Accessibility links

Украинада бейбітшілік орнаса, Еуропадағы миллиондаған босқынның тағдыры не болмақ?


118639471
118639471

Алдағы уақытта соғыс тоқтап жатса, Еуропаға тарыдай шашылған 4,3 млн босқын Украинаға қайту-қайтпау мәселесін шешуі қажет болады. Көбі қайтқысы келмеуі мүмкін.

Чехияда жүрген украин босқындары ел халқының 3,6 пайызын құрап отыр. Бұл – Еуропа елдері ішіндегі ең үлкен көрсеткіш. Кейінгі сауалнамалардың бірінде бұл босқындардың 20 пайыздан астамы ғана соғыс аяқталса Украинаға оралатынын айтқан.

Еуропада қалғысы келетіндердің бірі – суретші әрі мұғалім Анна Надуда. Украинада жүрген кезінде Аннаның кенже ұлы қайғылы жағдайда қаза тапқан. Бұл – 2022 жылы Ресей басқыншылық соғысы басталғанға дейін болған оқиға.

"Тағы бір баламнан – ұлымнан айырылып қалам ба деп қатты қорқамын" деді ол Азаттыққа.

Анна баласы екеуі пана тапқан Чехия астанасына ризашылық білдірді.

"Прага ұлым екеуімізді жылай шыраймен қабыл алды" дейді суретші қаланың шетіндегі тыныш ауданда мүсін жасап отырып.

Оның 11 жасар ұлы чех тілін үйреніп, жергілікті мектепке орныққан. Ол жерде өзінің достары бар, хоббиімен айналысады. "Балам тұрақты және жағымды ортада өскенін қалаймын" дейді Анна.

Анна Надуда
Анна Надуда


Аннаның визасы Еуроодақтың Уақытша қорғау нұсқаулығы аясында берілген. Еуропа аумағында күші бар бұл нұсқаулық 2022 жылы енгізіліп, 2026 жылғы наурызға дейін жалғасады.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хана Мала сол мерзімнен кейін не болатыны соғыстың қалай өрбитініне байланысты шешілетінін айтады.

"Шамасы өтпелі уақыт болады. Сөйтіп босқындарға өз болашағын анықтауға уақыт беріледі. Олар не ықтиярхаттың басқа түріне тапсырады не еліне оралады" деді ол.

БОСҚЫНДАРҒА ЖАҢА ВИЗА

Бейбітшілік келісіміне қол қойылса, Чехияда уақытша қорғау визасымен жүрген 389 мың украинның көбі визасын ұзартуда қиындыққа тап болуы мүмкін.

Украина босқындары 1 сәуірден бастап елде тұруға мүмкіндік беретін "арнайы" визаға тапсыра алады. Бұл визаны алса, олар соғыс аяқталса да осы елде қала алады. Тіпті осы визаның көмегімен ықтиярхатқа да жол ашылады.

Бірақ тапсырушылардың жылдық табысы 440 мың крон (19 200 доллар) болуы қажет. Тапсырушының қамқорындағы әрбір адам үшін бұл көрсеткіш 110 мың кронға артып отырады.

"Көбірек табыс табуым керек" дейді Анна күліп. "Бұл – менің осы жылғы мақсатым".

Чехия ішкі істер министрі Вит Ракусан елде қалғысы келетіндерге басқа да жолдар қарастырылатынын айтты.

"Олар өзге шетелдіктермен бірдей қаралады" деді ол ақпанда.

Ракусанның айтуынша, жүргізілген сауалнамалар 200 мыңдай босқын қалуға ниетті екенін көрсеткен. "Бұл – біз анық игере алатын жағдай" деп қосты ол.

Бірақ иммиграция жөніндегі заңгерлер министр айтқан мүмкіндіктер шектеулі болады дейді.

Чехиялық "Босқындарға көмек ұйымының" құқық бөліміне жетекшілік ететін Хана Франкованың айтуынша, бейбітшілік орнай қалса және уақытша қорғау визасының күші жойылса, украин босқындары "теория жүзінде пана сұрай алады". Бірақ ол үшін "пана сұрауға негіз болуы қажет" дейді ол. Заң маманының сөзінше, Чехияда тұруға қажет табыс межесіне қарай украин босқындарының 10 пайызы ғана "арнайы" визаны ала алады.

"Чехия виза заңгері" компаниясында виза маманы болып жұмыс істейтін Сватава Поспискованың айтуынша, егер атыс тоқтап, уақыт қорғау визасы ұзартылмаса, украин босқындары "визасыз саяхаттау аясында Чехияда 90 күнге дейін тұра алады. Бірақ бұл мерзімде жұмыс істеуге рұқсат жоқ". Сондай-ақ олар тұрғылықты визаға тапсыру үшін Чехияның Украинадағы елшілігіне жүгінуі қажет дейді маман.

Фотограф әрі бұрынғы заңгер Юлия Добрынина 2022 жылы Киевтен қашып, бас сауғалаған. Қазір ол қоныс аударған адамдарға Прагаға бой үйретуге көмектесетін үкіметтік емес ұйымда жұмыс істейді.

Юлия Добрынина
Юлия Добрынина

Юлияның сөзінше, ұлы бар әйелдер Украинаға оралуға құлықсыз, өйткені Ресей басқыншылығы бітім келісімімен аяқтала қоймауы мүмкін дейтіндер бар.

"Біз бұл соғысты үш жыл ғана көріп отырмыз... Бірақ бұл – 300 жылдық соғыс. Олар әрдайым келіп тұрады, бізді жойғысы келеді" деді ол Азаттыққа.

Юлияның өзі де соғыс аяқталғаннан кейін Чехияда қала бермек. "Мен оралатын жер жоқ" деді ол өсіп-өнген қаласы Мелитополь Ресей оккупациясында екенін айтып.

Бірақ ол тапқан табысы виза талабына сай боларына сенімсіз. "Білмеймін, 1 крон кем, 1 артық болар" дейді ол Чехия валютасын мысал етіп.

ПОЛЬША МЕН ГЕРМАНИЯДАҒЫ БОСҚЫНДАР

Еуропаның өзге елдерінде жүрген украин босқындары да ол елдерде қаншалық ұзақ жүре алатынын білмей отыр. Еуроодақ мәліметінше, Германияда 1,16 млн, Польшада 992 мың украин босқыны бар. Екі ел де украин босқындарына арналған әлеуметтік көмекті қысқартуға қадам жасады.

Польша премьер-министрі Дональд Туск қаңтарда осы жайлы мәлімдеме жасаған. Ал Германияның ықтимал канцлері Фридрих Мерц мұндай мәлімдемесін былтыр жариялаған.

"Басында көп адам көмектесуге дайын болды, олар Украинаның жағдайына түсіністікпен қарады" деді ақпанда Берлиндегі украиналық кафенің иесі Анжелика Гумс Азаттыққа сұхбат беріп. "Уақыты өте, бұл ұстаным өзгерді".

Украиндар Прагадағы Карл көпірінде өз туын жайып тұр. Олар осылайша Украина бірлігі күнін атап өтті. 2025 жылғы 19 қаңтар.
Украиндар Прагадағы Карл көпірінде өз туын жайып тұр. Олар осылайша Украина бірлігі күнін атап өтті. 2025 жылғы 19 қаңтар.


Босқындарға арналған әлеуметтік көмектің көлемі Чехияда да саяси қайшылық тудырды.

Ресми статистикаға қарағанда, босқындар 2022 жылдан бері Чехия экономикасына аздаған салмақ салған. Бірақ қазір оң өзгеріс байқалып отыр.

2022 жылғы ақпаннан бері босқындарға 62 млрд крон (2,7 млрд доллар) жұмсалған. Ал сол босқындардың экономикаға салық және өзге де төлем күйіндегі үлесі 55 млрд крон болған.

Бірақ 2024 жылы украин босқындары Чехия үкіметінен алған сомадан 5,7 млрд кронға артық үлес қосқан.

Мақаланы әзірлеуге Ярослава Тимощук көмектесті.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG