Accessibility links

Астанадағы ақылы автотұрақтарға Әділбек Жақсыбековтің қандай қатысы бар?


Астана қаласының орталығындағы Нұржол бульвары бойындағы автокөлік тұрағы. 13 қаңтар, 2025 жыл.
Астана қаласының орталығындағы Нұржол бульвары бойындағы автокөлік тұрағы. 13 қаңтар, 2025 жыл.

Астана әкімдігімен 20 жылға шарт жасасып, қаладағы 10 мыңға жуық автотұрақ орнын жалға алған "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы қазір олардан түскен табыстың 75 пайызын алып отыр. Қаланың бұрынғы әкімі Әділбек Жақсыбеков тұрақтар операторына бөтен емес. Бір қызығы, жер учаскелерін жеке компанияға уақытша пайдалануға беру туралы шешім сотта әуелі заңсыз деп танылып, кейін ол шешімнің күші жойылған. Неге? Шартты жасағандар кім? Анықтап көрдік.

АҚЫЛЫ ТҰРАҚТАРДАН ҚАНША ТАБЫС ТҮСЕДІ?

Астанада автотұрақтарды ақылы ету қала орталығындағы Нұржол бульварынан басталған. Қазір Байтерек маңындағы серуендеуге арналған аллеяның екі жағындағы көлік тұрақтары да ақылы.

Сол секілді астаналықтар жиі баратын бұрынғы "Артем" базары, Ботаника бағы, "Хан шатыр" және "Керуен" ойын-сауық кешендерінің маңы мен Әбу-Даби Плаза жанындағы көлік тұрақтарын тегін пайдалану шектелген.

Кейінгі екі жылда үй мен кеңсе ғимараттары, сауда орталықтары мен супермаркеттер жанындағы тұрақтар да көлікті тегін тұрғызбайтын болды. Атап айтқанда, қала орталығындағы Мәңгілік ел, Достық, Қонаев және Түркістан мен оң жағалаудағы Республика, Жеңіс, Бейбітшілік және Сейфуллин көшелерінің бойындағы автотұрақтар ақылы түрге ауыстырылған.

Астанадағы "Северное сияние" тұрғын үй кешені алдындағы автокөлік тұрағы. 13 қаңтар, 2025 жыл.
Астанадағы "Северное сияние" тұрғын үй кешені алдындағы автокөлік тұрағы. 13 қаңтар, 2025 жыл.

"Астана тұрақ кеңістігі" қазір қаладағы 9714 тұрақ орнын жалға берумен айналысады. Компания тұрақ санын 10 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

"Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы 2015 жылы Алматыда тіркелген. Statesnet ресурсындағы мәліметке сәйкес, тұрақ операторының салығы мен шығынын алып тастамағанда кейінгі 9 жылда қызметінен түскен табысы 14 миллиард теңгеге жеткен. Оның 6 миллиарды – былтырғы көрсеткіш. Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, тіркелгеннен бері Қазақстан бюджетіне 145 миллион теңге салық төлеген.

КОМПАНИЯ ҚҰРЫЛТАЙШЫЛАРЫ КІМ?

Ашық дереккөздерде қазір компанияның 2022 жылдың 24 мамырынан құрылтайшысы әрі басшысы ретінде Шыңғыс Досыбаев есімді азамат көрсетілген. Бірақ оған дейін компания басшысы не құрылтайшысы 11 рет ауысқан.

Компанияның ескі-жаңа қожайындары болған кісілердің көбі – тура не жанама түрде Әділбек Жақсыбековтің серіктестері не оның бизнес құрылымдарына қатысы бар адамдар.

2015 жылы құрылған "Астана тұрақ кеңістігіне" алғаш болып "Бонн" және "Гала-2009" дейтін компаниялар иелік еткен. Shishkin_like telegram-арнасы бұл екі компанияның да сол жылдары Ақмола облысы әкімі болған Сергей Кулагиннің әйелі Галина Кулагинаға қатысы бар деп жазған еді.

Кейін компания елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жоғары лауазымды қызметтер атқарған, сол кезде Астана қаласының әкімі болған Әділбек Жақсыбековтің туысы Арман Бәтпенге өткен.

Арман Бәтпен – Әділбек Жақсыбековтің қарындасы Гүлнәр Бәтпенованың ұлы. Мұны Қазақстан қор биржасы жариялаған құжат растайды.

Одан кейін келген құрылтайшы Рүстем Исеновтің де Жақсыбековтер бизнесіне қатысы бар. Қазақстан қор биржасының дерегіне сәйкес, Исенов 2017 жылы "Цеснабанк" инвестор болған, зейнетақы жарнасын жинаумен айналысқан "Республика" қорының 64 пайыз акциясына иелік еткен.

Сол кезде "Республика" қорының 10 пайыз акциясына иелік еткен Ержан Төлеубеков есімді азамат 2020 жылы "Астана тұрақ кеңістігі" құрылтайшысы атанады. Төлеубеков те Жақсыбековтер отбасына тиесілі бірқатар компанияда істеген, 2007-2012 жылдары "Цеснабанк" директорлер кеңесін басқарған. Исенов пен Төлеубеков екеуі құрылыс жобаларын қаржыландырумен айналысқан Alfa Properties дейтін компанияның акционерлері қатарында болды.

Астанада ақылы тұрақта көлік азайды (10 қаңтар, 2017 ж.)

2018 жылы банкрот болған "Астана Капитал Инвест" инвестициялық компаниясын Арман Бәтпен басқарған кезде оның директорлар кеңесінің жетекшісі Ержан Төлеубеков болған. Төлеубеков түрлі кезеңде "Астана тұрақ кеңістігіне" тікелей де, "ДТМ 2021" компаниясы арқылы жанама түрде де иелік еткен.

Ал 2022 жылы "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы небәрі 10 күнге Гаухар Жамантаева есімді адамның атына өткен. Ол – Ержан Төлеубековтің әйелі. Мұны да Қазақстан қор биржасы жариялаған құжат растайды.

Кейін компания Шыңғыс Досыбаевтың атына өткен. Қазір, ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда, "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясының жалғыз құрылтайшысы осы адам – Шыңғыс Досыбаев. Ол Төлеубековтің әйелі Гаухар Жамантаевамен бірге "ДТМ 2021" компаниясына иелік етеді.

Жақсыбеков Астана әкімі болған 2015 жылы қалада көлік тұрағы тапшы екенін айтып, егер жанында автотұрақ болмаса ешбір тұрғын үй кешенінің құрылысы қабылданбайды деп мәлімдеген. Кейін оларды уақытша пайдалану уәкілеті "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясына өткен. Бірақ әкімдікпен келісім тап сол жылы емес, 2018 жылы, Жақсыбеков қызметінен ауысып кеткеннен кейін жасалды.

Шарт бойынша, "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы ақылы көлік тұрақтарын 20 жыл бойы пайдалану құқығына ие.

ҮКІМЕТ ШАРТТЫ БҰЗУҒА ҚАЛАЙ ТАЛПЫНДЫ?

2022 жылы мамырда экономика министрлігіне қарайтын "Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы" тұрақтарды жеке компанияға беру туралы бұл келісімді сынға алып, оны тиімсіз әрі заңсыз деп атаған. Орталықтың мәлімдеуінше, Астанадағы тұрақ тапшылығын бұл компания шеше алмаған, ал паркоматтарды компания ендігі бар тұрақтарға ғана қойып шыққан. Мемлекеттік орталық автокөлік тұрақтарын Астана әкімдігінің иелігіне қайтаруды ұсынған.

Бірақ "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы бұл сынды жоққа шығарып, олардың жұмысы әлеуметтік тұрғыда маңызды әрі тұрақ тапшылығы мәселесін шешіп жатқанын айтып, алда паркинг алаңы көбейеді деген.

Компанияның жұмысына күмән туған кез жалғыз бұл емес. 2023 жылы сәуірде сол кездегі премьер-министр Әлихан Смайылов Бас прокуратура, Жемқорлыққа қарсы агенттік, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Қаржы мониторингі агенттігі сияқты мемлекеттік мекемелердің басшыларымен кездесу кезінде уәкілетті мемлекеттік органдарға Астанадағы ақылы тұрақтар жұмысын тексеруді тапсырған.

Смайылов "Астана әкімдігі мен тұрақтарды жиырма жылға алған "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясының шарты қаншалықты заңды екенін тексеру керек" деген. Бұл тапсырма орындалды ма, қандай да бір заңсыздық анықталды ма – белгісіз.

Смайылов тапсырмасының қорытындысы туралы бұдан кейін қандай да бір хабар шыққан жоқ.

Азаттық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдап, тұрақ жерлерін жеке компанияға беру мәселесін тексеру жұмысының нәтижесін сұрады. Былтыр желтоқсанның басында жолданған хатқа әлі жауап келген жоқ. Сол кезде мұндай хат Бас прокуратураға да жолданды. Олардан да хабар жоқ.

ШАРТТЫ ЖАСАҒАНДАР КІМ?

Келісім шарт 2018 жылдың 7 қарашасында жасалған. Тараптар – қала әкімдігіндегі Көлік басқармасы мен "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы. Бір қызығы, 20 жыл мерзімге бекітілген шартқа қол қойылған кезде жер учаскелері Көлік басқармасы емес, Сәулет басқармасының қарамағында болған.

Азаттық қолына түскен құжат көшірмесінде Көлік басқармасы тұрақ учаскелерін уақытша пайдалануға 2018 жылдың 19 желтоқсанында, шарт жасалғаннан соң алғаны айтылған. Яғни, Көлік басқармасы өз қарамағына кірмейтін, басқа басқарма жауап беретін жерді жеке компанияға жалға беріп жіберген. Бұл қалай деп көлік басқармасынан сұрадық.

Тұрақ ақысын төлеуге арналған автомат. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.
Тұрақ ақысын төлеуге арналған автомат. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.

"Ақылы тұрақ ретінде белгіленген жер учаскелері қала меншігінде қалады және көлік басқармасына уақытша өтеусіз пайдалануға беріледі. Бұл жер учаскелері ешқашан жеке серіктеске берілмеген, яғни тұрақтарды басқаруға өткізу – жерді сол тараптың иелігіне беру деген сөз емес. Серіктес компанияның өкілеті учаскелерді пайдалану және ақылы тұрақ орындарын ұйымдастырумен ғана шектеледі", – деп жазды Астана қаласы көлік басқармасы Азаттыққа жолдаған жауабында.

Бұған дау жоқ. Бірақ Сәулет және Көлік басқармалары арасындағы шартта "жер учаскелері қосалқы пайдалануға берілмесін" деп жазылған. Яғни, тұрақ учаскелерін уақытша пайдалануға алған Көлік басқармасының оны екінші біреуге, дәл осы жағдайда "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясына жалға беруге құзыреті болмаған.

Сәулет басқармасы бұл шарт бұзылғанын біледі, бірақ оның орындалуын қадағалауға өкілеті жоғын айтты.

Астанадағы "Северное сияние" тұрғын үй кешені алдындағы автокөлік тұрағы да ақылы түрге ауысқан. 13 қаңтар, 2025 жыл.
Астанадағы "Северное сияние" тұрғын үй кешені алдындағы автокөлік тұрағы да ақылы түрге ауысқан. 13 қаңтар, 2025 жыл.

Астана қаласы бойынша көлік тұрағына арналған жер учаскелерінің заң аясында пайдаланылуын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын жер ресурстарын басқару департаменті қадағалайды. Департамент 2022 жылы қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынысымен Астана әкімдігінің жер учаскелерін жекеменшік компанияға пайдалануға уақытша беру қаулысына қатысты тексеру жүргізіп, заң бұзу фактісін анықтаған.

Министрлікке қарасты жер ресурстары департаменті Астана әкімдігінің жеке компанияға тұрақ орындарын пайдалануға бергенін даулап, сотқа жүгінген. 2023 жылы наурызда Астанадағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот департаменттің талап-арызын қанағаттандырған. Яғни, автотұрақ жерлерін беру кезінде заң бұзылды деп тапқан.

Бірақ сол жылдың мамыр айында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы экономикалық соттың шешімін жойып, іс жүргізу тоқтатылды. Кейін департамент Жоғарғы сотқа да жүгінген. Бірақ кассациялық шағымы кері қайтарылған.

"Заң бойынша сот шешімдері мемлекеттік мекемелерге, жеке тұлғаларға, бәріне ортақ қой. Жоғарғы соттың шешімі болғаннан кейін біз онымен келісуге мәжбүрміз. Қосымша талқыламаймыз. Солай қабылдаймыз", – деді Астана қаласы жер ресурстарын басқару департаменті өкілі Айдын Молдағалиев.

Астанадағы ақылы автотұрақ. 17 шілде, 2023 жыл.
Астанадағы ақылы автотұрақ. 17 шілде, 2023 жыл.

Астанада тұрақ ақысы – сағатына 100 теңге. Жалтарған жағдайда 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 2025 жылғы есеп бойынша, 12 мың теңгедей айыппұл салынады. Айыппұл тікелей бюджетке түседі.

Bes.Media басылымының жазуынша, 2018 жылдың қарашасынан 2022 жылдың желтоқсанына дейін қаладағы тұрақтардан түскен табыстың 5 пайызын – мемлекет, 95 пайызын "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясы алып отырған. Ал 2022 жылдың аяғынан 2038 жылдың қараша айына дейін табыстың 25 пайызы – республикалық бюджетке, 75 пайызы – "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясына түсіп тұрмақ.

АҚЫЛЫ ТҰРАҚТАРДЫ БАСҚАРУ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Тұрақтың ақылы екенін арнайы белгі және тұрақ орны сызылған көк сызық арқылы білуге болады. Сондай-ақ кей тұрақтар жанында төлемді жасау нұсқаулығы ілінген белгі не паркомат тұрады. Десе де, азаматтар кейде тұраққа көлігін қойғанда белгіні байқамай қалатынын айтады. Әсіресе, қар тазаланбай тұрғанда көк сызықтың бар не жоғын анық көру мүмкін емес.

Былтыр қазанда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қоғамдық орындарда тегін тұрақты көбейтуді ұсынған. Одан бөлек, депутат ақылы тұрақтардан түсетін табыстың кемінде 90 пайызын мемлекет алып отыруы керек деді.

"Астанада, әсіресе Ботаника бағы сияқты көпшілік орындарда ақылы автотұрақтарды енгізу қала тұрғындарының наразылығын тудырып отыр. Ақылы тұрақтар көк сызықтармен белгіленген, адамдар сағатына 100 теңге төлейді. Жүргізуші белгіні немесе жолақты байқамай қалса, шамамен 5 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады", – деп жазды депутат өз Telegram-арнасында.

Ақылы көлік тұрағы. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.
Ақылы көлік тұрағы. Астана, 17 шілде, 2023 жыл.

Кейінгі жылдары тұрғын үйлер жанындағы тұрақты ақылы ету үдерісі жиіледі. Мысалы, әлеуметтік желіде тараған видеода Астанада тұратын адам тұрғын үй жанындағы тұрақтардың ақылы түрге ауыстырылғанына наразылық білдірген. Былтыр тамыз айында астаналық азамат ақылы тұрақ ақысын бірден төлеу талабын өзгерту керек деп петиция жариялаған. Өтініш беруші тұрақ ақысын төлеуді ұмытқан жағдайда кейін төлеу мүмкіндігі қарастырылуы керек деген.

Петиция тұрғындар арасында қолдау таппады.

Астана қаласының әкімі де жақында қаладағы автотұрақ мәселесіне шағым жиі түсетінін айтты. Жеңіс Қасымбек былтыр желтоқсанда "мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарты жуырда қайта қаралады" деді.

"Біз осы компаниямен ары қарай жұмыс істейміз бе, істемейсіз бе – бір шешімге келеміз деп жоспарлап отырмыз. 2-3 айдың ішінде бір шешімге келеміз. Бұл компания ары қарай қалада жұмыс істемеуі мүмкін", – деді қала әкімі.

Азаттық "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясына телефон шалып, оның өкілімен сөйлесті. Бірақ ол адам өзінің кім екенін айтқысы келмеді және әкімнің "бұл компаниямен ары қарай серіктес болу-болмау мәселесін қарастырып жатырмыз" деген мәлімдемесі туралы сұрақтарға да жауап бермеді.

"Біз мұндай мәліметке анықтама бере алмаймыз. Өйткені бұны қалалық әкімдік айтып отыр", – деп компания өкілі сөзін қысқа қайырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG