Accessibility links

Тоқаев тағы да үш АЭС жөнінде айтты


Жобалық кеңседе энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа энергетика саласындағы жобалар туралы айтып тұр. Астана, 8 қаңтар 2025 жыл.
Жобалық кеңседе энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа энергетика саласындағы жобалар туралы айтып тұр. Астана, 8 қаңтар 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қаңтар күні EXPO қалашығындағы жобалық кеңседе сөйлеген сөзінде АЭС құрылысын жеделдету керектігін тағы қайталады. Оның сөзінен Ақорда сайты үзінді келтіреді.

– Атом электр станциясының құрылысын жеделдету керек. Мен Ana tili газетіне берген сұхбатымда екі үлкен станция салатынымызды айттым. Олардың саны тіпті үшеу болуы да мүмкін. Қазақстанды ядролық энергетикасы дамыған, жасанды интеллект қолданылатын, цифрландыру толық көлемде жүргізілген елге айналдыруымыз керек, – деді ол.

Елде атом станциясының құрылысына қатысты қайшы пікірлер басылмай тұрған шақта президент үш АЭС жөнінде алғаш рет қаңтар басында Ana tili газетіне берген сұхбатында айтқан еді. Ол сұхбатта АЭС энергетика тапшылығын жоюға көмектесетінін тағы атап өтіп, АЭС салуға Ресейдің "Росатом" компаниясы қатысуы мүмкін, Қытаймен де келіссөз жүріп жатқанын айтқан.

Тоқаев 2021 жылы елде атом электр станциясын салу идеясын ұсынып, былтыр қазанда АЭС салу бойынша референдум өткен. Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс бергендердің 71 пайызы АЭС салуды қолдады деп жариялаған. Бірақ елде бұл құрылыс қауіпті деп санайтын, АЭС құрылысына қарсы азаматтар да бар.

Ақорданың жазуынша, сәрсенбі күні Тоқаев жобалық кеңсенің қызметімен танысқан. Ресми хабарламада "жобалық кеңсе мемлекет басшысының жолдаулары мен Қазақстанның ұлттық даму жоспарындағы басым бағыттарды сапалы жүзеге асыруға арналған шешімдер әзірлеумен айналысады" деп жазылған.

Елде "Жаңа Қазақстанға" қатысты сын көбейіп, Тоқаевтың жарлықтары орындалмай жатқаны сыналып жатқан тұста Тоқаев жобалы кеңседе министрлер мен әкімдерді "батыл шешімдер қабылдауға" үндеп, олардан "нақты нәтиже" талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG