Accessibility links

Айдос Садықовты Киев маңындағы мұсылман зиратына жерлейді


Айдос Садықов
Айдос Садықов

Қазақстандық оппозиция белсендісі, журналист Айдос Садықовты жұма, 5 шілде сағат 9-да (Астана уақытымен таңғы 11-де) Киев облысы Чайки ауылындағы мешітте ақтық сапарға шығарып салады. Бұл жөнінде оның әйелі Наталья Садықова Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

"Сағат 10.30-да жаназа намазын оқиды. Айдосты жақын маңдағы мұсылман зиратына жерлейді", – деп жазды ол.

Айдос Садықовты 18 маусымда Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсендіге ота жасалды. 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан Садықов 2 шілдеде көз жұмды.

Украина бас прокуратурасы Садықовқа жасалған қастандыққа күдікті екеу – Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деді, олар – Қазақстан азаматы. Күдіктілер қылмыс жасалған күні Украина аумағынан шығып кеткен. "Молдова: Актуально" телеграм-арнасы олардың 19 маусымда Молдова астанасы Кишиневтен Антальяға (Түркия) ұшып шыққанын жазды. Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған. Астана күдіктіні Киевке бермейтінін айтты. Қаратаевтың қазір қайда екені белгісіз.

Журналистің әйелі Наталья Садықова 4 шілдеде күйеуі "зұлым Тоқаев режимінің қолынан" көз жұмғанын жазды. Садықова бұған дейін шабуылды "саяси қастандық" деп атап, оған "президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырыс берді" деп санайтынын айтқан.

Тоқаев Садықованың айыптауларына байланысты пікір білдірмеді. Наталья "Бәсе" арнасы Тоқаевқа көзге шыққан сүйелдей болды" деген, президенттің баспасөз хатшысы мұны жоққа шығарды. Парламент сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев "Киевте жасалған қастандық артында Қазақстан билігі тұр" деген мәлімдеменің бәрі "шындыққа жанаспайды, бұл арандату және өсек-аян" деген.

"Суспiльне Крим" басылымының жазуынша, Киев облысының Чайки ауылында 2020 жылы Қырым татарларының "Бірлік" мәдени орталығы ашылған. Оның аумағында мешіт бар. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Чайки ауылында шабуылдан үлкен өрт болған.

4 шілдеде Алматыда белсенділер Украинада қастандықтан көз жұмған Айдос Садықовты еске алуға қаладағы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткішке жиналмақ болған, полиция оған рұқсат етпеді. Таңертеңнен бастап саябақтың ішінде арнайы техникалар тұрды, қолына күрек, сыпыртқы ұстаған жұмысшылар ағаштың бұтақтарын жинап жатты. Саябақтың жан-жағында полицейлер мен азаматтық киім киген адамдар да толып жүрді. Еске алу жиынына бармақ болған белсенді Абзал Достияровты таңертең полицияға шақырып, ескерді жасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG