Accessibility links

Вашингтон одақтастарына Украинаға АҚШ-тан қару сатып алуды ұсынбақшы


АҚШ президентінің Украина бойынша арнайы өкілі, отставкадағы генерал-лейтенант Кит Келлог. 17 ақпан, 2017 жыл.
АҚШ президентінің Украина бойынша арнайы өкілі, отставкадағы генерал-лейтенант Кит Келлог. 17 ақпан, 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Мәскеумен бейбіт келіссөз болуы мүмкін екені айтылып жатқан шақта еуропалық одақтастарын Украинаға көбірек америкалық қару сатып алуға итермелеуді жоспарлап отыр. Бұл туралы осы жағдаймен таныс дереккөздеріне сүйеніп Reuters агенттігі хабарлады. Мұндай жоспар Киевтің келіссөздегі позициясын жақсарта алады дейді агенттік.

Reuters-тің жазуынша, жоспар бекітілсе, бұл президент Дональд Трамп Киевке алда көмек көрсетуге тосқауыл қоюы мүмкін деп алаңдаған Украина басшыларына сенім береді. Агенттік Украина қарулы күштері Ресей шабуылынан шығыстағы аймақтарынан біртіндеп айырылып жатыр деді.

АҚШ шенеуніктері, соның ішінде Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі, отставкадағы генерал-лейтенант Кит Келлог осы аптада Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференцияда еуропалық одақтастарымен қару-жарақ сатып алуды талқылайды деп хабарлады дереккөздер.

Дүйсенбіде Келлог Reuters агенттігіне берген сұхбатында жоспарды растаудан бас тартты, бірақ "АҚШ әрқашан Америкада шыққан қаруды сатуды жақсы көреді, өйткені бұл экономикамызды нығайтады" деді.

"Көптеген нұсқа бар. "Қазір бәрі ойын ішінде", – деді Келлог. Ол бұрынғы президент Джо Байден мақұлдаған шешімге сай, Украинаға әлі де көмек жіберіліп жатыр деп айтты.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолтц NBC телеарнасына берген сұхбатында Вашингтон соғысты аяқтағысы келеді, бірақ Украина қауіпсіздігіне кепіл болу мәселесі Еуропаға жүктеледі деген.

Трамп президенттік науқаны кезінде Украинаға берілетін барлық көмекті тоқтатуға уәде берген. Бірақ оңаша әңгіме кезінде оның кеңесшілерінің кейбірі бейбіт келіссөздер осы жылдың аяғына дейін кейінге қалдырылатын болса, Вашингтон Киевке әскери қолдау көрсетуді жалғастыруы керек деп мәлімдеді.

Байден билікте болған кезінде Украинаға қауіпсіздік саласы бойынша 65 миллиард доллардан астам көмек беруді мақұлдаған.

Бірақ Киевтегі шенеуніктер, соның ішінде президент Владимир Зеленский, Украинаға Мәскеумен келіссөздер жүргізбес бұрын қауіпсіздік кепілі көбірек қажет деп айтты.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте өткен айда Еуропа Украина үшін америкалық қаруға қаржы төлейді деп айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG