19 ақпанда мәжілісте депутат Жанарбек Әшімжан елде TikTok әлеуметтік желісін қолданушылардың жасына және ондағы контентке байланысты шектеу қоюды ұсынып, премьер-министрге сауал жолдағанын мәлімдеді.
"Аманат" партиясының мүшесі TikTok-тағы "әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүр мен салтқа қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын" контентке шектеу қоюды ұсынды.
Депутат елде кәмелет жасына толмаған балаларға TikTok желісін пайдалануға шектеу қоюды немесе мүлде тыйым салу жағын қарастыру керек деді.
Жанарбек Әшімжан бірқатар елде TikTok-қа ішінара я толық шектеу қойылғанын, желіге қатаң бақылау бар екенін айтты.
Ресей, Қытай, Иран сияқты елдермен қоса Орталық Азияның Қазақстаннан басқа барлық елінде TikTok-қа тыйым салынған.
Депутаттың сөзінше, балалар мен жасөспірімдер арасында танымал TikTok-қа кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркелген.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, TikTok-та пайдалы контентке қарағанда, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпарат көп.
"Құмар ойындарды жарнамалау, стримдерде әдепсіз әрекеттер көрсету, боғауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр", – деді ол.
TikTok – қысқа видеолар жарияланатын сервис, ол қытайлық ByteDance компаниясына тиесілі. Бас кеңселері Лос-Анджелес пен Сингапурда орналасқан. TikTok Қазақстанда министрліктермен және блогерлермен байқау, жоба өткізеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, TikTok елдегі Astana Hub-пен бірге стартаптарға академия ашып, олардың өкілдеріне платформада табысқа қалай жетуге болатынын үйреткен.
Бұған дейін АҚШ Конгресі Қытай билігі TikTok арқылы америкалықтардың жеке дерегін ала алады және Америка қоғамына қатты ықпал жүргізе алады деген алаңдауға байланысты әлеуметтік желі қытайлық компаниядан бөлініп шықпаса, елде TikTok-қа тыйым салуға мүмкіндік беретін арнайы заң қабылдаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп инаугурациясынан кейін TikTok-қа тыйым салатын заңның орындалуын 90 күнге шегеретінін айтқан. Осы уақыт ішінде компания иесіне америкалықтардың бұл әлеуметтік желіні пайдалануына кедергі болып отырған заң мәселелерінің шешімін табуға мұрсат берілген.
ПІКІРЛЕР