Accessibility links

«Ресейге қарсы» 20 БАҚ-тың тізімі жарияланды


Кремльдің "қара тізімінде" «Дождь ТВ» екінші тұр.
Кремльдің "қара тізімінде" «Дождь ТВ» екінші тұр.

Кремльге қарасты сайт «Ресейге қарсы» БАҚ-ты анықтайтын компьютерлік бағдарлама жасап шығарды. Қазір 20 шақты ақпарат құралы «қара тізімге» кірді.

Кремльге бағынатын Pravda.ru медиахолдингіне қарасты politonline.ru сайты "Ресейге қарсы баспасөзді" анықтайтын компьютерлік алгоритм жасап шығарды. Бұл бағдарлама арнайы сөздер мен тіркестер арқылы Ресей мен оның Украинадағы әрекетін жағымсыз түрде сипаттайтын баспасөз құралдарын анықтады.

АНЫҚТАУ ӘДІСІ

Жүйе «аннексия», «аншлюс» және «жасыл адамдар» (Ресей Қырымға басқыншылық жасаған кезде пайда болған, айырым белгісі жоқ, өзін-өзі қорғау әскерлерін айтады – ред.) сияқты сөздерді теріп шығады.

Сөйтіп наурыз айында төмендегі баспасөз құралдары «антиресейлік» БАҚ деп танылды. Бұл 20 БАҚ-тың тізімі наурыздың 31-і күні politonline.ru сайтында жарияланды. Олар:

1 . «Эхо Москвы»
2 . «Дождь ТВ»
3 . «Новая газета»
4 . The New Times
5 . Newsru.com
6 . Радио Свобода
7 . РИА «Новый Регион»
8 . Slon.ru
9 . «РБК» және «РБК daily»
10 . «Ведомости»
11 . «Сноб»
12 . «Росбалт»
13 . «Грани.ру»
14 . «Ежедневный журнал»
15 . Lenta.ru
16 . «Коммерсантъ»
17 . «Русский Журнал»
18 . Ресейлік Forbes
19. Znack.com
20 . «Московские новости»

Теріс пікір жариялағаннан бөлек, аталған БАҚ кейбір ресейлік саясаткерлерді фашистерге теңеген, Ресейдің Украинадағы әрекетін «агрессия» деп сипаттаған, Ресейді оқшаулауға немесе оған санкция салуға шақырған, «Еуромайдан» шерушілері мен Украинадағы әсіреұлтшыл «Оңшыл сектор» қозғалысын қолдаған.

Ресейшіл күштерді - «сыпайы адамдар», Ресей әрекеттерін «Қырымды қолдау» деп суреттейтін тіркестер тізімдегі 20 БАҚ-тың сөздік қорынан табылмаған.

ҚАРА ТІЗІМ

«Эхо Москвы», «Дождь ТВ» және «Новая газетамен» басталған тізім Ресейдің азайып бара жатқан оппозициялық ақпарат құралдарының анықтамалығы іспеттес. (Азаттық радиосының Орыс қызметі бұл тізімде алтыншы орында тұр).

Александр Дугин.
Александр Дугин.
Бір алаңдайтын жайт – бұл рейтингті кейбір Кремль саясатын жақтаушылар «жоюға лайық БАҚ тізімі» ретінде қарастырады. Консерватор саяси кеңесші Александр Дугинді осы аптада «Foreign Affairs» басылымы «Путиннің миы» деп сипаттады. Ол Facebook парақшасында бұл тізім жайлы «Ресейдегі ең оңбаған басылымдарды жабу (шетелдік сайт болса, бұғаулау) ретін көрсетіп берді» деп жазды.

Мұндай тізім мен Дугиннің ұсынысы Ресейдегі еркін баспасөз қолдаушыларын тіксінтіп тастады. Президент Владимир Путин Кремльге бағынатын баспасөзге бәсекелес болып отырған ақпарат құралдарын біртіндеп азайтып келеді.

Билік 2012 жылы Ресейдегі халық наразылығын тікелей эфирден таратқан танымал «Дождь ТВ» телеарнасын кабельдік тарату желісінен шығарып тастады. Қазір бұл телеарна жұмысын жалғастыру үшін қаражат жинауға мәжбүр.

Lenta.ru жаңалықтар сайты Ресейдегі шынайы ақпарат беретін, кәсіби ұжым саналатын. Наурыз айының ортасында сайттың бұрынғы редакторы мен бірнеше ықпалды қызметкерлері жұмыстан қуылды. Олардың Украинадағы «Оңшыл секторға» қатысты материалы «экстремистік мазмұндағы мақала» деп танылды.

«Ведомости» газеті МГИМО профессоры Андрей Зубовтың Путиннің әрекетін фашистік аншлюспен салыстырған мақаласын жариялағаны үшін айыпты болды.

Ресейдің ірі мемлекеттік жаңалықтар агенттігі «РИА-Новости» көзқарасын ашық айтқаны үшін Кремльдің баспасөзбен байланыс маманы Дмитрий Киселевтің бақылауына алынды.

(Дейзи Синделардың мақаласынағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG