Accessibility links

БАҚ: Солтүстік Корея Ресейге қосымша әскер жіберуге дайындалып жатыр


Соғыста бірнеше мың солдатынан айырылған Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресейге қосымша әскер жіберу туралы шешім қабылдады деп жазды 24 қаңтарда Оңтүстік Кореяның штаб жетекшілерінің біріккен комитетіне сүйенген "Ренхап" агенттігі.

Ведомствоның айтуынша, шамамен 11 мың әскер Ресейге жіберілген мерзімнен төрт айға жуық уақыт өткен. Осы уақыт аралығында Ресейге Украинамен соғыста көмектескен солтүстіккореялық сарбаздар үштен бірге азайған, бірнешеуі тұтқынға түскен. Соған қарамастан Солтүстік Корея Ресейге қосымша әскер жіберуге оқталып отыр деді ведомство өкілдері.

22 қаңтарда осыған ұқсас ақпаратты Пентагондағы жоғары лауазымды тұлға The New York Times (NYT) басылымына айтқан. Оның сөзінше, Солтүстік Корея алдағы екі айда Ресейге қосымша күш жібереді. Дегенмен екінші лекте қанша әскер жіберілетіні белгісіз. Бұған дейін Мәскеудің әрбір солдат үшін Пхеньянға 2 мың доллардан төлейтіні айтылған, бұл 83 солтүстіккореялықтың жылдық жалақысымен пара-пар.

Осыған дейін солтүстіккореялықтардың Ресейдің Курск облысындағы украин күштерімен соғысып жатқаны хабарланған. Ресей билігі Трамппен келіссөз басталғанға дейін Курск облысынан украин күштерін тезірек тықсыруға күш салып жатыр дейді сарапшылар. Ал Киев басып алынған Ресей жерін аймақтарды алмастыру ретінде негізгі көзір ретінде қолданбақшы.

BBC-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар ортасындағы мәлімет бойынша, Солтүстік Корея әскері соғыста шамамен 4 мың солдатынан айырылған. Украина әскерінің тұжырымдауынша, Ресей әскері солтүстіккореялықтарды көбіне нығайтылған позицияларды басып алу кезінде миналанған алаңдарға немесе оқ жауатын орындарға бірінші жіберіп, пайдаланады. Сол себепті солтүстіккореялықтар арасында адам шығыны көп.

NYT мәліметінше, Украинаға қарсы соғысқа әскерін жіберу туралы ұсынысты Солтүстік Кореяның өзі айтқан. Әскерде арнайы жасақ сарбаздары, 500 шақты офицер, үш генерал бар. Пхеньян сол үшін Мәскеуден ракета, ядролық және өзге де технология алмақшы және қиын-қыстау жағдайда Батыспен текетіресте Мәскеудің дипломатиялық қолдауына сүйенбекші дейді АҚШ барлау қызметіндегі дереккөздер. Солтүстік Корея сарбаз ғана емес, Ресейге оқ-дәрі, гаубица, баллистикалық ракета және өзге де қару түрлерін берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG