Келісім болған жағдайда олар толық босатылмайды, тек жазаның қалған бөлігін Қазақстанға өтеуге рұқсат алады деді Рахметуллин.
Ирак астанасы Бағдаттағы "Русафа" түрмесінде қазақстандық әйелдер 2017 жылдан бері қамауда отырғанын Азаттық көптен жазып келеді. Олар қақтығыс болып жатқан Ирак пен Сирияға күйеулеріне еріп түрлі жағдайда барған. Барлығы "терроризм" бабымен өмір бойына сотталған. Азаттықпен сөйлескен әйелдердің айтуынша, іске қатысты тергеу де болмаған, не үшін сотталғандарын да білмейді. Білместікпен адасқанын айтып, өткен ісіне өкінген әйелдер Қазақстан билігінен көмек күтетінін айтып келеді.
Арасында Ирак түрмесінде балаларымен отырғандары да болған. 2019 жылы қазақстандық дипломаттар "Русафа" операциясын ұйымдастырып, Иракта өмір бойына түрме жазасына кесілген қазақстандық әйелдердің 14 баласын елге жеткізген.
Әйелдер түрмеде дұрыс тамақ берілмейтінін, медициналық көмек нашар екенін айтып шағымданған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бұл шағымдарды Ирактағы құзырлы органдарға жеткізгенін айтқан. Биыл ақпандағы Азаттықтың осы бойынша сауалына министрлік: "Жақын арада жауапты дипломаттардың Бағдатқа сапары аясында сотталған азаматтардың жағдайын білу мақсатында түзету мекемесіне кезекті іссапар жоспарланған" деп жауап берген.
Джон Рэтклифф: Украина армиясы бейбітшілік орнамаса, жалаң қол шайқасуға бар

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (Central Intelligence Agency, CIA) директоры Джон Рэтклифф Украинаның қарулы күштері егер бейбітшілік берік орнамаса, онда тіпті "жалаң қол шайқасудан" тайынбайды деп мәлімдеді. АҚШ сенатындағы тыңдауда оның сөйлеген сәтін CNN арнасы тікелей эфирде көрсетті.
CIA басшысы Ресейдің соғыс алаңында артықшылығы болуы мүмкін екенін және баяу алға жылжып жатқанын айтты, бірақ, оның пікірінше, Украина халқы мен армиясының қарсылық таныту қабілеті бірнеше жыл бойы лайықты бағаланбай келген.
Рэтклифф барлау қызметкері ретіндегі өз ой-тұжырымы мен бақылауына сүйеніп, Украина әскері егер қажет болса, ары қарай да соғысуға дайын деген пікір білдірген.
Бұған қоса ол АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты ұзақ мерзімді бейбітшілік орнайтындай жағдайда аяқтағысы келетінін және де онысын Орталық барлау басқармасы қолдайтынын айтқан. Сонымен бірге АҚШ лидері Ресей жеңіске жетсе қандай қауіп барын да жақсы түсінеді деген Рэтклифф.
Ол бейбітшілік туралы келіссөзде қарсылас екі тараптың ешқайсы да көздеген мақсатына жетпейтін жағдайда бітімге келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Бұдан екі апта бұрын Джон Рэтклифф, АҚШ-та Дональд Трамп билікке келгелі бері алғаш рет, Ресейдің сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкинмен телефонмен сөйлескен еді. Ол екеуі 11 наурызда Сауд Арабиясында Украина мен АҚШ өкілдерінің кездесуі барысында Киев Вашингтонның 30 күнге атысты тоқтату туралы ұсынысымен келіскен кезде әңгімелескен.
Рэтклифф жаңа мәлімдемесін 24 наурызда Эр-Риядта өткен америкалық және ресейлік делегациялардың келіссөзінің қорытындысы жарияланған күні жасады. Ол келіссөздің басты нәтижесі – Вашингтон мен Мәскеу Қара теңізде кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күш қолдануға жол бермеу және коммерциялық кемелерді әскери мақсатта пайдалануды тоқтату туралы келісімге келді.
Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде сондай-ақ, АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Украина мен Ресейдің энергетика нысандарына шабуыл жасауға тыйым салу жөніндегі келісімін жүзеге асыру шараларын әзірлеу ниеті жайлы да айтылған.
Ақ үй америкалық және украиналық делегациялар арасындағы кездесу қорытындысы бойынша да осыған ұқсас мәлімдеме жасады, ол кездесу де Эр-Риядта өткен. Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров Ресей мен Украина өзара энергетика нысандарына шабуылдан бас тартқан жағдайда Киев Қара теңізде атысты тоқтатуға келісім беретінін растады. Кремль ондай мораторий 18 наурыздан бастап күшінде дейді. Ал Украина болса Ресей күштері одан бері бірнеше рет шабуыл жасады деп мәлімдеген.
"Арандатудың қажеті жоқ". БҚО-ға құлаған дрон жайлы сұраққа қорғаныс вице-министрінің жауабы

Батыс Қазақстан облысы Жанібек ауданы аумағынан "дронға ұқсас зат" табылғанына байланысты тергеу жүргізіліп жатыр. Мұны 26 наурызда парламент үйінде журналистер сұрағына жауап берген Қазақстанның қорғаныс министрінің орынбасары Хасан Жазықбаев айтқан.
Оның сөзінше, тергеуден әуе қорғаныс күштері тыс қалмаған, шенеунік басқа мәлімет берген жоқ.
Қазақстан аумағына әскери дрон құлауы бірінші рет емес екені және оның себебі жайлы сұрақ қойған журналиске Жазықбаев: «Арандатудың қажеті жоқ» деп жауап берген.
"Бөкей ордасы ауданында не бар екенін білу керек қой. Мүмкін ол сыртқа шыққан техникалық ақау шығар. Барлығын тергеу [нәтижесі] көрсетеді", – деген вице-министр. Ол Қазақстанның әуе кеңістігі ҰҚШҰ елдерімен біртұтас жүйеге енетінін айтқан.
Ел-жұрт алаңдап отыр және әскери дрон құлаған сайын қорғаныс министрлігі неге үнсіз қалады деген сұраққа Жазықбаев «халықты алаңдамауға шақырамын» деп жауап қатты. Тергеу нәтижесі қашан жарияланады деген сұраққа жауап бермеді.
24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Биылғы ақпан айынан бері Батыс Қазақстан облысында осымен үшінші рет осындай оқиға болып отыр.
18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.
18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.
Құзырлы орындар бұл үш оқиға бойынша да әлі күнге дейін қоғамға толымды ақпарат бермей отыр. 26 наурызда Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Азаттық Азия агенттігінің сұрағына берген жауабында "барлық фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын" ғана айтты.
BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.
Батыс Қазақстан облысы аумағына 18 ақпан мен 18 наурызда құлаған екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған. Ал 24 наурызда табылған заттың суреті әзірге жарияланған жоқ.
Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.
Конгрестің 40-тан астам мүшесі Трампқа хат жазып, Азаттық жұмысына қатысы бар жарлықты жоюға үндеді

25 наурыз күні АҚШ-тың заң шығару органы – Конгрестің ондаған мүшесі ел президенті Дональд Трампқа хат жазып, АҚШ Ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабуды көздейтін жарлығын жоюға үндеді. Өкілдер палатасы мүшелерінің айтуынша, жарлық USAGM-ге қарайтын Азаттық радиосы секілді ұйымдарға залал келтіріп, АҚШ қарсыластары – Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдеріне көмек болмақ.
Конгрестің 40-тан астам мүшесі қол қойған хатта USAGM-нің жабылуы АҚШ-тың әлемдегі беделі мен ықпалына соққы болатыны айтылған.
"Тікесін айтқанда, Гаванадан Каракасқа дейін және Минскіден Тегеранға дейін миллиондаған адам жабық әрі шектеулі ортада қалып қояды. Олар әлем жайлы ақпарат алуға қауқарсыз болады", – деді хат авторлары. – Біз сізге осы жарлықты қайта қарап, USAGM мен оның хабар тарату желілерінің маңызды жұмысын жалғастыруды қамтамасыз ету жөнінде табанды талап қойып отырмыз".
Өкілдер палатасының мүшесі, осы палатаның сыртқы саясат комитетіндегі Еуропа жөніндегі кіші комитеттің жоғары шенді өкілі Билл Китингтің (демократ, Массачусетс) айтуынша, Азаттық радиосы, Америка дауысы, Азат Азия және USAGM-ге қарасты өзге медиа ұйымдар "маңызды жұмсақ күш құралы қызметін атқарып", жабық қоғамда өмір сүретін адамдарға объективті әрі сенімді ақпарат ұсынып келеді.
"Олардың жұмысы тиімді болғаны сонша, Иран, Ресей және Қытай елдеріндегі режимдер бұларды ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер деп жариялаған", – деді Китинг баспасөз хабарламасында. Осы хабарламада ол Трамптың 14 наурыздағы жарлығын "қисынсыз" деп атап, бұл жарлық АҚШ-тың еркін медиадан қорқатын қарсыластарын жігерлендіреді деді.
Хатта сондай-ақ USAGM желілері мен грант алушылары еркін және ашық медиа кең тарамаған елдерге жан-жақты ақпарат беруде тарихи және маңызды рөл атқаратыны айтылған.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосын жабу Ресей, Беларусь, Иран және Орталық Азия өкіметтеріне өз режимінің пропагандасын таратып, Азаттықтың марапат жеңген хабарлары тойтарыс береді деп қорықпауына жол ашады", – дейді хатқа қол қоюшылар.
Хат АҚШ соты Азаттық радиосының USAGM үстінен түсірген шағымы жөнінде оң шешім шығарған күні жіберілді. Трамптың жарлығынан соң USAGM Азаттыққа бөлінген Конгресс қаражатын бермей қойған. Азаттық бұл шешім заңсыз деп сотқа жүгінген.
Судья Ройс Ламберттің айтуынша, Азат Еуропа/Азаттық радиосының грантын тоқтатқан агенттік "жосықсыз әрі қыңыр" әрекет жасаған, ал бұл әрекет іске асқан жағдайда хабар таратушы ұйымға "орны толмас зиян" келтірер еді.
Ламберт Азаттықтың жабылуына жол бермеу үшін агенттік шешімін уақытша тоқтату қаулысы қажет екенін айтты.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 18 наурызда ұйымның жұмысына АҚШ конгресі бөлген қаржыны тоқтату әрекетін болдырмау үшін АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігін және оның лауазымды тұлғалары Кэри Лейк пен Виктор Моралесті сотқа берген.
- Азат Еуропа/ Азаттық радиосы – 1953 жылдан бері жұмыс істейтін тәуелсіз медиаұйым. Ол Ғаламдық медиа жөніндегі агенттік арқылы АҚШ конгресі бөлетін қаражат есебінен жұмыс істейді.
- АҚШ президенті Дональд Трамп жеті мемлекеттік агенттіктің, соның ішінде USAGM-нің жұмысын қысқарту туралы жарлық шығарған. Агенттік әлемге хабар тарататын Азат Еуропа/Азаттық радиосынан басқа да медиаұйымдарды басқарады. Бұдан соң Азат Еуропа/ Азаттық радиосына АҚШ конгресі бөлген қаржыны тоқтату туралы шешім шықты. USAGM сайтында агенттік төрағасы міндетін атқарушысының бас кеңесшісі Кэри Лейктің мәлімдемесі жарияланды, онда Трамп әкімшілігінің көзқарасы тұрғысынан салық төлеушілердің ақшасы тиімсіз жұмсалып жатқаны айтылған.
- Қазақ тілінде хабар тарататын Азаттық радиосы – Азат Еуропа/ Азаттық радиосының құрамдас бөлігі. Ол 1953 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Қаржыландыруды тоқтату туралы ақпарат шыққанда Азаттық оқырмандары оған қолдау білдіріп, түрлі пікір айтты.
ПІКІРЛЕР