Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" Халықаралық қылмыстық сотқа Лукашенкоға қарсы шағым түсірді


Халықаралық үкіметтік емес "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) Халықаралық қылмыстық сотына Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко үстінен шағым түсірді. Ұйым оның жасаған қылмыстарынан журналистер құрбан болды деп айыптады.

"Бес жыл бойы Беларусь режимі журналистерден бастап, барлық тәуелсіз үнді жүйелі түрде қудалады. Ол жазасыз қалғандықтан, RSF журналистердің қудалануына байланысты адамдыққа қарсы қылмысы үшін шағым түсіреді. Прокурор Карим Ханды тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырамыз" деді ұйымның Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Жанна Кавелье.

RSF Беларусь журналистер қауымдастығымен біріге отырып, елдегі тәуелсіз БАҚ өкілдерінің негізсіз қудалауына қатысты 589 оқиғаны құжатқа түсірген. Тағы 43 адам түрмеде отыр, арасында Tut.by басылымының бас редакторы Марина Золотова, Азаттықтың Белорус қызметінің үш тілшісі Игорь Карней, Игорь Лосик және Андрей Кузнечик бар.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, кейбір журналистер бірнеше рет қамалған. 500-600 журналист елден кетуге мәжбүр болған. Шамамен 200 шақтысы Литва, 300-і Польшада тұрып жатыр.

2021 жылы шілдеде Минскіде күштік құрылым өкілдері Азаттықтың Беларусь қызметінің кеңсесін қиратқан. Бірнеше журналист ұсталып, кейін олар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды. Сол жылы 3 желтоқсанда Минск редакцияны "экстремистік материал" таратты деп таныған, ал 23 желтоқсанда Беларусь ІІМ интернет-ресурсты "экстремистік құрылым" деп атады.

Азаттықтың Беларусь қызметі құрамына кіретін «Азат Еуропа/Азаттық» радиосы сөз бостандығы шектелген немесе еркін БАҚ толық дамымаған әлемнің 22 елінде жаңалықтық контентті 26 тілде таратады. Редакциялық саясаты тәуелсіз медиа корпорациясы АҚШ-тың ғаламдық БАҚ жөніндегі агенттігі арқылы Конгресс гранты есебінен қаржыландырылады.

XS
SM
MD
LG