Мәдениет және ақпарат министрлігі "Власть" сайтына елтаңбағы өзгерту мәселесі жақын арада қарастырылмайтынын мәлімдеді. Министрліктің жауабында елтаңба ауыстыру "күн тәртібінен алынып тасталғаны" жазылған.
15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елтаңбаны өзгерту туралы ұсыныс айтқан. Президент елтаңбаны "кеңес заманындағы гербке ұқсататындар" бар, "тым эклектикалық, күрделі" деп санайтындар да кездеседі деп мәлімдеген.
Тоқаев ортақ келісімге келген жағдайда арнайы комиссия құруды, қоғамдық талқылау өткізуді, жаңа елтаңба жобасына ашық байқау жариялауды ұсынған. Бірақ кейбір адам елде басқа мәселелер тұрғанда елтаңбаны ауыстыру артық шығын деп сынға алған.
Сәуірдің басында қаржы министрі Мәди Такиев елдегі тасқынға байланысты елтаңбаны ауыстыру мәселесін кейінге қалдыру керек деп мәлімдеген.
Қаржы министрлігі "Власть" сайтына берген жауабында мәдениет министрлігі биыл елтаңбаны ауыстыруға қосымша ақша сұрамады деген.
Қазіргі елтаңба 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен марқұм Шот-Аман Уәлиханов.
ПІКІРЛЕР