Accessibility links

Қазақстан мұнайын тасымалдайтын КҚК станциясына дрон шабуылдады


Каспий мұнай құбыры консорциумындағы судағы жабдықты ауыстыру.
Каспий мұнай құбыры консорциумындағы судағы жабдықты ауыстыру.

17 ақпанда Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) мұнай айдайтын "Кропоткинская" станциясына дрон шабуылдады. КҚК-ның хабарлауынша, шабуыл салдарынан мұнай айдау төмендеген.

КҚК шабуылды террористік деп атады, консорциумның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, станцияға ішінде жарылғыш зат пен металл зақымдайтын элементтері бар жеті дрон шабуылдаған. КҚК-ның мәліметінше, дрондар араға уақыт салып ұшқан.

"Мұнай айдайтын станция қызметкерлері арасында зардап шеккендер жоқ. Консорциум жұмысшылары мұнай төгіліп кету қаупінің алдын алды", – деп хабарлады КҚК.

Консорциумның мәлімдеуінше, қазір станцияға келген залал анықталып жатыр, станция тоқтап тұр.

"Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай станцияны айналып өтіп тасымалданады, мұнай төмен режимде айдалады", – деді КҚК.

"Кропоткинская" – Каспий құбыр консорциумының Ресей аумағындағы ең ірі мұнай айдайтын станциясы, Кубаньдағы Кавказ ауданында орналасқан.

КҚК-ның баспасөз қызметі халықаралық консорциумның акционерлеріне, соның ішінде АҚШ пен Еуропадағы компаниялардың өкілдеріне шабуыл мен оның салдары туралы хабарланды деді.

Қазақстанның энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумынан Қазақстан мұнайына шектеулер жоқ, мұнайды әдеттегі режимде қабылдап жатыр деп хабарлады. Министрліктің дерегінше, 2024 жылы КҚК бойынша 55 млн тоннаға жуық Қазақстан мұнайы айдалған.

Қазақстан мұнайының көбін Еуропаға тасымалдайды. Тасымалдың басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асады. Ұзындығы 1,5 мың шақырым КҚК Қазақстанның Теңіз кен орны мен Ресейдегі Новороссийск түбіндегі Қара теңіз терминалын жалғайды. Онымен мұнай айдау тез әрі оңай.

Теңіз кенішіндегі құбырға айдалатын мұнай Құрманғазы, Исатай аудандарындағы станциялар арқылы Ресей аумағымен Новороссийск жанындағы Южная Озереевка кентіндегі теңіз терминалына жеткізіледі. Ары қарай танкерге тиеліп, теңіз порты арқылы Еуропаға жөнелтіледі.

Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына – Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясының иелігінде.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG