Accessibility links

АҚШ сенаты Пентагон жетекшісі қызметіне Пит Хегсеттің кандидатурасын мақұлдады


Пит Хегсет
Пит Хегсет

АҚШ сенаты жұма күні қорғаныс министрі қызметіне Пит Хегсеттің кандидатурасын мақұлдады.

Сенатта дауыс беру партияға тиесілілік бойынша екі жаққа бөлінді – 51 де 50. Вице-президент Джей Ди Вэнс тепе-теңдікті бұзып, Хегсетті қолдап дауыс берді.

Бұл АҚШ тарихында сенат төрағасы қызметіндегі вице-президенттің дауысы тепе-теңдік жағдайда шешуші рөл атқарған екінші жағдай.

Осы айда оның кандидатурасын бекітуге арналған тыңдауда Хегсет заң шығарушы орган өкілдеріне армияның есеп берушілігін қайтаратынын айтқан.

Хегсетті сенаттың қарулы күштері жөніндегі комитетінің төрағасы Роджер Уикер қолдады. Ол кандидат "Пентагонға жаңа жауынгер рухын әкеледі" деді деп жазды "Америка дауысы" сайты.

Дегенмен Хегсет сенатта өзінің әйелдер мен әскердегі трансгендер адамдардың қызметіне қатысты мәлімдемесіне орай сынға ұшырады. Бұған қоса, ардагерлерге қызмет көрстетін екі коммерциялық емес ұйымға жетекшілік еткен кезде "жыныстық күш көрсету", "ішімдікті асыра пайдалану", "қаржылық жымқырулары" туралы айыптар жөнінде де қыспаққа алынды.

44 жастағы Пит Хегсет Иракта жаяу әскер взводына жетекшілік еткен, Ауғанстанда әскери қызметте болған. Әскери карьерасын аяқтағаннан кейін Fox News арнасының жүргізушісі болды. Былтыр 13 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп оны Пентагонның жетекшісі қызметіне ұсынған.

Осыған дейін Хегсет өзінің кандидатурасы мақұлданған жағдайда Қытай қатері, АҚШ-тың қорғаныс мәселелері, Таяу Шығыстағы ахуалға басымдық беретінін айтқан. Ол сонымен бірге жауынгерлердің рухын қалпына келтіруге және әралуандық бойынша бағдарламаларға нүкте қоюға уәде берген.

Хегсет майдан шебінде кіші офицер қызметін атқарған бірінші қорғаныс министрі және 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактіден кейін қақтығыстарға қатысқан әскерилер буынынан шыққан бірінші министр.

Пентагонға үш миллионнан астам әскери қызметкер қарайды және мекеменің бюджеті 857 миллиард доллар.

XS
SM
MD
LG