24 наурызда Ресей атқан зымыран салдарынан Украинаның Сумы қаласында жарақат алғандар саны 100 адамға таяды. Дәл осы уақытта Сауд Арабиясында Ресей мен АҚШ өкілдері Украинадағы жанжалды бейбіт реттеуді талқылап жатқан.
Зымырандар Сумы қаласының адам тығыз қоныстанған аудандарына түскен. Қалалық кеңестің мәліметі бойынша шабуылдан кемі 94 адам жараланды, оның 23-і бала. Жараланғандардың көбі ауруханаға жеткізілген.
Жергілікті әкімшіліктің алдын ала дерегі бойынша, 26 ғимарат бүлінген, арасында мектеп, балабақша, аурухана және 16 тұрғын үй бар. Қазір төтенше жағдай қызметкерлері ғимараттарды тазалап жатыр.
Аймақ губернаторы Владимир Артюхтың айтуынша, балалардың көбі бомбапанаға жасырынып, аман қалған.
"Құтқарушылар балалар бар жерлерді тазалап жатқанда сол маңда едім. Балалар қорғалған құрылыста болды. Барлық бала құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді" деді ол.
РЕСЕЙДІ АЙЫПТАУ
Украина президенті Владимир Зеленский шабуыл жасаған Ресейді айыптап, оны "бұл соғысты созып жатқан жалғыз субъект" деп атады.
"Ресейді бейбітшілікке көндіру үшін қатаң шаралар мен батыл әрекеттер керек. Дипломатияны бұдан да тиімді ете түсетін кез келген бастаманы қолдауға әзірміз" деді Зеленский түндегі видеоүндеуінде.
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Х-тегі постында Сумыға шабуыл Мәскеудің бейбітшілік туралы әңгімесі "бос сөз" екенін дәлелдейді деді.
"Мәскеу Украинаның басты қалаларындағы халық тығыз қоныстанған тұрғын ауданға аяусыз шабуыл жасап жатып бейбітшілік туралы айтады" деп жазды ол.
Ресей жағы да өзіне шабуыл жасалғанын хабарлады. Украинаның оккупацияланған Луганск аймағының Ресей тағайындаған басшылығы Киевтің әуе шабуылы кесірінен 6 адам, соның ішінде "Известия" газетінің тілшісі қаза тапқанын хабарлады.
Кремльді жақтайтын басылымның жазуынша, журналист Александр Федорчак Харьков облысында қаза болған. Ресей қорғаныс министрлігі қаржыландыратын "Звезда" телеарнасы осы арнаның операторы мен жүргізушісі Федорчакпен бірге репортаж түсіріп жүргенде көз жұмғанын айтты.
КЕЛІССӨЗДЕР НЕ БОЛДЫ?
Екі жақта шабуыл болып жатқан күні АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен Сауд Арабиясында соғысты тоқтату бойынша келіссөз өтті. 24 наурызда Эр-Риядта АҚШ пен Ресей өкілдері кездесті. Мұның алдында АҚШ-Украина келіссөзі өткен.
Украина президентінің кеңесшісі Сергей Лещенко осы күні украин делегациясы да Эр-Риядта қалып, америкалықтармен қайта кездесуді күткен. Түндегі телеүндеуінде Зеленский де Украина мен АҚШ делегаттары қайта кездесетінін айтты, бірақ оның жай-жапсары әлі нақты емес.
Ресейдің "ТАСС" агенттігі Мәскеудің аты-жөнін атамаған өкіліне сілтеп, Кремль мен Ақ үй 25 наурызда келіссөз нәтижесі бойынша бірлескен мәлімдеме жариялайтынын хабарлады. Reuters-тің жазуынша, мәлімдеменің алғашқы нұсқасы келісім алу үшін Мәскеу мен Вашингтонға жіберілген.
Ақ үйде журналистер сұрағына жауап берген Трамп келіссөз аясында жерді бөлісу жайы және Украинаның оңтүстігіндегі Запорожье атом электр станциясын АҚШ-тың қарамағына алу туралы мәселе қаралғанын айтты.
Өткен аптада Трамп соғыстың басына Ресей өзіне қаратып алған АЭС-ті АҚШ бақылауына алу қарастырылады деген.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Мәскеу мен Вашингтон арасындағы келіссөздер техникалық мәселелерге, соның ішінде Қара теңіздегі коммерциялық кемелердің қауіпсіздігіне арналды деген.