Accessibility links

Ауғанстанда миллиондаған қыз төртінші жыл қатарынан мектептен қағылып отыр


Кабул мектебіндегі ауған мұғалімі кітаптарды топтастырып жатыр. 2022 жылғы желтоқсан.
Кабул мектебіндегі ауған мұғалімі кітаптарды топтастырып жатыр. 2022 жылғы желтоқсан.

Ауғанстанда 22 наурыз күні жаңа оқу жылы басталып, қыз балалар осымен төртінші жыл қатарынан білім алудан шеттетіліп отыр.

Олардың арасында Халида да бар. Талибан билікті басып алып, 12 жастан асқан қыздардың білім алуына тыйым салғанда ол 9-сыныпта оқып жатқан.

"Бұл тыйым өміріме қатты әсер етті" дейді бүгінде жасы 18-ге жеткен Халида. "Уақытым толықтай сабақ оқумен өтетін. Ал қазір уақыт мақсатсыз өтіп жатыр".

Білім алуға салынған тыйым Ауғанстандағы 2,2 млн қыздың тағдырына теріс әсер етіп отыр. Бұл елдің билігін өз қолына алған Талибан әйелдердің қоғамдық өмірдегі рөлін шектеп, оларды негізгі құқықтарынан айырды.

Елде мәжбүрлеп үйлендіру жағдайлары, ерте жастағы некелер күрт артқан. БҰҰ дерегінше, тәліптер билікке келгелі жасөспірімдер арасындағы неке 25 пайызға артқан.

Білім алу, кәсіп меңгеру секілді мүмкіндіктерден қағылу әйелдер арасындағы суицидті өршіткен. Осылайша Ауғанстан суицид жасаушылар арасында әйелдердің үлесі басым болып отырған санаулы елдердің қатарына кірді.

"Білім алудың қолжетімді болмауы біздің ғана болашағымызға балта шауып қоймай, елдің дамуын да тежеп отыр" дейді тағы бір ауған қызы аты-жөнін қауіпсіздік мақсатында жасыруды сұрап.

"Біз білім алуға, дамуға, жарқын болашаққа құқылымыз" деді ол Азаттықтың Ауған қызметіне.


ЮНИСЕФ-тің айтуынша, білім алуды шектеудің салдары ондаған жылға ұласады.

"Бұл тыйым денсаулық сақтау жүйесіне, экономикаға және елдің болашағына теріс әсер етіп отыр" деді БҰҰ-ның балалар жөніндегі агенттігі 22 наурыздағы мәлімдемесінде. "Білім алатын қыздар саны азайғандықтан, қыздарға ерте неке қаупі төніп, бұл олардың әл-ауқатына және денсаулығына теріс ықпал етпек"

Агенттіктің болжауынша, егер бұл тыйым 2030 жылға дейін ұласса, 4 млн қыз мектептен қағылады.

Талибан лидерлері бейнеленген баннерлердің жанынан өтіп бара жатқан ауған әйелдері.
Талибан лидерлері бейнеленген баннерлердің жанынан өтіп бара жатқан ауған әйелдері.

ӘРЕКЕТКЕ ҮНДЕУ

БҰҰ‑дағы лауазымды тұлғалар мен белсенді ауған әйелдері Талибанның бұл саясатын "гендерлік апартеид" деп атаған.

Олар халықаралық қауымдастыққа жүгініп, қыздардың 6-сыныптан кейін білім алуына тыйым салған Талибанға көбірек қысым жасап, тыйымды алдыртуға үндеді.

Халықаралық санкцияға ілінген Талибан үкіметін әлі ешбір мемлекет мойындамады. Бірақ бұл үкіметпен сауда, қауіпсіздік және иммиграция мәселесінде әріптестік танытып отырған елдердің саны артып келеді. Олардың арасында Батыс елдері де бар.


"Талибан әлі де еркін жүріп-тұрып, еркін сапарлайды" дейді қазір шетелде қуғында өмір сүретін ауған әйелі, білім саласының белсендісі Паштана Дуррани. "Олар сұхбат береді. Олардың банк есеп-шоттары бар. Олардың отбасы шетелде тұрады, бірақ сөйте тұра олар ауған әйелдерінің білім алуына тыйым салып отыр".

"Халықаралық қауымдастық "Талибанның қыздарға мектеп есігін ашқаны керек пе, жоқ па?" деп өзіне сұрақ қойғаны абзал" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG