Accessibility links

Курск облысында Солтүстік Кореяның 300 сарбазы өлген – Оңтүстік Корея барлауы


Украина қарулы күштері Курск облысында қолға түсірдік деп хабарлаған солтүстіккореялық екі сарбаздың бірі.
Украина қарулы күштері Курск облысында қолға түсірдік деп хабарлаған солтүстіккореялық екі сарбаздың бірі.

Ресейдің Курск облысында Солтүстік Кореяның 300-ден астам сарбазы қаза тапты деп хабарлады Yonhap агенттігі Оңтүстік Корея барлауының дерегіне сүйеніп.

Арнаулы қызметтің бағалауы бойынша, Курск облысындағы Солтүстік Корея әскерінің жалпы шығыны шамамен үш мың адамға жеткен, оның ішінде 2700 сарбаз жараланған. Желтоқсанда Оңтүстік Корея барлауы Курск облысында Солтүстік Кореяның 100 әскери қызметкері қаза тауып, шамамен мың адам жараланған деп хабарлаған.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Солтүстік Кореяның екі әскери қызметкері қолға түскенін мәлімдеген еді, Оңтүстік Кореяның барлау қызметі ол деректі растаған. Олардың мәліметі бойынша, Украина күштерінің қолына түскен екі сарбаз Солтүстік Кореяда бас барлау басқармасында қызмет атқарған.

Жақында Украина президенті Владимир Зеленский елдің қарулы күштері тұтқындаған Солтүстік Кореяның екі жауынгерінен жауап алу сәтінен түсірілген деректер жариялаған. Олар Курск облысында украин әскерінің қолына түскен деп айтылды. Екі тұтқынның бірінен Ресейдің Тыва аймағының тұрғыны Антонин Аранчынның атына жазылған әскери билет табылды. Бұған байланысты BBC медиасы Ресей Солтүстік Корея сарбаздары соғысқа қатысып жатқанын жасыру үшін оларға жалған жеке куәліктер беріп жатқаны жайлы ақпарат БАҚ-та болғанын хабарлады.

12 қаңтар кешке жасаған үндеуінде президент Зеленский егер Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Курск облысында Украина қарулы күштерінің қолына түскен Солтүстік Кореяның сарбаздарын Ресейде тұтқында отырған украин жауынгерлеріне алмастыруды ұйымдастырса, онда Киев тұтқындағы солтүстіккореялық сарбаздарды беруге дайын екенін мәлімдеді.

Бұған қоса Украина президенті Солтүстік Кореяның екі сарбазынан жауап алу кезінде түсірілген видеоны жариялады. Аудармашы арқылы сөйлескен екі сарбаздың бірі Украинаға қарсы соғысып жатқанын білмегенін, командирлерінен бұл тек оқу-жаттығу деп естігенін, ал екіншісі өз отбасы барын, бірақ үй-іші оның қайда жүргенін білмейтінін айтады. Солтүстік Кореяға қайтқың келе ме деген сұраққа біреуі «иә» деп жауап берсе, екіншісі Украинада қалып, өмір сүруге ықылас білдірген.

  • Батыс барлау қызметтерінің мәліметі бойынша, Солтүстік Кореядан Ресейге соғысқа қатысуға шамамен 10 мың сарбаз жіберілген болуы мүмкін. Олардың шығыны жүздеген, тіпті мыңдаған адамға жеткен деген болжам бар, бірақ бұл сандарды тәуелсіз дереккөздерден растау мүмкін болмай отыр. Президент Зеленский "Солтүстік Кореяның Украинаға қарсы соғыста қатысып жатқанын дәлелдейтін айғақ-дерек болмас үшін әдетте ресейлік және Солтүстік Кореядан келген сарбаздар жараланғандардың көзін жойып отырады" деп мәлімдеді.
  • Мәскеу мен Пхеньян Украинаға қарсы қарулы шайқастарға Солтүстік Корея сарбаздары қатысып жатқанын тікелей растаған да жоқ, жоққа да шығармады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG