Accessibility links

Тоқаев: Үкімет ұсынған ҚҚС мөлшері тым жоғары


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет мүшелері елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде. Астана, 7 ақпан 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет мүшелері елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде. Астана, 7 ақпан 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет ұсынған қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшері тым жоғары деп мәлімдеді. Ол 7 ақпанда өткен елдегі бизнес өкілдерімен кездесуде үкіметке ҚҚС мәселесін зерттеуді әрі биыл нақты шешім қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

"Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни, бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті бұл мәселеде барлық тараптың, яғни бизнес, қоғам, кәсіпкерлер мен сарапшылар пікірі ескерілуі керегін айтты.

Ақорда жариялаған фото-видеода кездесуге Forbes тізіміндегі кәсіпкерлерден Қазақстандағы ең ауқатты адамдардың бірі, миллиардер Тимур Құлыбаев, миллиардер Болат Өтемұратов, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, Allur директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, Astana Motors-қа иелік ететін Astana Group төрағасы Нұрлан Смағұлов, Freedom Holding брокерлік компаниясының басшысы Тимур Турлов, "Халық банк" басқармасының төрайымы Үміт Шаяхметова, Kaspi.kz құрылтайшыларының бірі Вячеслав Ким, "Қазақмыс Холдинг" директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай қатысқаны көрінеді.

28 қаңтарда Тоқаев қатысқан үкіметтің кеңейтілген отырысы салық жүйесін реформалау жайлы болған. Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елде кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілетінін айтқан еді.

Қазір Қазақстанда ҚҚС мөлшері 12 пайыз болып белгіленген. Жұманғариннің сөзінше, елде жиналатын жалпы салықтың 24 пайызы осы – қосылған құн салығы. "Бірақ бұл тым аз" деді экономика министрі.

Бұған дейін үкімет жетекшісі салық мөлшері 20 пайызға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан. Жұманғарин "салық нақты қаншаға ұлғаятыны ақпанның ортасында белгілі болады" деген.

Тоқаев үкіметтің қосылған құн салығына байланысты ұсынысын қолдаған. "Салық саясатында реформа керек екені даусыз" деген президент үкіметке ол жұмысты созбай, жедел әрекет етуге, салық өзгерістерін биыл енгізуге тапсырма берген. Биліктің бұл ұсынысы халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.

Былтыр ақпанда үкімет дәл осындай кеңейтілген отырысында ҚҚС мөлшерін 12 пайыздан 16 пайызға көтеру мәселесін талқылағанда Тоқаев салықты көбейтуге қарсы болған еді.

Экономист Меруерт Махмұтова жылдан жылға көлемі ұлғайып бара жатқан бюджет тапшылығы үкіметті қосымша құн салығын көтеруге итермелеп отыр, бірақ түптеп келгенде салық ауыртпалығы қатардағы тұтынушыға түседі деген еді.

Салық жөніндегі кеңесші маман Гүлнұр Нұрланқызы үкіметтің ҚҚС мөлшерін көтеру туралы бастамасы қысқа мерзімдегі бюджетті толтыруға бағытталған шара, ал ұзақ мерзімде бұл сәтсіз шешім болады деп есептеген.

Қосымша құн салығы – Қазақстанда сатылатын тауарлар (отандық және шетелден әкелінген) мен көрсетілетін қызмет бағасына қосылған жанама салық түрі, мемлекеттік бюджет кірісінің маңызды көздерінің бірі.

Тоқаевтың «көрпесі», Перуашевтың «Штрафстаны». Кедейлер неге көбейіп барады? – AzatNEWS | 29.01.2025
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:13 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG