Accessibility links

Украина делегациясы Сауд Арабиясына барды


Украина делегациясы Сауд Арабиясына келіссөздерге барды. 16 ақпан, 2024 жыл. Фото авторы - Юлия Свириденко
Украина делегациясы Сауд Арабиясына келіссөздерге барды. 16 ақпан, 2024 жыл. Фото авторы - Юлия Свириденко

Украина үкіметінің делегациясы жұмыс сапарымен Сауд Арабиясына барды. Бұл туралы Украинаның экономика министрі Юлия Свириденко хабарлады.

Оның айтуынша, Украина өкілдері жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, оларға энергетика, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым саласындағы жобаларды көрсеткен. Свириденконың сөзінше, алдағы күндері Украина президенті Владимир Зеленскийдің Сауд Арабиясына сапары алдында ондаған кездесу өтеді.

"Аймақтағы елдермен маңызды экономикалық келісімдерге қол қоюға дайындалып жатырмыз", – деп жазды Свириденко Facebook-тегі парақшасында.

Батыс басылымдары осы аптада АҚШ пен Ресей өкілдері Дональд Трамп пен Владимир Путиннің алдағы кездесуін талқылауға Сауд Арабиясына жиналады деп хабарлады. Украина өкілдері дайындық бойынша келіссөзге қатыса алады деп отыр. Жоспар бойынша, Трамп пен Путиннің кездесуі ақпанның аяғына дейін өтуі керек.

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Киев Ресей өкілдерімен хабарласпады және соғысты аяқтау жоспары құрылғанға дейін ондай жоспар жоқ деді.

BBC агенттігі сүйенген Украина үкіметіндегі дереккөздің айтуынша, Сауд Арабиясында жоспарланған келіссөздерге Киевтен делегация шақырылмаған, Украина өз өкілдерін онда жібермейді.

Ақ үйдің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф 16 ақпанда Ресейдің Украинамен соғысын аяқтау туралы келіссөз жүргізуге ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтцпен бірге Сауд Арабиясына бара жатқанын айтты.

Уиткоффтың сөзінше, Украина Ресей тарапымен келіссөздерден шығарылған жоқ. Ақ үйдің арнайы өкілі Украина шенеуніктері Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы кезінде америкалық делегациямен кездесті деді.

Алдағы келіссөздер кейінгі жылдардағы ресейлік және америкалық шенеуніктер арасындағы жоғары деңгейдегі алғашқы жеке пікірталастың бірі болмақ.

12 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина президенттері Владимир Путинмен және Владимир Зеленскиймен телефонмен сөйлесті, кейін ол Ресей-Украина соғысын аяқтау бойынша келіссөзді бастау туралы келісімге келгенін хабарлады. Владимир Зеленский Украина бойынша кез келген келіссөзге Киев қатысуы керек деп бірнеше рет мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG