Accessibility links

Ресейдің Рязань облысының тұрғындары мұнай өңдеу зауытына дронмен соққы жасалғанын хабарлады


26 қаңтарға қараған түні Ресейдің Рязань облысында сегіз украиналық дрон жойылды деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.

Аймақтың басшысы Павел Малковтың сөзінше, зардап шеккендер жоқ, ал материалдық шығын есептеліп жатыр. Ол оқиғаның жай-жапсарын айтпады.

Куәгерлердің сөзінше, дрондар Рязандағы мұнай өңдеу зауытына шабуылдаған. Жергілікті тұрғындар 15 минут ішінде 12-15 шақты жарылыс естігенін, ал дрондар тұрғын үйлердің төбесіне өте жақын ұшқанын хабарлады. Бұдан соң зауыт аумағында әуе қорғаныс жүйесінің істеп тұрғаны естілген. Кәсіпорындарға апаратын жолдар уақытша жабылды.

Ресей қорғаныс министрлігі сонымен бірге Курск облысында – алты дрон, Белгород облысында бір дрон атып құлатылғанын хабарлады.

Бұдан бөлек, қорғаныс ведомствосының мәліметінше, жексенбі күні таңертең Қара теңіздің солтүстік-батыс бөлігінде Ресей әскері аннексияланған Қырымға қарай бет алған алыстан басқарылатын екі катерді жойғанын мәлімдеді.

Росавиацияның айтуынша, түнде Ижевск және Қазан әуежайларында ұшақ қабылдау мен жіберу бойынша уақытша шектеу қойылған. Жексенбі күні таңертең шектеулер алынды.

  • Ресей орталық бөлігіндегі ірі кәсіпорындардың бірі Рязань мұнай өңдеу зауыты – бұған дейін де шабуылға ұшыраған. Кәсіпорын "Роснефть" құрамына кіреді. Қаңтардың соңында сот украиналық дрондардың шабуылына байланысты "Яндекске" осы кәсіпорынның орны мен суретін картадан жасыруды бұйырған. Соңғы рет кәсіпорынға 24 қаңтарда соққы жасалғаны жөнінде хабарланған. ASTRA телеграм-арнасы мұнай өңдеу зауытымен қатар тұрған Жаңа Рязань жылу электр орталығындағы өрт туралы видеолардың растығына көз жеткізген.
  • Былтыр дрондар Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарын ондаған рет шабуылдап, соның салдарынан өндіріс азайғаны хабарланған. Мұнай сарапшысы Сергей Вакуленконың талдауына сүйенсек, дрондар негізінен мұнайды өңдеу қондырғыларын нысанаға алады.
  • Ол мұндай бөліктерді нысанаға алу оңай екенін айтады, алайда оларды көп жағдайда сол жерде-ақ жөндеуге болатынын және бөлшектердің көпшілігі Ресейде жасалатынын атап өтеді.
  • Украинаның түсіндіруінше, мұнай өңдеу зауыттары Украинаға басып кірген Ресей әскерін жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG