Украина президенті Владимир Зеленский Мәскеу ұсынған "30-сағатқа атысты тоқтатуға" келіскенмен Ресей украиналық қалаларға дрон жіберіп, артиллериямен атқылап режимді қазірдің өзінде бұзды деп мәлімдеді.
Киев пен Мәскеу 19 сәуірде кезекті рет тұтқын алмасты – әр тараптан 200-ден астам адам босатылды.
Ресей қорғаныс министрлігі украин күштерін Курск облысында бақылауда ұстаған соңғы елді мекеннен тықсырғанын мәлімдеді.
Дегенмен Киев Украинамен шекарадағы Олешня елді мекені украин күштерінің бақылауынан кетті деген хабарламаға түсініктеме берген жоқ.
Егер бұл расталса, Ресей әскері Курскідегі украин күштерін тұтастай аумақтан шығарды деген тұжырым дәлелдене түседі. Украин күштерінің Курскідегі елді мекендерді басып алуы Кремль үшін үнемі масқара жайт болып келген.
Биыл православтар мен батыстықтар үшін Пасха бір күнге – 20 сәуірге сәйкес келгендіктен Путин мұны қарулы күштердің қолбасшыларымен кездесу үшін пайдаланып, онда екі күнге соғысты тоқтатынын мәлімдеді.
Путиннің сөзінше, атысты тоқтату режимі 19 сәуірде Мәскеу уақытымен кешкі сағат 6-да басталып, 21 сәуір түнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады.
"Украина жағы бізден үлгі алады деп үміттенеміз" деді Ресей қарулы күштерінің қолбасшысы генерал Валерий Герасимов.
"Бір мезетте әскеріміз жау тарапының кез келген бітімді бұзу немесе арандату әрекеттеріне, агрессиясына тойтарыс беруге дайын болуы керек" деді ол.
Ал Владимир Зеленский мұны "Путиннің кезекті рет адам өмірімен ойнау талпынысы" деп атады.
"Біздің төбемізде ұшып жүрген дрондар Путиннің Пасха және адам өміріне қатысты шын ниетін көрсетеді" деп жазды Зеленский X желісінде.
Оның сөзінше, қысқамерзімді бітім Путиннің соғысты аяқтауға ықыласы жоқтығын айғақтайды және ол атысты 30 сағат емес, 30 күнге тоқтатуға үндеді.
"Егер Ресей қазір аяқ асты толық әрі шартсыз атысты тоқтатуға дайын болса, Украина тиісінше әрекет етеді" деп жазды Зеленский X желісінде.
"Егер атысты тоқтату режимі толық сақталса, Украина оны 20 сәуірден кейін де ұзартуды ұсынады" деді Зеленский.
"Ресейдің шын ниетін осы нәрсе көрсетеді – себебі 30 сағат бұл айтуға ыңғайлы болғанмен шын сенімді қалыптастыру үшін жеткілікті емес. 30 күн бейбітшілікке жол ашуы мүмкін" деді Зеленский.
Еуропа комиссиясының сыртқы істер және қауіпсіздігі жөніндегі ресми өкілі Анита Хиппер "Ресейді басқыншы ретінде білеміз, сондықтан басқыншылықтың шын тоқтағанына және атысты тұрақты түрде тоқтату бойынша нақты әрекеттер болғандығына көзіміз жетуі керек" деді.
"Ресей егер шын қаласа, соғысты кез келген уақытта тоқтата алады... Біз Украинаны ұзақ, әділ және жан-жақты бейбітшілік үшін қолдауды жалғастырамыз" деді ол.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен өзге де жоғары лауазымды шенеуніктер Украина мен Ресей арасындағы бейбітшілік келіссөзінің өте баяу жүріп жатқанына шағымданған еді. Путиннің ұсынысы осы тұста айтылды.
Трамп 18 сәуірде Украина мен Ресей арасындағы келіссөз "шырқау шегіне жетті" және ешбір тарап оның соғысты тоқтату талпынысына тиісінше "қадам жасап жатқан жоқ" деп мәлімдеген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио егер алдағы күндері қандай да бір ілгерілеуішілік байқалмаса, Вашингтон бейбітшілік келіссөзінен шығуы мүмкін деп ескерткен.
Путин бұрын да мерекеге орай атысты тоқтату туралы ұсыныс жасаған. 2023 жылы қаңтарда Путин православтардың Рождество мерекесіне орай 36 сағатқа атысты тоқтатуды ұсынған. Зеленский мұны "күш жинау үшін уақыт жағынан ұту талпынысы" деп атап, ұсынысты кері қаққан еді.
Ресей әскері Курск облысында украин әскерін тықсырып жатқанын мәлімдегенмен шығыс жақта украин күштері Ресейдің Украинамен шекаралас аумағындағы Белгород облысында шағын аумақты бақылауда ұстап отыр.
Зеленский мен Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы генерал Александр Сырский украин әскерінің Белгородқа басып кіргенін өткен аптада хабарлаған.
Ауа райы өзгеріп, майдан даласында жер қатайғаннан кейін Ресей мен Украина әскері көктемдік шағын шабуылдарға көше бастады.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 19 сәуірде орыс әскері украин күштерін Украинаның тағы бір елдімекені – Олешняның оңтүстігінен 11 шақырым жердегі Горнал елді мекенінен тықсыруға талпынып жатқанын айтқан.
Атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, Киев пен Мәскеу бір-бірін ракета және дрондармен атқылап жатыр. Осы аптада ресейлік баллистикалық ракеталар Украинаның бірнеше нысандарына түсіп, бейбіт азаматтарды жарақаттап, мерт қылды.
Ресей әскері әрең жылжып жатқан Харьковтің шығысындағы Купянскіде ресейлік ұшақтар қала мен айналасындағы елді мекендерге сырғымалы бомба тастаған. Қала әкімшілігі кемінде бес адам жарақаттанғанын хабарлады.
Сырғымалы бомба – бұл соңғы үлгідегі бағыттау жүйесі бар ауыр бомба түрі. Бұл ұшақтарға оны әуе қорғаныс жүйесі жете алмайтын қашықтықтан тастауға мүмкіндік береді. Ресей күшері мұндай қаруды украин әскерінің қорғанысына соққы жасау үшін пайдаланады.
Украина әуе күштерінің хабарлауынша, Ресей өткен түні шамамен 80 дрон жіберген. Басым бөлігі жойылған немесе электронды құралдармен зарарсыздандырылған.
Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әуе қорғаныс жүйесі өткен түні екі украиналық дронды атып түсірген.
Украина мен Ресей жағы сонымен бірге тұтқын алмасқанын хабарлады. Ресей билігінің мәліметінше, әр тарапқа кемінде 240 жауынгер қайтарылған.
Зеленский Ресей әскерінің тұтқынында болған 277 украин сарбазы қайтарылғанын айтты.
ПІКІРЛЕР