Дронға ұқсайтын зат 26 наурызда тағы да Жәнібек ауданы аумағынан, елді мекеннен аулақ жерден табылғанын Азаттық Азияға Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
БҚО полициясы уәкілетті органдармен бірлесіп "Жәнібек ауданынан табылған пилотсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттарды тексеру шараларын жүргізіп жатқанын" айтты.
Ресеймен шектесетін Батыс Қазақстан облысы аумағында биыл ақпанның 18-інен бері осымен төртінші рет дронға қатты ұқсайтын зат табылып отыр.
Мұның алдында дронға ұқсас зат табылғаны жөнінде ақпарат 24 наурызда тараған. Полиция дерегінше, нысан елді мекендерден алысырақ жерге құлаған. Оның қай тараптан келгені әзірге нақты емес.
Дрон табылған Жәнібек ауданы облыстың ең батыс жағында орналасқан, Ресейдің Саратов және Волгоград облыстарымен шектеседі. Әрі өңірдегі 1 млн гектарға жуық жерді Ресей әскери сынақ алаңы ретінде жалға алып отыр.
"АРАНДАТУ" МЕН "БАЙБАЛАМ"
26 наурызда журналистер Қазақстан аумағынан табылып жатқан бұл заттар туралы сұрақты қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевқа қойды.
– Арандатудың қажеті жоқ. Және айта кетуіміз керек, ол жақта [Батыс Қазақстан облысының] Бөкей ордасы ауданында сынақ полигоны бар екенін және ол әуе кеңістігін де пайдаланатынын ұмытпауымыз керек. Мүмкін ол техникалық ақау салдарынан сыртқа шығып кеткен шығар, басқа да себептер бар шығар. Тергеу біткенше нақты айту дұрыс емес деп ойлаймын, – деді ол Азаттыққа берген комментариінде.
Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан да осындай пікірде.
– Бірінші ол Ресейдің не Украинаның дроны екенін дәлелдейік. Бұл бірінші рет болып жатқан жағдайлар ғой. Сондықтан зерттеулерді күтейік, байбалам салу керек емес, – деді депутат Азаттық тілшісіне.
Айгүл Құспан бұл оқиға бойынша қорғаныс министрлігіне тікелей қоңырау шалып, мәселенің анық-қанығын біліп отырғанын айтты. Құзырлы органдар Қазақстанның әуе қорғанысы берік дегенді сендіре айтты.
Қазақстандық әскери сарапшы Нұрлан Ыбыраев та бұл "техникалық ақау салдарынан адасып келген дрон" деген нұсқаға көбірек иланады.
– Дрондар белсенді ұрыс аймағында жұмыс істесе, олар Қазақстан аумағына кездейсоқ жіберілген болуы мүмкін. Бұған қоса, радиоэлектрондық соғыс кезіндегі кедергілер де оны бағытынан жаңылдырып, соның кесірінен дрон отын біткенше ұшып, бақылаудан шығып барып құлауы ықтимал, – деді сарапшы.
Қазақстанның әуе қорғанысы сырттан ұшып келген нысанды байқамай қалды ма, ол жағы нақты емес. Тек қорғаныс вице-министрі Жазықбаев 26 наурыздағы комментариінде "әуе қорғанысымыз әрқашан біздің қарауымызда. Тергеудің қорытындысы бойынша қажет болса тиісті іс-шара қабылдаймыз" деген.
1,5 АЙДАҒЫ ТӨРТІНШІ ДРОН
Кейінгі 1,5 айда облыс аумағынан қайдан келгені белгісіз бірнеше дрон табылған.
18 наурызда Тасқала ауданында көлемі үш метрдей болатын ұшқышсыз аппарат құлаған. Онда да полиция тексеріс жүргізіп жатқаны айтылған.
Әскери шолушы Амангелді Құрмет оқиға орнынан түсірілген фото, видеоға қарап, бұл дронды Иранның "Шахед 136" аппаратына ұқсатқан. Оның айтуынша оның бір қанатында сары бояумен "Герань" деген жазу тұр. Иранның бұл дронын Ресейде "Герань" деп атайды. "Соңғы құлағаны – Иранның Shahed 136 дроны. Күмәнсіз. Бүкіл айшықты белгілері көрініп тұр. Сәл өзгертілген болуы мүмкін. Модификациясын қарау керек. Бірақ "Герань" дегеніміз – Shahed 136 дроны", – деді ол Kursiv.Media-ға.
Ал 18 ақпанда Батыс Қазақстанның Бөкей ордасы ауданында ұзындығы 120 сантиметрдей болатын дронды жергілікті тұрғын байқап, полицияға хабарлаған. Ол Ресейдің "Орлан-10" аппаратына ұқсас деген болжам айтылған.
Бөкей ордасы ауданы Ресейдің "Капустин Яр" әскери полигонынан шамамен 250 шақырым жерде орналасқан.
Батыс Қазақстан облысында шамамен 1 млн гектар жерді Ресей әскери сынақ алаңы ретінде жалға алып отыр. Полиция бұл оқиға бойынша әлі түсініктеме берген жоқ.
"СОҒЫСҚА АРАЛАСТЫРУ ӘРЕКЕТІ" МЕ?
Қазақстан Украинадағы майдан даласынан алыс жатса да, дрон шабуылына қатысты оқиғалар жиілеп барады.
Ақпанда Батыс Қазақстанда дрон табылардан бір күн бұрын ғана Қазақстан мұнайының басым бөлігі тасымалданатын Ресей аумағындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай құбырына украин дрондары шабуыл жасап, зақым келтірген.
Бұл оқиға Ресейде де, Қазақстанда да қызу талқыға себеп болған.
Ресей сыртқы істер министі Сергей Лавров мұны "Қазақстан энергетика инфрақұрылымына тікелей шабуыл" деп бағалады. Кей сарапшылар Мәскеудің мұнысын соғысқа Қазақстанды да араластыру әрекеті деп бағалады.
Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "бұл – Қазақстан экономикасы үшін өте маңызды мәселе және оны украиналық серіктестерімізбен дипломатиялық арналар арқылы талқылаймыз" деді.
Оқиғадан бірнеше күн өткен соң Қазақстан парламентінің бірнеше депутаты "соғысқа қатысты бейтарап саясат ұстанатын" Астана үшін маңызды нысанға "агрессия жасаған" Украинаны "жауапқа тартуға" шақырды.
Кейін Астана Киевпен бұл іс бойынша байланыс орнатып, "келіссөз жүргізіп жатқанын" мәлімдеді.
Ресейлік телеграм-арналар Батыс Қазақстанда табылған дрон Украинаның барлау жасайтын "камикадзе" аппараттары деген негізсіз ақпарат таратса, ақпарат құралдары оны украин әскері қолданатын франциялық дрон деген болжам айтты және мұнай құбырына шабуылды Қазақстан аумағынан табылған дронмен байланыстыруға тырысты.
Әзірге Батыс Қазақстаннан табылған дрондар бойынша да тергеудің ешқандай қорытындысы жарияланған жоқ.
ПІКІРЛЕР